понедельник, 6 мая 2013 г.

Бір ру ел тарихы немесе Хобда бетіндегі Жағалбайлылар

Бір ру ел тарихы немесе Хобда бетіндегі Жағалбайлылар

Жағалбайлы руы негізінен Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтыны баршаға мәлім. Олар еліміздің батысын қоныстанған көне ру. Жалпы тарихта Жағалбайлы атаулы мемлекет болғаны белгілі. «Жағалбайлы жалпақ ел» атануыда тегіннен тегін болмаса керек.
Осы рулы елдің біразы Монғолия мемлекетінің Хобда бетін 19 ғасырдың орта тұсынан бері мекен етіп, ұрпақ өрбітіп келеді. Баян-Өлгий аймағы Улаанхус (Қызыл қайын) сумынына қарасты Соғақ деген жерде Баянтаудың баурайында Түкпіркөл атанған шұрайлы мекен бар. Жазда ел жайлауға кеткенде сол көлді құстар мекен етсе, қоңыр күзде ел етекке түсіп, күзеуі мен қыстауы болар құтты қонысы. Түкпіркөлдің Баянтау жақ жиегі негізінен сол Жағалбайлы мен Уақ, Шеруші руларының қонысы.
Монғолиядағы Жағалбайлылар Баян-Өлгий қаласында, Улаанхуус сумынында, негізінен Соғақ, соның ішінде Түкпіркөлде жиі шоғырланған. Жазғы жайлауы Баянтаудың басы болып келеді. Тек бір екілі үй ғана Алтанцөгце сумыны мен Монғолияның өзге аймақтарында жұмыс барысымен қоныстанғаны болмаса, негізгі ата қонысы осы Соғақ өлкесі.
Сонау Қазақстанның батысындағы Жағалбайлының жұрнағы онда неғып жүр деген сұрақ туындау заңды. Тіптен бұл жағалбайлыларды «Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтын Жағалбайлылардан емес, Шеруші руы мен Төлектен, және Найманның қызының баласынан тарайтын ұрпақ, Жағалбайлы Бақаттың Наймандардан сатып алған баласы» дейтіндер де табылады. Бірақ, Монғолия қазақтарындағы Жағалбайлылар: «Біз Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтын Жағалбайлымыз»,-деген ұстанымнан жаңылған емес.
Негізінен Монғолия жағалбайларының нақты Жағалбайлы руынан екендігі даусыз. Бұған дәлел де, дәйекте бар. Қазақ деген халықтың басынан небір ауыр қасірет пен қайғылар өтпеді. Жалпы Монғолияға қазақтар Қытайдың Алтай өлкесінен барғаны мәлім. Ал Алтай өлкесіне қазақтардың қалай қоныс тебуін айтып жатудың өзі артық болар. Жаушылық заманда үдіре көшкен Керейдің Сыр бойына одан соң батысқа Ор өңіріне барып, онда да қоныстай алмай қайта 1760 жылдар шамасында шығысқа көшкеніне тарих куә. Шығысқа бет алған Керейге жолай басқа да рулар мен тайпалар ере көшеді. Бұған дәлел сол Баян-Өлгий өлкесін мекендеген Орта жүзден Уақтың және де Төрелер мен Қожалардың тағы да басқа рулардың болуы. Бұл жөнінде белгілі ғалымдардың шығармаларында, жазбаларында айтылып кеткен. Жағалбайлының ол өлкеге қоныстануы да осы себептен болса керек.
Жалпы жағалбайлының Монғлияға келу тарихы өте күрделі болып келеді. Бұл жөнінде жазба деректер де жоқ. Тек ұрпақтан ұрпаққа көне көз қарттардың тарататын шежірелерінен ғана мәлім. Бұл үрдіс жалпы қазаққа тән. Монғолия жағалбайларының шежіресін негізінен Көксеген мен Махмет деген екі шалдан басқа анық білер адам жоқ дейді қарттар. Өкінішке орай ол екі адам да елеусіз дүниеден өтті. Оның үстінде социалистік қоғамда тегін тектейтін ешкім болмады. Әйтеуір қазақ па қазақ болып жүре берді.
Жалпы ондағы жағалбайлыларды Шерушінің Бақат батыры тауып алған бала деушілер бар дедік. Ал ол неғылған бала?.. Шерушінің жағалбайлыны өзінен тарататыны осыдан басталады. Айдаладан табылған баланың ата-анасы, ағайын-туысы болмауы, тегі-руы болмауы мүмкін емес. Ол бала ғайыптан пайда болуы да санаға сыймайды. Осы жағалбайлы руының негізгі тарихы жайлы ел аузында бір екі пікір бар. Енді осы әңгімеге бұрылсақ.
«Бірде Бақат батыр жау шауып кеткен ауылдың үстінен түседі. Жау ауылдағы барлық тірі пендені қырып кеткен екен. Өртке оранған ауыл, қырылған жұрт. Ішінде жүкті әйелдер мен жас бала, қарттар да бар. Яғни, бір ауылдан тірі пенде қоймай қырып кеткен. Ауылдың ауыр қайғысының үстінен түскен Бақат батыр жылаған баланың дауысын естиді. Қасындағы сарбаздарымен баланың даусы шыққан жаққа бет алады. Ауылдан алыстау бір жарқабақтың астынан бір ересек бір кішкентай екі баланы тауып алады. Бақат батыр баланы уатып, атым кім, кімнің баласысын, тегін кім деп сұрайды. Сонда тілі жаңа ғана шыққан ересегі тұрып: «Жағалбайлы» деп жауап беріпті». Одан әрі бұл тарих былай өрбиді: «Жау шапқан ауылдан тауып алған екі баланы Бақат батыр өз үйіне әкеледі де қамқорлыққа алады. Ересегіне Жағалбай, кішісіне Жағабай деп ат қояды».
Көне көз қариялардың айтуы бойынша Жағабайдың тағдыры белгісіз. Одан ұрпақ болмаған. Ал Жағалбайдан біз тараймыз. Сол Жағалбай ер жеткен соң Бақат батыр оған еншісін бөліп беріп, бөлек отау етіп шығарады. Жаңа айтып өткенімдей Бақат Жағалбайға еншісін бергенде таңбасын да бергені анық. Бұл жалпы қазаққа ортақ дәстүр. Бақат батыр баланың қайдан шыққаның, тегін жақсы білген. Оған Жағалбайлының Айбалта таңбасын беріпті. Жағалбайлылардың біз «Кішіжүзбіз, Жетіруданбыз, Жағалбайлымыз» деуінің енді бір дәлелі осы.
Ал Найманның қызының баласы деуінін негізі, сол Жағалбайлы ер жетіп Найманның қызына үйленеді. Бірақ, қалай екені беймәлім Жағалбай өледі де наймандар қызын баласымен алып кетеді. «Қазақта жесір дауы мен жер дауы» деген үлкен іс болған. Қазақ жесірін қанғытпай, жетімін жылатпаған ел. Жағалбай өлген соң найманның қызымен бірге кеткен бір ата ұрпағын кері қайтарып алу Бақаттың басты мақсаты болған. Баланы қайтарып алмақ үшін Бақат наймандарға барып баланы сұрайды.
Сол кезде Шеруші руы бойынша Бақат батыр да ма, әлде басқа біреуде ме әйтеуір «Ақберен» атты жалғыз мылтық болса керек. Наймандар баланың өтеуіне сол мылтықты сұрайды. Шерушілер мылтықты беріп баланы қайтарып алады. Міне осы жерде Жағалбайдың «найманның қызының баласы немесе наймандардан сатып алған бала» делінуі осы болса керек. Баланы мылтыққа сатып алғандығы жөнінде Шеруші руынан Мыса деген адамның жазған шежіресінде кедеседі. Жалпы осы күнге дейін Монғолия жағалбайына басында айтқанымдай Шеруші руынан тарайтын біраз рулар таласып келеді.
Бұл аңыз-әңгіме қаншалықты ақиқатқа жақын екендігін бір Алла біледі. Өйткені сонау Ор өңірінен тек бір ауыл, немесе бір-екі үй ғана көшіп барып, түп-тұқиятымен құрып кетуі де мүмкін емес. Солай болған күннің өзінде, айтылған аңыз-әңгіменің желісі бойынша да Монғолиядағы жағалбайлылардың түп-төркіні Жетірудан екендігі аңғарылып тұр.
Бұл арада Шерушінің Бақат батырының даналығы мен көрегендігі, жанашырлығы өте жоғары екендігі көрінеді. Торғайдай тозып, шартарапқа шашылған исі қазақ баласының бір ұрпағы болса да, аз үйдің өз тегін ұмытып, өзге руға сіңіп кетпесін, жер бетінде өз тегін ұмытпай өмір сүрсін деген ұлы ісінің бір көрінісі.
Қалай болғанымен де Моңғолия жағалбайлыларының арғы тегі Кіші жүз, оның ішінде Жетіру, одан тарайтын Жағалбайлы ұрпағымен қаны бір екендігі ақиқат. Оған нақты тағы бір дәлел таңбасы. Бүгінге дейін сол жағалбайлылар түйе, жылқы, сиыр сынды ірі малдарына тұмар таңбасын, ал қой, ешкіге аша таңбасын басып келеді.
Тұмар таңбасы дегеніміз бұл үшбұрышты таңба. Яғни, балтаның басы. Қариялардың айтуы бойынша бұрын бұл таңба сапты балта негізінде басылып келген. Бертін келе малға басқанға оңтайландырып тұмар болдырған. Айбалта таңбасы Жағалбайлардың көне таңбасы, ал аша таңба Таналардың таңбасы екендігі мәлім. Бұл екі таңбаны монғолия қазақтарында, соның ішінде Соғақ өлкесіндегі қазақтардан Жағалбайлылардан басқа ешкім баспайды. Тек монғолдардың бірен сараны ғана басып жүр.
Ендігі бір сұрақ Жағалбайлылар тек Хобда бетінде ғана ма? Бұл жөнінен тағы да ауыз толтырып айтар дәлел де жоқ. Тек Қытайдың Алтай өлкесінде де жағалбайлылардың ұрпағы тұратындығы ел аузында айтылып жүр. Олар өздерін Найманбыз дейтін көрінеді. Бұл аз рудың ұлы руға сіңісіп кеткендігінің көрінісі. Бірақ, олардың не үшін найманбыз дейтіндері түсініксіз. Мүмкін Памир асып, шашылған құмалақтай болып өзге шет елге асқан қазақтардың арасында да жағалбайлылардың ұрпағы кетпесіне кім кепіл. Мүмкін олардың ұрпақтары бүгін өздерін жағалбайлы екендіктерін білмейтін де шығар.
Бұл екі көріністің де өзге елдегі Жағалбайлылардың тегін сақтап қалуы үшін қаншалықты ауыр болғандығын көреміз. Бірі өзге руға сіңісіп кетсе, бірі әзер деп қариялардың арқасында тегін сақтап қалған.

Комментариев нет: