вторник, 7 мая 2013 г.

Бетке алып көшейікші Сарыарқаны

Бетке алып көшейікші Сарыарқаны

Өлеңнің авторы Базарқұл Есентай есімді Тай-Андық азамат екені көрсетілген. Атажұрттан алыста жүрген азаматтың әкесіне жазған хатын назарларыңызға ұсынамыз.  Ассалаумағалейкум, асқар белім,
Айдыны толқын атып жатқан көлім.
Томағамды тек өзің тартпағанда,
Өз тілімді өзіңдей сақтар ма едім?

Үйде әке, ал сыныпта ұстазым ең,
Өз қолыңда өсіп ем, ұшталып ем.
Қайырылып өзіңе қарап тұрмын,
Кеше ғана тұғырдан ұшқан ұл ем.

Жатыр ма қымтанып қар шағын ауыл?
Күйкі тірлік шаруаның халі де ауыр.
Сібір емес, Шығыстың шыңдарынан,
Соққан шақта сұрапыл қарлы дауыл.

Түлкі таңдар атты ма мың құбылып?
Құмға сіңіп кешегі қырмызы үміт.
Келімсектер керіле кердең басып,
Аралап жүр ме елді зыр жүгіріп?

Саялы бақ, сары жайлау тор ішінде,
Байлық қуып басшысы жең шінде.
Тамырдағы қанымыз сияқтанған,
Ауыз салды-ау ақыры сері тілге.

Үйден шығып мектепке барарыңда,
Жүрісінен жаңылар қадамың да.
«Лаушы хау»* деп қасыңнан өте шыққан,
Ұлт ертеңі деп білер қарап ұлға.

Ел басынан бақ тайған күнде мүшкіл,
Көкірегіңді білемін мұң керіп тұр.
Тұлымды ұл мен бұрымды ботакөз қыз,
Кетті міне алдыңда күрмеліп тіл.

Білдірмейсің, әй, бірақ сезіп тұрмын,
Арман қалды астында өліп қырдың.
Ағарту деп ағарған самайлар-ай,
Жүрсіңдер-ау шеп іші көріп сүргін.

Кейбіреулер сағыңды сындыра алмай,
Бөгде ойды бөркіңе сидыра алмай.
Таудай тұлғаң қақпадан кіріп кетіп,
Босағада қалды ма тіл кіре алмай?

Торласа да күнін бұлт, түнін ызғар,
Қазақпыз ғой тілімыз, дініміз бар.
Бұл ортада омалып жата беріп,
Сора алмаспыз, белгілі, түбі біз бал.

Әз жаныңды жапа мен азап мүжіп,
Өсірдің ғой сен мені ҚАЗАҚ қылып.
Әке жолын қуамын, немереңді,
Мәңгүрттікке қимаймын қарап тұрып.

Салқын ауа айналып жүріп бір дем,
Шағыңда үйге қайта ұлып кірген.
«Ата» деп шықсыншы алдан немереңіз,
Бабамыздың мирасы тұнық тілмен.

Жігітпін ғой бұйырар ерге несіп,
Есіктегі басымыз төрге жетіп.
Әке, шешім жасашы, берік бекіп,
Жетейікші аманда елге көшіп.

Ұлтымыздың атты онда адал таңы,
Бетке алып көшейікші Сарыарқаны.
Өз Отанын іздеген өз баласын,
Отанымның қарсы алар бар алқабы.

Мен ҚАЗАҚПЫН! Өз ұлың. Түбім – түрік!
Сан зұлматты заманнан тілім тұнық.
Мен ҚАЗАҚПЫН! Жат жұртқа бодан болған,
Ақордалы, көк тулы тұғыр тұрып.

Мен ҚАЗАҚПЫН! Ботасы боз інгеннің,
Аспаннан бұлт кетпеген, күзімнен мұң.
Дүниенің жотасы Гималайда,
«Елім-ай» деп егіліп көз ілгенмін...

Мен осындай жалғасы еркіндіктің,
Тілін еміп халқымынң дертін жұттым.
«Әке көрген оқ жонар» душы еді ғой,
Қажеті жоқ ұлыңа ез тірліктің!

Көшейікші! Отанға жетейікші!
Мәңгілік ҚАЗАҚ болып өтейікші!

Комментариев нет: