Тәуелсіздікке қызмет ету – әр қазақтың борышы

Осы мемлекеттер сияқты Қазақстан да кештеу болса да ХХ ғасырдың соңына таман өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. 1991 жылғы 16 желтоқсан күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялағанда, жақсы білемін, Қытайдағы қазақтардың қуанышында шек болған жоқ, олар өздерінің көктен тілегенін жерден тапқандай шаттанды. Қандастарымыз Қазақстанның тәуелсіздігінен халқымыздың жарқын болашағын көргендей болды, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бар үмітін артып, ізгі тілеуін тіледі.
Қазақстан тәуелсіздік алды, ендігі жерде ұлттық тәуелсіздікті нығайтуға, дербес мемлекетін дамытуға әрбір қазақ өзінің ақыл-парасаты мен күш-қайратын қосуға борышты деп түсіндім өз басым. Жай түсініп қана қойған жоқпын, Қазақстанға келіп еңбек етуге шешім қабылдадым. Ол кезде мен Қытай Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясында институт директорының ғылымға жауапты орынбасары, ҚХР жастар сыйлығының лауреаты едім. Оның үстіне екі жылға Жапонияға барып, ондағы әріптестеріммен бірлесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісіп қойған болатынмын. Бірақ мен елім тәуелсіздік алып жатқанда Жапонияға барып қайтейін дедім де, 1992 жылы қарашада Алматыға келдім. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясынан шақырту алып, 1993 жылы сәуір айында елге қайта оралып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторант болып орналастым. Ол кезде қоғам өзгеріп, ақша ауысып жатқан, халық азық-түлік, тауар тапшылығынан абдырап қалған, көптеген жастар ғылымнан саудаға кетіп жатқан кез еді. Бірақ мен өзімнің мамандығым бойынша еліме үлес қоссам деген ұстанымнан таймадым, саудаға бармадым, кездескен қиыншылықты «көппен көрген ұлы той» деп есептедім. Шынымды айтсам, елге келген қуаныштың әсері ме, ол кезде пәлендей қиыншылықты сезінген де жоқпын.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми зерттеуімді жалғастыра жүріп, 1993-1996 жылдары Абылай хан атындағы Әлем тілдері университетінде жапон тілінен қазақ тобына дәріс бердім. Бұл Қазақстанда қазақ тілінде жапон тілін оқытқан алғашқы курс болды.
Маған Қазақстан Республикасының Заңы бойынша ғылыми дәрежелер қорғауға тура келді. Сонымен 1995 жылы сәуір айында «Қазақ-Қытай қарым-қатынастарының даму тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығында)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғадым. Бұл жұмыс отандық тарих ғылымында, тың деректер негізінде қазақ-қытай қарым-қатынастар тарихын жүйелі түрде зерттеген алғашқы еңбек болып саналды. 2001 жылы желтоқсан айында «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. Бұл жұмысым ҚР БҒМ Жоғары аттестациялау комитеті тарапынан 2001 жылғы «ең үздік докторлық диссертация» болып бағаланды.
Мен 2000 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде доцент, профессор ретінде оқытушылықпен шұғылданып, аспирант, магистрант және PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік етіп келемін. Қазірге дейін менің ғылыми жетекшілігіммен 14 магистрант, 4 ғылым кандидаты, 2 PhD доктор өздерінің ғылыми дәрежесін абыроймен қорғады.
Университетте ұстаздық етумен қатар, ғылыми зерттеу жұмысын да жалғастырып келемін. Қазірге дейін институттардағы әріптес мамандармен бірлесе отырып, 5 мемлекеттік грантты жеңіп алып, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргіздім. Бұлар: Қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы, қазақ диаспорасы мәселелері, қазақ тарихының өзекті мәселелері, дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелер саласын қамтиды.
Адал еңбек бағаланбай қалмайды екен. Мен конкурс бойынша 2008 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ең үздік оқытушысы болдым, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының үздік оқытушы жеңімпазы атандым.
Қазіргі Қазақстанда жеке адамдардың (индивидиумдердің) өз талантын көрсетуге, мүмкіндігін ашуға, арманын орындауға толық негіз бар деп санаймын. Мысалы, менің екі балам Үрімшіде қытай мектебінің біреуі оныншы, екіншісі жетінші сыныбын бітіріп келіп, Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы № 12 мектеп-гимназиясында оқуларын жалғастырды. Олар конкурс арқылы мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындарының бакалавриат, магистрант және аспирантурасын бітірді. Қазір магистратураны бітірген қызым Зәуре ҚазҰУ-дегі шет тілдері кафедрасында ағылшын тілінің оқытушысы, ал архитектура мамандығы бойынша аспирантураны бітірген ұлым Мардан «Қазақ атомөнеркәсіп» саласында жұмыс істейді.
Әрине, әр ұрпақтың өз арманы бар ғой. Дегенмен менің түсінігім бойынша, әрбір қазақ баласы тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін еңбек етуге борышты. Мейлі ол қай жерде өмір сүрсе де, бейне еврейлердің Израиль үшін, қытай диаспорасы – хуациаолардың қытай үшін емірене еңбек ететіні сияқты. Сонда ғана егемен еліміздің тәуелсіздігі берік, болашағы нұрлы болады.
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.
Комментариев нет:
Отправить комментарий