вторник, 21 мая 2013 г.

Қытайдағы біз тұрған жер – байырғы атамекеніміз


суретте ғалым Лев Гумилев
Ұлы даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ержүрек бабаларымыз түркілер тарихына өзіндік үлес қосқан орыс ғалымы Л. Н. Гумилевтың туылғанына 100 жыл толуына байланысты қазан айының басында қара шаңырағымыз-Астанаға көрші Қытай елінен келген қандасымыз, тарихшы, Қытай қазақтарынан«арман асуында»атты тұңғыш роман жариялаған,әрі тұңғыш Қытай тіліне аударылған Жақып Мырзаханұлымен тілдесудің сәті келген еді.
-Өзге ұлт өкілі бола тұрса да, сол кездегі қиын- қыспаққа қарамай, түркілер туралы тұщымды еңбек жазған Гумилевты қазақ халқы төбесіне көтеріп, ел жүрегі Астанадағы білдей бір білім ордасына есімін бергені әрине, сыйға сый құрмет. Ал, бес мың жылдық ұзақ тарихы бар Қытай елінде түркілер туралы қандай құнды деректер бар? Оған қай ғалымдар атсалысып, қалай кәдеге жаратты?
-Қытайдың «Жиырма алты тарих» деген ортақ атпен аталатын ұшан теңіз, аса құнды тарихи деректер жиынтығы бар. Осы тарихнамалардың тұңғышы «Тарихи жазбалардан» тартып, ең соңғысы «Чин әулеті тарихи тезистерін» қосқанда жалпы Қытай әріптерінің санағы бойынша 4018 бума, 50 миллион әріптен асады. Қазақтың арғы тегі болған еуразия көшпенділерінің тіке ұрпақтары сақтар мен ғұндар және қазақ халқын қалыптастырған ертедегі ірі ұлыстық елдерден үйсіндер, қаңлылар, аландар (кейінгі алшындар) орта ғасырлық елдерден түрік, түркеш (дулат), қарлұқ, қимақ, қыпшақ, найман, керей, уақ (оңғыт), қоңырат, жалайыр меркіт т.б туралы деректерді Қытайдағы қазақ ғалымдарының өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, көне қытай тілінен қазақ тіліне тіке аудару жолында біршама молынан таңдап, жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға түсіруі ел іші-сыртында алқауға бөленіп, халықарада (әсіресе, ҚР-дың ғылым саласында) жылы қарсы алынған еді. Міне осылайша «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректердің» бірінші кітабы 1998 жылы, екінші кітабы 2003 жылы баспадан шықса, үшінші кітабы биыл баспадан шығу алдында тұр. Алғашында төрт том болар деп жобаланған бұл ғылыми аударма еңбек енді  мөлшерлеуімізше алты том болмақ. Айтпақшы, Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді таза қытай тілі нұсқасынан таңдап аудару барысында Қытай ғалымдарынан  Шуе Зұңжың мен Тян Уи Жаңның, ал академиямыздан Қаһарман Мұқанұлы, Шадыман Ахметұлы, Шыңжан телевизиясынан Кәкеш Қайыржанұлы, Шыңжан педагогикалық университетінен Сәмудін Әлғазыұлы қатарлы қытай тіліне жетік тапсырмалық топтың  қосқан үлесі өте зор.
  – «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, қазіргі екі ел ортасындағы немесе екі ел ғалымдары арасындағы түрлі мәдени, тарихи, достық қарым- қатынастың дамуына дәнекер болған ірі оқиғалардан сөз қозғасаңыз?
-1992 жылы Қазақстан ұлттық ғылым академиясының делегациясы Қытайға ғылыми сапармен келгенде оларды Үрімжіде қарсы алу және аттандыру жұмысына Шыңжан Қоғамдық Ғылым академиясыынң басшыларының бірі – мен жауапты болған едім. Осы делегация құрамында келген Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясы тарих-этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевпен алғаш рет дидарласқанымда кәсіптес, бір- бірімізді бұрын сырттай білетіндігімізден болса керек, бейне бір көп жылдар кездеспеген достар сияқты құшақтасып, қауышып кеттік. Ол Қытайдағы қазақ тарихын зерттейтін ғалымдардан Нығмет Мыңжанұлының «Қазақтың қысқаша  тарихы» (1986-1987жж.), Су Бихай профессордың «Қазақ мәдениетінің тарихы» (1989ж. қытай тілінде) және мен жазған «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (1992ж.) қатарлы кесек ғылыми еңбектерді Қазақстан зерттеушілеріне тезірек таныстыру қажет деді. Есімде қалуынша 1994 жылы Шыңжан Қоғамдық ғылым академиясының бастығы Иаң Фарын бастаған үйірменің Қазақстанға жасаған тұңғыш реткі ғылыми сапары өте табысты болды. Сол реткі ауызекі және жазба келісімдер нәтижесінде екі елде шығатын маңызды газет журналдар өзара ауыстырылатын әрі ғылыми ауыс-күйіс жасалатын болды. Манаш аға қайтыс болғаннан кейін менің жетекшілігімдегі ғылыми тапсырмалық топ жағынан аударылып, дайындалған «Қытай тариханамаларындағы Қазаққа қатысты деректердің» 1-2 кітабын Қазақстанда кириллиця жазуында шығару жөнінде Манаш ағаның ізбасары, тарих ғылымының докторы, Қазақстан тарих ғылыми қоғамының төрағасы Мәмбет Қойгелдімен жалғасты ғылыми селбестік орнаттым. Көп өтпей келісім бойынша  «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деген атпен 2006 жылы «Өнер» баспасынан шығып, Қазақстанда ресми ғылыми айналымға түсіп, өз бағасын алды.
  -Түркілер турасында тарих беттерін ақтарған орыс ғалымы Гумилев пен қытай ғалымы Су Бихай екеуінде ұқсастық бар ма? Әсіресе, сізге таныс, біздерге таңсық болған Су Бихай туралы қысқаша мәлімет берсеңіз?
- Гумилев пен Су Бихай кезінде екі ірі елде тұрып, жалпы түрік тектес халықтар (ұлттар) мен олар жасаған өңірді зертеулер тұрғысынан ұқсастығы бар, бірақ, меніңше, олардың нақтылы зерттеуінде өздеріне тән ерекшелік болды. Гумилев жалпы байырғы этностарды, әсіресе көне түріктерді зерттеуге ден қойды. Ал Су Бихай көбінше Қытай тарихнамаларындағы «батыс өңірдің» тарихи, географиялық жер аттары, жартас суреттерді зерттеумен бірге негізгі күшін қазақтың жалпы тарихы мен мәдениетін зерттеуге жұмсады. Және бұл жағынан таңғаларлық табысқа қол жеткізді. Осы реткі ғылыми форумда кей ғалымдардың баяндамысында айтылғандай, Ресейде Гумилевты тарихшы деп мойындағысы келмейтіндер бар дегендей, Су Бихайды да мойындағысы келмейтін адамдар жоқ емес. Бірақ, бұл жағдайдың белең алуының ар жағында бақталастық, күндестік бықсып жатқан болуы мүмкін. Менің профессор Су Бихаймен тіке танысуым 1980  жылдардың бас шенінде болды. Бұл кезде ол жасы жетпіске таяған қарт еді. Мен оны сонау 1940 жылдардың орта шенінен тартып, еліміздегі қазақ халқынан шыққан әйгілі тарих ғалымы, тіл маманы, жазушы Нығмет Мыңжанұлы ағамызбен етене дос екенін жақсы білетінмін. Балаларының айтуынша, профессор Су Бихайдың өз есімі-Уаң Рыннан екен. Ал, Су Бихай бұл кісінің қаламаты екен. Кейде, Жиаң Руңжаң деген де қалам атын қолданыпты. Жиырма жылдан артық уақыт қудалауға тап болып, 1979 жылға келгенде әрең еркіндік алған ол Шыңжан университетінде оқытушы болып орналасқанында 64 жасқа келген болатын. Содан өткен жылға дейін «Батыс өңірдің тарихи географиясы» (2 том) «Қазақ мәдениетінің тарихы», «Шыңжан петроглифтері», «Жібек Жолы мен Кұсанның тарихи мәдениеті», «Ұйғыр тарихына зерттеулер» секілді жеті монографиясы және екі жүзден артық ғылыми мақаласы жарияланды. Оның баспа бетіне шыққан шығармасының өзін айтпағанда көзі тірісінде баспадан шықпай қалған, жазып болған шығармаларының өзі қытай әрпі бойынша екі миллион әріпке тура келеді екен. Бұл шығармаларының арасында көптомды еңбегі «Қазақтың жалпы тарихы» мен «Қазақ тарихындағы ардагерлер» атты шығармасы бар. Осы қажырлы ғалым 64 жасынан дүниеден көшкен 84 жасына дейінгі жиырма жылда оның  қандай қажырлы қайратпен еңбектенгенін, үш жүз мың шақырымнан артық жол басқанын, үш миллион әріптік шығарма жазу үшін қанша миллион әріптік материал ақтарғанын, қанша жүздеген еліміз және шетел зерттеушілерінің шығармасын пайдаланғанын өзіңіз межелей беріңіз. Оның Жапония, Қазақстанда ерекше құрметке бөленгені жұртқа аян. «Тәңіртаудың құпия тарихы-бір қытай оқымыстының ізі» атты арнаулы телефильмінің Жапонияда көп рет қойылуы, ал, Қазақстан жағынан «Құрмет грамотасы» тарту етілгені, міне осының айғағы.
 - Тарих сүйер оқырмандарыңызға  шоқтығы биік тұлға ретінде қай мәселені айта кетуді  парызым деп білесіз?
-Қытай қазақтары қоныстанып отырған қазіргі солтүстік Шыңжан (Тянь Шань тауының солтүстігі Еренқабырға-Боғда, Алтай, Тарбағатай, Бұратала таулы өңірлері, Жоңғар ойпаты, Іле, Ертіс, Еміл өзені аңғарлары) және Шыңжанның шығыс жағындағы қазіргі Құмыл-Баркөл өңірі тегіс тарихтағы қазақтың шығу тегіне тығыз қатысты болған сақ, ғұн, үйсін, иұзы (нұкіс), түрік, түркештердың сондай-ақ, қазақ орта жүзі мен ұлы жүзінің құрамын толықтаған найман, керей, арғын, қыпшақ, уақ, қоңырат, үйсін, жалайыр, дулат, меркіт қатарлы тайпалардың ежелгі атамекендері және олардың билік жүргізген көлеміндегі жерлер. арғы ата бабаларымызды айтпағанда, Жыл санаудан бұрынғы VII-VIII ғасырдан бастап XIII ғасырдың басына дейін ілгері-кейін осы өңірде дәурендеп, өз алдыларына ұлыстық (хандық) елдер құрған түркеш (дулат), керей, найман, қыпшақ, қарлұқ (арғын), қоңырат, уақ, жалайыр, меркіттердің қазақтың үш жүзін қалыптастырған ірі тайпалар қатарында екені әлемге әйгілі. Осылардан керей, найман, уақ, қоңырат, жалайыр, меркіт қатарлы тайпалық (хандық) елдердің XII ғасырдың соңы XIII ғасырдың басында Шыңғыс қаған жетекшілігінде күшейген монғолдар тегеурінінен жоғарыда аталған атамекендерінен айырылғаны, қазіргі Қазақстан жерлеріндегі туыстар арасына барғаны да, тарихи жазба деректер мен елі ішінденгі аңыз деректерде дәлелденген. Ендеше олардың (әсіресе, он екі абақ керей, бір бөлім найман, үйсін рулары және ішінара уақ, арғын т.б) жоңғар жойылғаннан кейін, өздерінің байырғы атамекеніне (қазіргі Шыңжанның солтүстігі мен Шығыс өңіріне) XVIII ғасырдың орталарынан бастап ілгерінді-кейінді оралуы ешқашанда жат жерге келуі емес, қайта өзінің ежелгі атамекеніне оралуы деп қараған жөн. Мен бұл көзқарастарымды 1990 жылы баспадан шыққан «Тарихи этнографиялық зерттеулер» атты ғылыми мақалалар жинағымда және 1992 жылы баспадан  шыққан «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты көлемді монографиямда жазба деректер негізінде жан-жақты дәлелдеуге тырысқан болатынмын. Демек, Қытайдағы қазіргі біз тұрған жер жат жер емес, қайта біздің байырғы атамекеніміз.
Сұхбаттасқан: Ермек ҚАНАТБЕКҰЛЫ
 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
журналистика және саясаттану факультетінің
I курс магистранты

Комментариев нет: