АРҒЫБЕТТЕГІ АҒАЙЫНДАР
Дүкен Мәсімханұлы
Шығыстағы алып көршіміз ҚХР әкімшілік жағынан 22 өлке, 5 ұлттық автономиялық өлкеге (район) бөлінеді. Онда қытайлардан (этникалық ханьзу) өзге 55 ұлт өмір сүреді. Соның бірі – қазақ ұлты. Біздің қытайдағы қазақтар деп жүргеніміз – сол Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Районына (өлке деп түсінген орынды.) қарасты Іле қазақ автономиялық облысының Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында, Санжы, Бұратала облыстарында, Құмыл аймағында, Гансу өлкесінде, Күйтiң, Шыхызы, Үрiмжi қалаларында өмір сүріп отырған екі миллиондай қандастарымыз. Ал осы қытайдағы қазақтардың ата қонысы, құт мекені есептелетін Шығыс Түркістанның солтүстік өңірі – табиғаты тамаша, жаратылысы аса көркем аймақ. Шығыстан батысқа көлбеп, көсіліп жатқан әйгілі Тәңіртауының (Тянь-Шань) терістігі мен атақты Алтай, Тарбағатай таулары ежелден бері қазақтың ата қонысы, құт мекені. Асқар басы қармен қапталып, мұзбен күптеліп жатқан осынау таулардың етегі ну орманды, бал-бұлақты, тал-құрақты, құйқалы да құнарлы топырақ. Тастай салған таяғың тал болып көктейтін бұл жерді жаратқанның егін жайға, 4 түлік малға арнап соққан даласы дерсің!
Міне осындай асты мен үсті байлыққа тұнып тұрған қасиетті топырақ ежелден бері қазақтың ата қонысы еді. Тек батыстағы Ресей патшалығы мен шығыстағы Цинь империясы қазақ даласын пышақ үстінен бөліп әкеткен күннен бастап аталған жерлер шығыстағы көршіміздің еншісіне тиіп, ондағы ел мен жер іргелі қазақ елінен бөлініп қалды. Енді осы сөзіміз дәлелді болуы үшін тарихқа жүгініп көрелік.
Өзге емес, қытайдың қазақтанушы ғалымы, профессор Су-Бейхай мырза: “Екі хань (Батыс хань мен Шығыс хань – тарихтағы қытай хандықтары – Д.М.) дәуірінде үйсіндер негізінен Іле өзені аңғарында тіршілік етті. Алайда олар ежелден бұл араның тұрғыны емес еді. Олардың ежелгі мекенінің қай жер болғаны көптен пікірталас тудырып келе жатқан мәселе. Бұл мәселені шешіп алмайынша, басқа туралы ауыз ашу қиын.
Үйсіндердің мекені жөнінде ең ескі дерек “Тарихнама ” мен “Ханнамадан” кезігеді. Үйсін патшасы Нәнді би мен оның ұлы Елжау бидің дәуірлеген кезі Чинь-Хань патшалықтарымен (б.ж.с.д.221-б.ж.с.220 жж.) тұстас келеді. Әуелі “Ханнамадан” Нәнді би кезіндегі үйсіндердің мекені жөнінде: “Үйсіндер, Ұлы Юзилер Дұнхуаң өңірлерінде жасайды” (“Ханнама. Батыс өңір тарауы) деген жолдарды көреміз. Әрі қарай тағы да: “Нәнді би елі мен Ұлы Юзилер Чилиян тауы мен Дұнхуаң өңірінде жасайтын шағын мемлекеттер” (“Ханнама. Жаң-Чиан тарауы ) деген жолдарды оқуға болады.
Біз бұдан Үйсіндер мен Ұлы Юзилердің о баста Дүңхуаң, Чилиан тауы өңіріне (Бүгінгі Ішкі Қытайдың Гансу өлкесі-Д.М.) жасағанын айқын аңғарамыз” -дейді өзінің “Батыс өңірдің тарихи географиясы” деген еңбегінде. (Су-Бейхай. Ши-ю-лиши-дили. -Үрімжі: Халық,1988, 1-б.)
Ал, халқымыздың тегіне қатысты басқа ру-тайпалардың да шығыс шекарасының сол маңда екені белгілі. Бұл туралы қытай тарихшылары Уаң-Миңджы мен Уаң-Биңхуа “Үйсін туралы зерттеу” деген еңбегінде былай дейді: “Ұлы Юзилердің шығыста һұндармен іргелес болған, Хыши коридорының шығысына қоныстанғаны анық. Ал екі елдің территориясы – бүгінгі Гансу өлкесі, Ниңшия дүнген автаномиялыќ өлкесі, ішкі моңғұл өңірі, Хытау өңірінің батысы және Хуаньхэ өзенінің батыс жағалауы болуы мүмкін. Ал үйсіндер Хыши коридорының батысында өмір сүрді” дейді. (Уаң-Миңжы, Уаң-Биңхуа. Үйсін туралы зерттеу. Аударған: Мұқаметқанұлы Н. –Үрімжі : Халық, 1989. 161-б).
Сақтар туралы “Шыңжаңның қысқаша тарихында”: “Сақтар бұрын Гансу өлкесінің батысындағы Дұнхуаң маңында болған көшпенділер еді. Кейін келе Юзилердің қыспағына шыдамай батыс көшіп кеткен. Олар Алтайдан тартып Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіндегі кең байтақ өңірлерде тіршілік етті” деп жазылған. (Шың-жаңның қысқыша тарихы. -Үрімжі: Халық, 1983, I-т., 21-б) Аталған еңбекте һұндар туралы мынадай деректер келтірілген: “Біздің жыл санаумыздан бұрынғы 209-жылы Мөде Чаньюйлік (Тәңірі құт) таққа отырысымен, һұндар ұшқан құстай дәуірлеп, күшейе түсті. Олар шығыста-Тұңғыстарды, батыста-Юзилерді талқандады да, оңтүстікке қарай беттеп, орта жазық (Ішкі қытай – Д.М.) өңіріне қарай ілгеріледі”.
Көріп отырғанымыздай, біздің арғы ата-бабаларымыз құрған патшалықтар мен хандықтардың шығыс жақ шекарасы, тіпті бүгінгі қытайдың ұлы қорғанынан да әрегірек жатыр екен. Оны біз емес, қытайдың өз ғалымдары көне архивтері арқылы дәлелдеп отыр.
Қытайдағы қазақтар негiзiнен осы Шынжаң өлкесiнiң Iле қазақ автономиялық облысына қарасты Алтай,Тарбағатай,Iле аймақтарының (бұл үш аймақта 22 аудан бар) негiзгi халқы – басты тұрғыны болып есептеледi. Бұдан сырт қазақтар Бұратала, Байынғол моңғол автономиялық, Санжы дүңген автономиялық облыстарында, Құмыл аймағында, Гансу өлкесiнде, Күйтiң, Шыхызы, Үрiмжi, Құлжа, Сарсүмбе, Шәуешек қалаларында, Үрiмжi ауданына шоғырлы қоныстанған. Қытайдағы қандастарымыздың жалпы саны ресми мәлiметтерде ешқашан да бiр жарым миллионнан асып көрген емес, ал бiздiң қисынды жеке есебiмiз бойынша ондағы қандастарымыздың ұзын саны екi миллионның үстiнде болуға тиiс. Сөзiмiз дәлелсiз болмау үшiн, назарымызды мына есепке аударып көрелiк, жоғарыда аталған үш аймақтағы 22 ауданның әр бiреуiнде орта есеппен 50 мың қазақ бар деп мөлшерлесек, тек үш аймақтың өзiнде ғана бiр миллион бiр жүз мың қандасымыз өмiр сүрiп отыр деген сөз. Ендi бұған қалған өңiрдегi ағайындарды қосыңыз. Осы арада бiр ескерте кетер жағдай, бiз ондағы бiр аудан үшiн орташа есеп деп алып отырған 50 мың қазақ, шынтуайтына келгенде ең төменгi көрсеткiш болып шығуы әбден мүмкiн. Өйткенi Шынжаңдағы қазағы ең көп аудан болып есептелетiн Күнесте 120 мың қазақ тұрады. Ал қазағы ең аз аудандардан 30-40 мың ағайын былай да былай табылады. Демек бiз жеке есебiмiздi “қисынды” деп тектен-текке айтып отырған жоқпыз.
Ал ол елде жасап отырған қандастарымыз іздерiнiң жоғарыда баяндалған тар жол, тайғақ кешуiнде мың өлiп, мың тiрiле жүрiп, азаттыққа қол жеткiзе алмағанымен, халықтық болмысын – тiлiн, дiнiн, дәстүр-салтын, намысы мен рухын, өнерi мен мәдениетiн мықтап сақтап қалды hәм оны өз деңгейiнде дамытып та келедi. Осы сөзiмiздiң жарқын мысалы ретiнде, қазақ тiлiнде кiтап шығаратын Бежiңдегi «Ұлттар» баспасын, Үрiмжiдегi «Жастар-өрендер», «Халық», «Ғылым-техника», «Денсаулық», «Оқу-ағарту», «Шынжаң көркемөнерi» баспаларын, Күйтiңдегi «Iле халық» баспасын; қазақ тiлiндегi «Шынжаң», «Iле», «Тарбағатай», «Алтай», «Iле өрендерi», «Күйтiң», «Құлжа кешi», «Халықаралық хабарлар» деген секiлдi газеттермен қоса, «Шұғыла», «Мұра», «Iле айдыны», «Тарбағатай», «Алтай аясы», «Боғда», «Алқап», «Ұлттар ынтымағы», «Ұлттар»(суретті жорнал), «Iле жастары», «Iле әйелдерi», «Iле спорты», «Шынжаң оқу-ағартуы», «Шынжаң қоғамдық ғылымы», «Шынжаң жоғары оқу орындары», «Көкжиек», «Оқырман өресi», «Шынжаң қоғамдық ғылымдар мiнбесi», «Шынжаң малшаруашылығы», «Тiл және аударма», «Құмыл алқабы» т.с.с. әдебиi бар, ғылымиы бар, бұқаралық-әмбебаптығы бар көптеген мерзiмдiк жорналдарды; Бежiңдегi «Орталық Халық Радиосының» қазақ бөлімін, Үрiмжiдегi «Шынжаң» қазақ радиосын, екi бiрдей күнi-түнi жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтiн «Шынжаң» телеарнасын, облыс, аймақтар орталығындағы қазақ тiлiнде хабар тарататын телевизия мекемелерiн атап айтқан болар едiк. Осы арада аталған газет-жорналдар мен телерадиолардың бәрi түгелiмен мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен жұмыс iстеп отырғандығын атап айтуымыз керек. Демек бұдан Қытайда ұлт саясатының ойдағыдай жолға қойылғандығын аңғаруға болады.
Ондағы ағайындарымыз да өздерiнiң ғылымы мен мәдениетiн көтеру жолында тынымсыз iзденiс үстiнде келедi. Бұл арада бiз жаратылыстық-техникалық саладағы қол жеткен табыстарын санамалап жатпай-ақ, ұлттың рухани дүниесiне қатысты тындырылған шаруаларына қысқаша шолу жасап көрейiкшi.
Бәрiмiзге белгiлi, бiздiң өткен тарихымызға қатысты жазба деректердiң денi көршi елдердiң мұрағаттарында сақталған. Олардың iшiндегi әрi мол, әрi байырғы, әрi бiршама жүйелiсi қытай деректерi екенiне күман жоқ. Сол елде туып-өсiп, сол елдiң бiлiмiн алып, тiлiн үйренiп, сонда тiршiлiк етiп жатқан ағайындарымыз, өздерiндегi осы қолайлылық пен артықшылықтан ұтымды пайдаланып, соңғы жылдары тұтас ұлтымызға керек, өте мағналы да, ауқымды жұмыс тындырды. Ол – «Джұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» деп аталатын бес томдық (әр томы 30-35 баспа табақ) тарихи деректер жинағы. Қытайда өздерiнiң бес мың жылдық тарихында өмiр сүрген 26 хандықтың тұтас тарихы қамтылған «26 тарих» деп аталатын жүйелi тарихи құжат бар. «Джұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерге» сол «26 тарихтың» iшiндегi халқымымыздың арғы-бергi тарихына қатысты деректер қазақ тiлiне аударылып топтастырылған. Бұл кешендi жұмыстың орындаушысы – Үрiмжi қаласындағы Шынжаң гуманитарлық ғылымдар академиясы. Жұмыс тобының жетекшiсi әрi бас редактор – тарихшы-ғалым, этнограф, ҚХР мемлекеттiк сыйлығының иегерi, көрнектi қоғам қайраткерi, профессор Жақып Мырзаханов. Тәржiмелегендер – Қаhарман Мұқанұлы (марқұм), Әбділдабек Ақыштайұлы, Шадыман Ахметұлы, Шуе-Зұңджың т.б.-да атақты аудармашылар. Бұл жұмыстың тұтас ұлтымыз үшін көкейтестілігі мен мән-маңызын түсіндіріп жату басы артық сөз болар еді. Өткен жылы (2003ж) бiзде – қазақстанда мақұлданған мемлекеттік “мәдени мұра” бағдарламасында 10 томдық «Қытай құжаттарындағы қазақ тарихына қатысты деректер» деген еңбек шығару жоспарланған. Жоспар жақсы, өте керек. Оған дау жоқ. Мәселе қалай шығарамыз? деген сұрақ төңірегінде туындайды. Біздің ғалымдарымызға Қытайлар мұрағаттарын “мә!” деп барын жайып салмайтыны беп-белгілі. Жарайды “жайып салды” дейік, кім аударады? Қалай аударады? Қанша уақытта аударады? Істі бастап кеп жіберетін болсақ, бұдан басқа да жүздеген-мыңдаған күрделі сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан ең тиімдісі қытайдағы ағайындар шығарған «Джұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді» крилл жазуына қотарып, шамалы редакциялап қана шығарсақ, уақыт та, қаржы да, қажыр да үнем болар еді. Біз бұл ұсынысымызды “Мәдени мұра” бағдарламасын талқылаған ҚР Президенті жанындағы ұлттық кеңестің кезектi мәжілісінде (2004ж.) Елбасына да құлағдар еткен болатынбыз. Ал жұмыстың қазір қай бағытта жүріп жатқанынан хабарымыз жоқ.
Бұдан сырт, қытайдағы ағайындар Қытай халқының әлемге әйгілі «Су бойында», «Қызыл сарайдағы түс», «Батысқа саяхат», «Ғұламалар шежіресі», «Коң-Фузды (Кон-Фуци) ғақылиялары», «Таң дәуірі жырлары», Лу-Шүн, Мао-Дунь, Го-Можуо, Лау-Шэ қатарлы қытайдың классик жазушыларының таңдаулы шығармалары, «Қытай тарихы», т.б.-да толып жатқан есепсіз мол дүниені қытай тілінен қазақ тіліне тәржімалап жарыққа шығарды. Аталған еңбектердің кейбіреуі оншақты томнан, көбісі 3-4 томнан, біразы жекелеген кітаптан тұрады. Осыдан-ақ біз бұл жұмыстардың қаншалықты ауқымды екенін аңғара аламыз. “Ақылың болса ойлап қара” деп татар халық жырлары айтпақшы, егер біздің ақылымыз болса, қытай тілінен аударылып дайын тұрған мол дүниені сондағы қазақ баспаларымен, қатысты мекемелермен келісіп, біртіндеп осы жақтан шығара берсек, ел ертеңi үшін үлкен игілікті жұмыс болар еді. Оның үстіне халыққа қытаймен қалай тату көрші, сыйлас дос болудың, қалай бейбiт қатар өмiр сүрудiң тамаша оқулығын ұсынған болар едік. Өйткені біз құдай қосқан көршілерміз. Шығысымызда Қытай деген алып мемлекет бар екен деп, бір жаққа көшіп кете алмаймыз. Демек ол елмен көрші болғанымыз болған. Одан гөрі біз ол елді тереңірек танып-білудің қамына көшкеніміз дұрыс. Ал бұл реттен келгенде әдеби шығарма халықты, елді танудағы ең ұтымды, ең ұрымтал оқулық екені белгілі. Айтуын айттық, қалғаны құзырлы мекемелердің басшыларының құлқында.
Қытайдағы ағайындар тек аударма саласында ғана емес, руханияттың өзге салалары бойынша да қыруар жұмыстар тындырды. Солардың бастылыарының бірі ретінде, халқымыздың фольклорлық дүниелерін жинап-бастыру жағындағы елеулі табыстарын атап айтқан жөн. Жалпы саны неше жүздеген томдарды құрайтын «Қазақ қиссалары», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «Қазақ айтыстары», «Қазақ шежіресі», «Қазақ ертегілері», «Қазақ емшілігі», «Қазақтың тарихи тұлғалары», «Қазақтың тұрмыс-салт жырлары», «Қазақ тыйымдары» т.б. толып жатқан бабаларымыздан қалған байлықты шашпай-төкпей жинап, ұрпақ игілігіне жаратып отырғанын әсерленбей айту мүмкін емес. Бұның сыртында фольклорлық-этнографиялық дүниелерді жинауға, зерделеуге арналған «Шалғын», «Мұра» атты арнайы екі журналдың жұмыс істеп отыруы қазақ баласы сүйенерлік жағдай. Бұл дүниелерді де біз сондағы қатысты мекемелермен, баспа орындармен келісе отырып, өзіміздің қолданыстағы жазуымызбен шығарып, халық игілігіне айналдырсақ, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылғандай жағдай болар еді. “Өркениет дендеген сайын фольклор өшкіндей береді” депті бір білгір. Жаны бар сөз. Осы принцип тұрғысынан келетін болсақ, Қытайдағы қазақтардың арасында әлі де ұшан-теңіз фольклорлық, этнографиялық байлықтың жатқаны шүбәсіз. Себебі Қытай қазақтары жаңаша мектепке тек XX ғасырдың 40–шы жылдарынан кейін ғана бара бастады. Қазір онда жасап отырған ағайындардың ішіндегі 60 пен 100 жас аралығындағы кісілерді көненің көзі, көшпендініҢ өзі деп айтуға әбден болады. Демек ондағы ағайындар арасында әлі де біздің бай әдеби, мәдени мұрамыз сақталып отыр деген сөз. Соның бір дәлелі ретінде Шыжаңның Алтай өңірінен соңғы жылдары табылған, энциклопедист-ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ХV ғасырда Әз Жәнібек ханның жарлығымен қағазға түсірген «Шипагерлік Баян» атты медициналық жәдігерлікті атап айтуға болады. Бұл еңбекті осы жолдардың авторы баспаға әзірлеп 1997 ж. “Жалын” баспасынан жарыққа шығарды. Бірақ, зиялы қауым баяғы қазақшылықпен, авторының географиясы мен биограсына қарады да, үнсіз, жылы жауып қоя салды. Жөн қоя салған жоқ, “жалған дүние”, “жасанды кітап” деген секілді керітартпа үгіттерін ауызша болса да таратып келеді. Ақы иесі біз, қазақтар, өстіп ит ырылжыңмен жүргенде, қытайлар ол кітаптан игіліктене бастады…
Әрине, бұл айтқандарымыздан қытайдағы ағайындар тек қытай тілінен аударма жасап, фольклор жинаумен ғана айналысып жатыр екен деген жаңсақ ұғым тумауға тиіс. Яғни ондағы ағайындарымыз ғылыми зерттеу жағында болсын, әдеби жасампаздық жағында болсын, өнердің өзге салаларында болсын ауызды толтырып айтарлық табыстарға қол жеткізіп отыр. Бұл ретте тарихшы-ғалымдар Нығмет Мыңжанидың, Жақып Мырзаханның, Жақып Жүнісұлының, Қытай ғалымы Су-Бейхайдың қазақ тарихының ақтаңдақтарынан сыр шертетін том-том зерттеу еңбектері; әдебиетші-ғалымдар профессор Ахметбек Кіршібаев, профессор Әуелхан Қалиұлы, фольклорист-ғалым Оразанбай Егеубаев, профессор С.Жанболатов, профессорлар Бексұлтан Кәсейұлы, Шәріпхан Әбдәлиұлы, тілші-ғалымдар Мәкен Ілекенов, Міркамал Жәлелханұлы, Жүнісхан Бақай, Жұматай Орынбайқызы т.б. –да Қытай еліне танымал ғалымдардың қазақ әдебиетінің тарихына, әдебиеттің өзге де әр түрлі мәселелеріне, қазақ тіліне, түркологияға қатысты еңбектері ерекше атап айтуға тұрарлық.
Ал көркем әдебиет жасампаздығы туралы, ең әуелі жоғары да аталған мемлекеттік баспалардан жылына жүздеген әдеби кітаптардың жарық көріп, 5-10 мың тиражбен тарап жататынын айтқан болар едік. Бұлардың ішінде һз кезінде бүкіл ел көлемінде дүмпу тудырған, жақсы аңыс қозғаған шығармалар ретінде «Қылмыс» (6 томдық роман, Қ.Шабданұлы), «Арман асуында», «Таңқурай» (Ж.Мырзаханов), «Зуха батыр», «Жан» (Б.Құсбегин), «Бөке батыр», «Ер Жәнібек» (Ш.Құмарұлы), «Елжау Күнби» (трилогия, С.Жанболатов), «Аң шадырын оқ табады», «Таразы» (О.Айтанұлы) т.с.с. бастаған таңдаулы романдарды ерекше атап айтуға болады. Себебі бұлардың біразы («Қылмыстан» басқасы) миллиарттардың тіліне аударылып, авторлары Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұлармен қоса өз шығармаларын қытай тілінде жазатын, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚХР жазушылар одағы басқармасының мүшесі Әкбар Мәжитұлы, Қайша Тәбәрәкқызы, Еркеш Құрманбекқызы қатарлы прозаиктер шоғырының да жемісті еңбек етіп жүргенін айта кеткен жөн. Қысқасы ол топырақ Қазақ әдебиеті пен өнерінің құнарлы өлкесі екені ақиқат. Бұл сөзімізді кешегі кеңестік кезең тұсында Қазақстанға оралған Бұқара Тышқанбаевты, Қабдеш Жұмаділовты, Құрманбай Толыбаевты, Марфуға Айтқожаны, Жолдасбай Тұрлыбаевты, Нұрқасым Қазыбековті, Ахмет Жүнісовті, Қажытай Ілиясовты, Нүкеш Бәдіғұловты, Жанболат Аупбаевты, Жәркен Бөдешовті, Несіпбек Айтұлын, Тұрсын Жұртбаевты, Тұрлыбек Мәмесейiтовті, Жанат Ахмадиұлын; Тәуелсіздіктен кейін тарихи отанына оралған Серік Қапшықбаев, Оразанбай Егеубаев, Жақсылық Сәмитұлы, Сейтхан Қалиев, Жүмәділ Маман, Дүкен Мәсімханұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Керім Елемес, Жәди Шәкен, Ермұрат Зейіпхан, Алмас Ахметбек, Ләззат Игісін, Адалбек Ахмадилерді, әсіресе Мұрат Шаймаран, Мұратхан Шоқан, Ұларбек Байтайлақ қатарлы талантты жастарды білетін жұрт біздің жоғарыдағы пікірімізге күмән келтірмеуге тиіс.
Ал өнер саласынан бұрын-соңды келген әнші Әмина Нұғманова, актриса Фарида Шәріпова, күйші Уәли Бекенов, күйші-сазгер Секен Тұрысбеков, әнші Майра Мұхаммедқызы, биші Шұғыла Сапарғалиқызы, күйші-сазгер Еркін Ергенұлы, айтыс ақыны Қайрат Құлмұхамбетұлы, әнші Гүлзира Бөкейханқызы, әнші Шәба Әденқұлқызы т.б. толып жатқан жас өнерпаздар қазақ мәдениетінің аспанын биікте де, кеңейте де түскені құпия емес.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Комментариев нет:
Отправить комментарий