Қытайдағы қазақтар жер үшін тартысып жатыр
Майда желді мамыр айының соңы еді. Еңбек демалысымды алып, жұбайыммен бірге Астанаға жол тарттық. Мақсат – тиісті құжаттарымызды дайындап, Қытай Халық Республикасына жету. Діттеген жеріміз – Іле қазақ автономиялы облысы Құлжа қаласы Текес дейтін аудан.
Астанадан Алматы арқылы біз мінген такси
түс ауа Қорғас кеден бекетіне жеткізіп салды. Шекара асуымыз бірінші
рет емес, жағдайына қанықпын, жөңкілген жұртпен бірге артынып-тартынып
жүріп екінтіге басып өте шықтық. Өзін алып айдаһар санаған Шығыстағы
алпауыт елдің бұлыңғыр аспаны мен кісінің мазасын алған у-шуы қарсы алды
бізді.
Құлжа дейтін қалаға көп кідірместен
бірден Текеске бет түзедік. Мінген қөлігіміз шу-шұрқанның арасымен лып
еткізіп ала жөнелді. Қиялымда шек жоқ, шарықтап барады – өткен-кеткен
бала күннің сағымы көз алдымда, таныс дала, таныс өлке, тек қана жыртқыш
техникалар қорыс-қопасын шығарған. Жүргізуші қазақшаңа судай ұйғыр
азаматы, жол қысқарту мақсатында әңгімеге тарттым. «Қытайдың қазіргі
жағдайы, дамуы өте жақсы» деп бастады әңгімесін. Аспай-саспай
түсіндіруге тырысып келеді. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта біраз
әңгіменің басын қайырып үлгердік. Өзі риза сияқты, бірақ маған мұнысы
ұнай қоймады. Жүрегім тыпыршып, көңілім құлазып барады. Қаладағы
қазақтардың жағдайын айтпағанда, даладағы малмен күнкөріп отырған
ұлтымның ертеңі не болмақ?
Желдей ескен дамуға ілесуді талап еткен,
бөтен тілмен қарбалас өмірге жегілген, қанымыз бір бауырларымның
жағдайын ойлаған сайын тұла бойым түршігіп барады. Санам толған қиын
сұрақ. «Есің барда – еліңді тап» дегендей, ерте-жарықта Отаныма барып
алғаныма ішімнен құдайға мың шүкіршілік етіп келемін. Негізі, менің
туған жерім осы бағытта жол алып бара жатқан Текес (бұрынғы Қызылкүре)
дейтін ауданның Үлкен Құштай деп аталатын қазақи елді мекен болатын.
Бірінші құдай, екінші Отанға деген ыстық сүйіспеншіліктің арқасында
сегіз жылдың алдында келіп, осы қазақ елінің тұрақты бір азаматы болып
та үлгергенмін. Қазақ елінде жаман емеспін, жұрт қатарлы өмір
сүрудемін.
Ал бүгінгі Қытайдағы мына жағдай мені
расында мазалай бастады. Жұбайыма желпініп жер таныстырмақ түгілі,
еңсемді басқан зіл батпан дүние бас көтертер емес, қызығушылық танытқан
сауалдарына сараңдау жауап беріп келемін. Санамды ашытқан ауыр ойдан
межелі жерге жетіп қалғанымызды да байқамай қалыппын. Текесте тұратын
жездеміздің үйіне жайғастық, амандық-саулық сұрасып, келте сөйлесіп,
ерте демалдық бұл күні. Мазасыз уақыт тағы бір таңның есігін қақты, ерте
оянып, кеше келте қайырылған амандық-саулықты толықтыра бастадық. Он
үшке толған бір баланың қабағына қараған, жұмысбасты апа-жездеміздің
жағдайлары да тым шіркін-ай емес. Реті келген бір әңгімеде біз де
кеткіміз келеді қазақ еліне деп кесіп те айтты, осыған қарағанда
қаладағы қазақтардың да жай-күйі мәз емес-ау шамасы, тегеурінді тұяғын
қытыкең жылдан-жылға батыра түскен сияқты. Көп уақыты жоқ апа-жездем
күнделікті тіршіліктеріне кірісті. Біз де тосылмай, менің табан ізім
қалған, бабаларымның басы жатқан Хантәңірі тауының бөктеріндегі ел мен
жерге тағзым етіп қайтуға жол тарттық.
Бабаларымның басы жатқан демекші, осы
жердің барлығы қазақтың тарихи ата қоныстары, кіндік кесілген жері –
бұрынғы Шығыс Түркістаны. Әркім әр түрлі айтады, бірақ, қалай айтса да,
бұл жер – қазақтікі, тарыдай шашыраған қазақтың бір пұшпағы. Жер
бөлінісіне қарай арасын ала сызық бөлді демесеңіз. Мұндағы тарихи
атаулар күні бүгінге дейін өз құнын жойған жоқ, мысалға, қазақтың сол
шетінде жау бар деп барып, бір қыс жатқан Қабанбай батыр, Бөгенбай
батыр, Райымбек батырлардың табан ізі бар онда. Бүгінде «Қабанбайдың
шоқысы» деген атпен менмұндалап тұр. Тағы да «Қазақ пен қалмақ қазан
қөмген», «Жыланкөз батыр қайтқан жер» деп айтылатын жерлер де
кезігеді...

Мен бері қайтардан бір-екі күн бұрын
жаңағы жерлердегі қазақтар бір түнде жайлауына көшіп, өкімет тартқан
торды бұзып кіріп, мал салып жатыр деп естідім. Шамасы, өкіметке өз
талаптарын қойып, жер – біздікі, күнкөріс ошағымыз деп тулап жатса
керек. Ол талаптары орындала ма, кім білсін немен аяқталарын?! Бір
қуантарлығы, олардың ауызбіршілігі! Үгіт-насихатпен келген белсенді
кадрларды қондырмау, тамақ бермеу, мініске ат ұстатпау сияқты ұрандары
бар. Кімде-кім осыларды істесе, олардың өмір бойы қуанышына қатыспау,
өліміне бармау сынды серттері бар. Кім біледі, серттен тайғандар шығып,
қайран жер көзден бұлбұл ұшпаса!. Тарихтан белгілі, қазақтар жайлаған
жер жау шақырған, біз «ол қазақтар» үшін ештеңе істеп бере алмасақ та,
жадымызда жүрсін, біле жүрейік. Тәуелсіздігімізді ардақтап, қасиетті
жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғасақ екен...
Мұқият ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайының ғылыми қызметкері
Арқалық қаласы
Комментариев нет:
Отправить комментарий