понедельник, 20 мая 2013 г.

Оспан батыр Исламұлы


Оспан батыр Исламұлы
Зерттеушілер Оспан Исламұлының туған жылына қатысты бірнеше дерек-тер келтіріп жүр. Оның туған жылына әркім әртүрлі – 1898, 1899 және 1900 жы-лы деп айтады. Оспан батырдың көзін көрген түркиялық қандасымыз Хасан Оралтай оны 1951 жылы 51 жасында атылғандығын, яғни, 1899 жылы туған деп жазады.
Ал қазіргі коммунистік Қытайда өкіметтің емеурініне қарап, кейбіреулер оны “банды Оспан” деп те атайды. Бірақ Түркия және басқа да Еуропа елдерінің көбінде оны Оспан батыр деп атайды және осы еркін елдерде Оспан батыр Исламұлының Қытайдағы қазақтарды бастап, Қытай өкіметі мен КСРО отаршыл-дарына, олардың жандайшабы қызыл Моңғолияға қарсы күрескен қаһарман-дықтары мадақталады.
            Оспан батыр Шыңжаң өлексі, Алтай аймағы, Көктоғай ауданының адамы. Сүйегі – керей ішіндегі машанның молқысы.
            Оспанның батыр атағының шығуы – 1940 жыл мен 1951 жылдар арасы. 1940 жылы Есімқан, Ырысқан бастаған Көктоғай, Шіңгіл елі Шың Шысай өкі-метіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырады. 1940 жылдың соңында Есімқан, Ырысқан Шысай өкіметімен келісімге келіп, қару-жарағын тапсырып, бітім жа-сағанда Оспан батыр қаруын тапсырмай, елден бөлініп, қашып кеткен.
            1941 жылы қыста Құбаның құмын жалаңаш коспен қыстап шыққан Оспан тобы не бары жеті-ақ адам еді. 1942 жылдың жаз маусымына ілінген соң-ақ әр тараптан, Қытай өкіметінен зорлық көріп, қашып шыққандардың қосылуымен адам саны көбейе береді. Сол жылы жазда жайлау үстінде Алтайдың теріскей бетіндегі Моңғолия өкіметі Оспанға адам жіберіп, оны қолдайтындығын біл-діреді. 1943 жылы қыста Бұлғын өзенінің Майқантас деген жерінде отырған Ос-панға И.Сталиннің нұсқауымен Моңғолия өкімет басшысы, маршал Чойбалсан барып жолығады. Бұл кездесуді ұйымдастыру кезінде КГБ генералы Ланпанг, әскери кеңесшілер Греднев, Пахомов, Кеңес Одағының елшісі Ивановтар бол-ған. Бұл туралы Моңғолдың “Ардын эрх” газеті 1995 жылы былай деп жариялаған: “Оспан әскерлеріне көмек ретінде 395 винтовка, 200 мың оқ-дәрі, 30 жеңіл пулемет, 6 ауыр пулемет, 45 автомат, 2000 гранат берді” [89]. Осы жолы Чойбалсан қазақтардың беделділерімен бірге Оспанды ақ киізге көтеріп, қазақтың ханы деп жариялайды. 6 наурызда (1944 жылы) Чойбалсан радио арқылы Сталинмен сөйлесіп, Оспанға кезігіп, жақсы қарым-қатынас орнатқандығын хабарлаған.
            Келесі 1945 жылы Оспан батыр Алтай аймағын азат етті. Бұл іске Моңғолия жағы әскер беріп көмектесті. Қазақстан тарапынан да адамдар барды. Дәл осыдан кейін Оспан батыр мен Кеңес одағы және Моңғол үкіметі арасында араздық басталды. Сталин мен Чойбалсан Шыңжандағы қарсыластарын Оспан арқылы “жуасытып” алған соң, енді көтерілісшілер көсемін тізгіндеу ісіне кірісті (біріншіден, 1945 жылы Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жетіп, Сталин КСРО-Моңғолия-Қытай шекараларындағы бүліктерге назар ау-дара бастады, екіншіден, Алтайды азат еткен Оспан батыр бұдан былай мем-лекет қауіпсіздігін бұзады деп күдіктенді – Қ.Қ.).
1944 жылы 12-қарашада Шыңжанда Шығыс Түркістан республикасы құ-рылғандығы жарияланды. Бұл жаңа өкіметті Оспан батыр да жан-тәнімен қор-ғауға бел байлады. 1945 жылғы 6-қыркүйекке дейін бүкіл Алтай аймағын толық азат етіп, қытай тонаушыларын тып-типыл ғып қуып шығады.
            Сол жылы Шығыс Түркістан республикасының армиясы Үрімжі-ге 120 шақырым жердегі Манас өзенінің бойына жетіп тоқтайды. Осы кезде Қытайдың Үрімжідегі сегізінші соғыс ауданының қолбасшысы Жу Шаулияң Жияң Кайчиге шұғыл жеделхат жолдап: “Жағдай мүш-кіл, болашақ бұлдыр. Мемлекет үшін құрбан болудан басқа жол жоқ”- деп шынын айтады. Жияң Кайчи телеграмманы алғаннан кейін қатты қайғырып, өзінің саяси уәзірі Жан Жыжұңды Шыңжанға жібе-реді. Жан Жыжұң 13-қыркүйек күні Кеңес Одағының Үрімжідегі то-лық құқықты бас консулы Иесеевпен тілдеседі.
Содан бастап Шығыс Түркістан республикасы КСРО және Қы-тай сынды екі үлкен мемлекеттің қыспағына түседі. Бірі олай атып, бірі бұлай қағып, қақпақылға салып жүріп, ақыры 1946 жылы 1-шілдеде Шыңжаң өлкелік бірлескен өкіметі құрылады. Бұған бұрын-ғы солтүстік-батыс қытай әкімшілік мекемесінің бастығы Жаң Жыжұң төраға болып сайланады да, бұрынғы Шығыс Түркістан рес-публикасының төрағасы Ақыметжан енді осы өлкелік өкіметке төр-ағаның орынбасары болып белгіленді. Ал әйгілі Оспан батыр өлкелік өкіметтің мүшесі, қосымша Алтай аймағының губернаторы болып та-ғайындалды.
Оспан батыр 1945 жылы қыста Сарсүмбе қаласына көшіп барып, сол жерде губернаторлық міндетін өтейді. 1946 жылы көктемде Ос-пан ауылы Көктоғай ауданының Кууй деген жеріндегі өзінің байырғы мекеніне қайта көшеді. Сарсүмбеде тұрған осы бір жыл ішінде ол өзі басқарып тұрған өкіметтің қыр-сырын толық танып біледі. Сон-дықтан, ол бұл өкіметтен бас тартып, өзінің бұрынғы мақсатын жү-зеге асыру үшін жаңа майдан ұйымдастыруға кіріседі [91].
Оспан бұрынғы жауы қытайлық гоминдан күштерімен одақ-тасуға бел буды. Маоға қарсы тұрған Чан Кай Шиды қолдады. Әрі коммунистердің күшеюіне мүдделі емес елдер АҚШ пен Ұлы-британия елшіліктерімен байланыста болды.
1948 жылы тамызда Үрімжідегі Америка консулы Пакстонның нұсқауымен полковник Дәлелхан Жанымқанұлы Оспанмен жеке кез-десуге барады. Қасында қорғаушылары Мәнен мен Құрманхан дейтін азаматтар болған. Осы кездесуде шет елге көшу жайында сөз болады. Оспан батыр алғашында келіскенмен, кейін бас тартады. Ал 1950 жылдың аяғында Оспанға жоғарыдағы мәселе бойынша Қалибек қажы Райымбекұлы баласы Хасенді (Хасан Оралтай – Қ.Қ.) жібереді. “...Батыр өте жұпыны қоста өмір сүріп жатыр екен. Мен елден кете алмаймын. Коммунистермен соғысып өлемін” деді.
Міне, осылайша бастапқыда Қытай қолымен, кейін КСРО, Моң-ғолия, Қытай қатарлы үш мемлекеттегі коммунистік қызыл армиямен соғысқан, олардың жиырма мыңнан астам адамын қырып, дүние жүзін дүр сілікіндірген Оспан батыр ақыры 1951 жылы ақпан айында Қанымбал тауының Мақай деген жерінде қолға түседі. 1951 жылы 28 сәуірде коммунистік Қытай өкіметі қолынан Үрімжіде атылды.

Комментариев нет: