понедельник, 20 мая 2013 г.

Ислам Жеменей



Ислам Жеменей. Қазақтың түркілік дәуірінен сыр шертетін қолжазбаны түпнұсқадан оқу арқылы тарихты зерттеуде кенже қалып отырмыз. Ресейдің шығыстанушы ғалымдары бізге қарағанда көш ілгері. Олардың дерек жинаудағы ұқыптылығы таңғалдырады. Ертеде саудагеріне дейін әрбір кітаптың құнын білген ғой. Саудалап, бұлдап, қадір-қасиетін біліп, ұстап жүрген. Кітаптың қадір-қасиетіне жету – отырықшылық мәдениетке ерте бейімделудің арқасы. Көшпенді өмірдің де жақсы жағы бар. ХVII-XVIII ғасырларда әбден орнығып, қалалық мәдениетті бойымызға сіңіруіміз қажет еді, сол кезде көптеген деректер қолымызда болды. Соларды ұстап қалар едік.
Қазір компьютердің рөлі күшті. Латынға көшсек, біз әуелі компьютердің тіліне жақындаймыз. Екіншіден, көптеген қажет емес дүниелерден арыламыз. Артық мақтаулар, керексіз саяси көзқарастар… Біздің жетпіс жылдық тарихымыз шынайы бағасын алған жоқ. Жетпіс жылдың ішінде не ұттық, неден ұтылдық, ғылыми тұрғыда әлі сарапқа салынған жоқ. Отарлау саясаты алфавитімізді өзгерту арқылы тарихымыздан бізді қалай ажыратса, міне, біз де қажет емес ақпаратты алмау үшін ондай алфавиттен ажыратуымыз керек ұрпағымызды. Мемлекеттің өзінің ұлттық идеологиясы болады ғой.
Ұлттық идеология біз қай күні тәуелсіздік алдық, сол күннен бері жүруде.
Зиялы бар жерде ұлттық идеология қаласа да, қаламаса да жүреді. Оны жоқ деуге болмайды. Мәселе соны жүйелеуде. Тарих деген әрқашан алға жүріп отырады. Тек жүйесіздік пен жемқорлық, парақорлық тарихтың алға басуына кедергі жасайды.– Буржуазияның мемлекеттің, халықтың жақсы тұруын менің жақсы тұруым деп ұғуы – санасының ұлттық деңгейге өсуі. Қоғам дағдарысқа ұшыраса, ең бірінші зиян көретін сол байлар. Ендеше, неге өзінің жұртын ауқатты етуге, халықтың санасы мен мәдениетінің көтерілуіне көмектеспеске! Неге 100 мектепті мемлекет салуы керек? 100 мектептің орнына 300 мектепті мәселен, сол буржуазиямыз неге салмасқа!
16 миллион халық деген дамыған мемлекеттердегі бір қаладағы халық саны. Стамбулдың өзінде 17 миллион халық тұрады. Осынша байлықтың ішінде Түркиядан төрт есе үлкен аумақта отырмыз. Бізге жетпейтіні екеу: бірі – ұлттық сана, екіншісі – рухани тазалық. Рухани тазалық болмағасын біз дүниеауи ләззат тұрғысынан көбірек ойланамыз. Сұлулық конкурсына, иә бір мақтаншақ әншіге ақшаны аямай шашамыз келіп. Сол 100 мың долларға 10 отбасына 10 жеке үй салып беруге, иә жеке кәсіпкерлік орнын ашып беруге болар еді. Саяси биліктің екі қанаты – буржуазия, яғни байлар мен зиялы қауым. Саяси биліктің осы екі қанаты мықты болмаса, ол діттеген мақсатына жете алмайды.
–Түркияда бес жыл тұрған адаммын. Түріктерде мұнай да, газ да жоқ, кенге де бай емес. Көзіммен көрдім кедейлігін. Табиғаты сұлу, есесіне. 1980 жылы Тұрғыт Өзал билікке келгенде мынандай сөз айтты: «Айналайын, халқым, -деді. – Испан мемлекетінен неміз кем, ақылымыз аз ба, табиғатымыз жұтаң ба? Тарихымыз осал ма? Осман атамыз 700 жылдай империя құрған, неден сонша кедейміз? Иншалла, өзімізге сенсек, ол күн туады. Тек менімен бірге бол, түрік екеніңді ұмытпа!». Бүкіл мемлекетіндегі шығыстан батысқа дейінгі шекараға «мен түрік болғаным үшін мақтанамын!» деген ұранды жазғызды..
Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарихи-Рашиди» кітабын тұңғыш рет парсы тілінен қазақ
тіліне аудардым. Бұл өзі төрт кітаптан тұрады. XIII ғасырда жазылған алғашқысында Шыңғысханның өмірге келуінен бастап, төрт баласының әлемді билегендігі жайлы айтылады. Шыңғысхан ұрпақтарының тарихын одан әрі XIV ғасырда Рашиддин деген тарихшы жалғастырады. Үшінші кітап Шыңғысханның ұрпақтары әлсіреп, саяси сахнаға Әмір Темір шыққан тұста дүниеге келген. «Зафарнаме», қазақша айтқанда «Жеңіс» кітабының авторы Шарафаддин Әлиязди. Бұл – XV ғасырдың туындысы.
Әмір Темір Шыңғысхан ұрпақтарының тоз-тозын шығарды, Мауреннахрды құрды. Бұларды енді біреу жазуы керек қой. Сонда тарихшы Мырза Хайдар отырып: «Е-е, әлемді билеген хан мен қаған ұрпақтарының тоз-тозы шықты-ау. Енді оларды мен жазбасам, кім жазады?» дегенді айтады. Оны не үшін ойлады? Ойландырғаны – алдыңғы жазылған үш кітап. 1533 жылы Саид хан қайтыс болғаннан кейін Мырза Хайдар Кашмирге барады. Сол жердің бай кітапханасынан мына үш кітапты оқиды. Рас, Шыңғысхан, оның балалары туралы көптеген кітаптар жазылған. Бірақ мына тоз-тозы шыққан ұрпағы туралы ешқандай кітап жоқ. Хатқа түсіріп, ұрпаққа қалдырайын деген оймен өзінің атақты «Тарихи Рашиди» еңбегін жазады. Автор ислам үшін болған ғазауат соғыстарына көп қатысқан. «Рашид» – тура жолда жүрушілер, яғни тура жолда жүрушілердің тарихы. Тағы бір себебі ислам дінін қабылдауға мұрындық болған Әршададин деген бір тәжікті құрмет тұтқандықтан. Үшінші себебі, «мен жетім қалғанда 24 жыл бойы мені өз баласынан артық көріп, өнердің бәрін үйретті» деп Саидханға риза болғандықтан, баласы Рашиддің атын қойған.

Комментариев нет: