среда, 15 мая 2013 г.

“Мұсылманшылық – Мұхаммедтен (с.ә.у), қазақылық – Абайдан басталуы керек


Талай жылдар бойы иманы езгіге түсіп, намысы аяққа тапталған қазақ, еліміз тәуелсіздік алған соң қайта бас көтеріп, еңсесін тіктей бастады. «Иман» дейтін жан азығына ашыққан халыққа Құдай тағала тәуелсіздікті бұйырып, бізге Исламның асыл арнасына жол ашып берді. Сөйтіп діннің қайнар бұлағынан еркін сусындаудың мол мүмкіндігі туды. Әрине, мұның бәрі – дән түспесе шөп те шықпайтыны сияқты, ата діні мен ұлттық ділін қатар сақтаған бабаларымыздың маңдай тері, асыл тілегінің арқасында келді. Яғни, сан жылдар бойы азаттықты аңсаған қайсар елдің ақ таңы атты. Сөйтіп, бізге бабалар арманын ардақтап, оны кейінгілерге жалғау аманаты арқаланды. Алайда сол бұрынғылардың бүгінгі ұрпағы олар сияқты ұлт пен діннің тізгінін тең ұстай алып жүр ме?
Дін мен ұлт бір емес, бірақ бұлар “егіз”. Бұрынғылар осы екеуін тең сақтап келді: Қазақы намысын Құдайға арнаған құлшылығымен қайрап, ұлттығын асыл дінімен жаңғыртып отырды. Ал қазіргі қоғам «қазақ» пен «исламды» екіге жарып, егіз түсінікті абайсызда бір-бірінен ажыратып алайық деп жүрміз. Біріміз «қазақ» болуды, ендігіміз «діндар» болуды таңдадық:
«Араб» десе шайтанды көргендей аласұрып, одан ат тонымызды ала қашатын болдық. Яғни, біздің арабтардан ешқандай да аларымыз жоқ. Біз өз еркіндігіміз өзімізде, ешбір елге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігіміз бен өзіндік менталитетіміз бар, әрі дініміз де ұлттығымызға сай қалыптасқан ел – қазақпыз. Біздің тәлім-тәрбие алатын өз әулиелеріміз бен данышпандарымыз бар. Ал қалғандарының бәріне қазаққа жау деп қараймыз. Әрі басына орамал тағып парызын өтеп, иегіне сақал қойып сүннет орындап жүргендерді жатсынып жүргеніміз де жасырын емес. Меніңше бұл сүннетке салқын қарағандық. Алланың сүйікті құлы (с.ә.у) – бар мұсылманның жалғыз-ақ үлгісі. Демек, сүннетке салғырт қарап, тек «қазақша жүріске» салу – бізді исламнан алыстатып жіберуі әбден мүмкін. Ал мұсылманшылықтың негізі – арабтардан басталады…
Негізі, «арабтану» дейтін ашуға тиетіндей-ақ. Себебі «ислам деген осы» деп кейбіріміз басқа орамал тартып сақал қоюмен ғана шектелеміз кейде. Ішімізден бұрын сыртымызды алдымен түгендеуге асығамыз. Ал ақиқатында, ішкі дүние түзелсе сыртқысы оның айнасы болмайтын ба еді?! Оның үстіне бізге арабтардың киім үлгісін үйрену міндет емес. Егер Алла елшісі (с.ә.у) қазіргі заманда қазақтардың арасында дүниеге келсе, онда қазақтың ұлттық ерекшелігіне сай ең көрікті, үлгілі киім киген жан болар ма еді?!.. Айтпағым, пайғамбарымыз (с.ә.у) бар болғаны сол заманда, сол ұлттың арасында өмірге келді. Ол кісінің (с.ә.у) мақсаты киім үлгісін үйрету емес, барлық пайғамбарларға міндеттелгеніндей адамзатқа таухит пен шариғат үйретіп, келешектен (жәннат, тозақ) хабардар ету. Ал қазір бізде көп жағдайда керісінше. Тіпті кейбірін тілінен танымасаң, түріне қарап қазақ деп айтуға қиналасың. Арабтардан еш айырмасы жоқ. Мемлекет, ұлт мәселесіне олардың жаны тіпті ауырмайды. Сонда біздің ұлттығымыз қайда қалмақ?! Қазақылығымыз қайда?! Өкінішке орай, біздер Алла тағаланың неліктен бүкіл адамзатты тұтас араб етіп жаратпағанының астарына үңілмейміз. Құдайдың бір-бірін танысын, білсін деп ұлттарды жаратқанына көңіл аудармаймыз. Бұрынғылар ұрпағымыз арабтансын деп білек күшін, найза ұшын жұмсамаған болар?! Тіпті олар осыншама жерді Алланың қолдауымен қорғап қалды емес пе?!. Демек, Алланың бұйрықтарын өз қалауымызша орындауға болмайды. Біздің әрқайсысымыздың мойнымызда ұлттық жауапкершіліктер, аманаттар, әрі міндеттер бар. Алланың қазақ етіп жаратқан ұлтына, яғни өз тегімізге мұрын шүйіре қарауға әсте болмайды.
Пайғамбар (с.ә.у) дәуіріндегідей жұтаң киініп, сол дәуірдегі арабтардың сыртқы дүниесінен үлгі алудан гөрі оның (с.ә.у) ішкі әлемінен үлгі іздеп, оған (с.ә.у) әуестенетін жандар да жоқ емес. Олар мұсылман адамның ауқатты, білімді, әрі жан-жақты болу керектігіне біршама көңіл бөледі. Былайша айтқанда ислам негізі мен шарттарын еш өзгеріске ұшыратпай заман ағымына сай алып жүруге көңіл аударады. Сондай-ақ арабтан өзге мұсылман елдердің ғалымдары мен ойшылдарының еңбектерін көбірек оқиды. Олардың қазақ тіліне аударылып жатқандары да аз емес. Бұл діни білімімізді арттыруда әрине теріс емес. Бірақ ертеңіне қатты алаңдап отырған қазақ үшін дінді насихаттауды, тіпті қазақты тәрбиелеуді ең алдымен Абай тағылымдарынан бастаса деген тілде тілек, жүректе үміт тұрады. Себебі, Абай – қазақтың өзі емес пе?! Өз басым әлемдегі ислам ғалымдарының еңбектерінен құралақан қалғым келмейді. Бірақ бәрін де «өз атамыздың» ақылынан үйренуден бастауды жөн санаймын.
Яғни, қазіргі иман халінің қыл үстінде тұрған заманында, қалай болғанда да білім жетілдірудің жолынан шығып қалуға болмайды. Бірақ бәрі де, мұсылманшылығымыз – Мұхаммедтен (с.ә.у), қазақы санамыз – Абайдан үйренуден бастау алуы тиіс.

Комментариев нет: