З.Қинаятұлы. 1981 жылы мен алғаш Алматыға келдім. Сонда
қалай қатты толқығанымды, қаншалықты қуанғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін
емес. «Елімді, жерімді өз көзіммен көріп, топырағын бассам арманым жоқ» деуші
едім іштей. Жылдар бойы аңсаған арманым орындалды. Мен көз алдыма елестеткендей
Алматыға емес, мүлде басқа өмірге тап болғандай күйге түстім. Алматы әсем қала
екен. Алайда қазақтың тынысы тарылып кеткендей сезінгенімді жасыра алмаймын.
Әсіресе, тіл, рухани жағынан. Қазақтың қарасы тым аз көрінді. Шыны керек, іштей
жабырқап қайттым. Содан елге келгенімде үйге дос-жарандар жиылмай ма, жаңалықты
асыға күтіп. Мен көргендерімді тамсанып айта бастадым. Ал іште жатқан басқа
сырды ақтармай-ақ қояйын дедім. Мен алғаш көрген қазақстандық қазақтар –
жарысқа келген балуан Әбілсейіт Айханов бастаған топ еді. Бұл – 1962 жыл
болатын. Менің студент кезім. Жарыс болып жатқанда біз Айхановтардың тобын
жақтасып, ұрандатып отырдық. Оған моңғолдар ренжіді. «Біздің азаматтарымыз бола
тұра, бұларыңыз не?» дегендері ғой. Алайда ақсақалдар жағы жастарға ақыл айтып,
тоқтатты. «Қанның аты қан. Бұлардың бұл әрекеті теріс емес» деп, бізге
түсіністікпен қарады.
Моңғолиядағы 1990 жылғы демократиялық қозғалыс
өте қарқынды жүрді. Бұл қозғалысты негізі, жастар бастаған. Мен сол жастарды
қолдап, кеңесші болдым. Әрине, ондағы демократиялық
идеологияны жалғыз мен жасадым деп айта алмаймын. Демократиялық партияның
бағдарламасын жасауға көмектестім. Соның негізінде 15 ғалым қол қойып, Орталық
комитетке хат жолдадық. Сол хат көп нәрсені өзгертуге түрткі болды. Партияның
саяси бюросы толық құрамымен доғарысқа кетті. Негізгі заңға көп өзгерістер
енгізіліп, демократиялық сайлау жүргізілді. Вице-президент – президенттің оң
қолы. Президент қандай бір жағдайға ұшыраса, ел билігі кімнің қолына
өтетіндігін моңғолдар да жақсы біледі ғой. Осының бәрін біле тұра істің артын
ушықтырмай-ақ қояйын деп шештім. Содан кейін мен Парламенттің спикерінің
орынбасары болып тағайындалдым. Бұл – ұлтқа еш зияны жоқ лауазым.
Шоқан
Уәлиханов атындағы Тарих институтының Ежелгі және орта ғасыр бөлімін
меңгеріп жүрмін.
Біз, негізінен, Қазақ тарихының ежелгі дәуірінен бастап XVІІ ғасырға дейінгі кезеңді
зерттейміз. Отандық тарихымызды үзіп-жармай ұлттың, халқымыздың біртұтас
өмірбаяны ретінде зерттесек дейміз. Айтып отырғанымыз тек
біздің пікір, идеямыз емес. Бұл – бүкіл қазақстандық
тарихшылардың ұстанып отырған бағыты. Яғни тарихты бөліп-жаруға болмайды. Бұл
бір-бірімен біте қайнасып жатқан дүниелер болуы тиіс. Біз қазақ тарихын Сақ,
Үйсін, Қаңлы дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін бірін де шет қалдырмай
зерттесек дейміз. Ұлытаудың аты өзгеріп отырғаны болмаса, осы далада өсіп-өніп
келе жатқан сол бір халық. Мәдениеті де сол. Аймағы да сол бір аймақ. Сақтап
келе жатқан ата бейіті сол бір бейіт. Жағалап көшкен өзен-суы да бір. Қысқасы,
тарих жалғасын тапқан. Біздің міндетіміз – сол жалғастықты үзбей зерттеу.
Әрине, тарих жазылып жатыр. Бірақ әлі де атқарылатын жұмыстар жеткілікті.
Біздің бөліміміз осы мақсатта «Қазақ мемлекеттігінің тарихы» атты монографияны
қазақ және орыс тілінде дайындап, жуықта баспаға тапсырдық. Біз қазақ
мемлекеттігі тарихын Ақ Орда мемлекеті тарихынан бастаған жөн деген пікірге
келіп отырмыз. Бұл, негізінен, Жошы хан ұлыстық жүйесін әкеп қосқан бұрынғы
шығыс Қыпшақ хандығы ғой. Астанасы да сол баяғы Сығанақ. Ұлы тарихшыларымыз
қазақ мемлекеттігінің бастауын қазақ хандығының атасы Ұрыс хан Ақ Ордаға хан
болған 1367-1368 жылдардан бастап санауды ұсынған. 1465 жылы қазақ хандығын
құрған Керей, Жәнібектер – Ұрыс ханның шөберелері. Сонда біз қалай атасының
ұлысын бір ел, шөбересінің ұлысын басқа мемлекет деп есептемекпіз. Қадырғали
Жалайырдың «Бұ Жәнібек хан атасының ұлысын өзі басқарды» деген сөзі бар.
Атасының ұлысы дегені Ақ Орда, ал Жәнібек шаңырағын қайта көтерген қазақ
хандығы оның мұрагері. Ақ Орда және қазақ хандығы деп жүргеніміз іс жүзінде бір
мемлекет. Қазақ хандығының қашан құрылғаны туралы тарихта жалғыз дерек бар. Оны
Мұхамед Қайдар Дулати жазған. Онда Қыжыраның 870 жылы қазақ хандығы басталған
деп жазады. Қазіргі григориан күнтізбесіне түсіретін болсақ, ол 1465-66-жыл.
Мұны айтып отырған себебім қазір кейбір БАҚ-тар бұл датаны 1456 деп жазып жүр.
Бұл дұрыс емес. Бұл сан қайдан шықты? XІX ғасырдың басында орыс тарихшысы Вельяминов-Зернов Қыжыра жыл санауын
григорианға айналдырғанда текстологиялық қате жіберілгендіктен, бұл дата пайда
болды. Қыжыра жыл санауын григорианға түсіретін екі түрлі тәсіл бар. Біріншісі
– графикпен салыстырады. Екіншісі – формула түрінде. Ал Зерновтың кезінде ондай
формула болмаған. Ол өзінің келтірген (1465) санына сенімсіз болған. Сондықтан
бұл санды жақшаға алып, сұрақ белгісін қойған. Мұны М.Тынышпаев, С.Асфандияров,
М.Мағауиндер сол күйінде қолданып, кейбір оқулықтарға кіріп кетті. Ештен кеш
жақсы. Ендігі жерде қазақ хандығының құрылу датасын 1465 жыл деп түзесек,
тарихтың алдында ұятты болмаймыз.
Комментариев нет:
Отправить комментарий