Нығмет Мыңжани
|
|
![]()
Нығмет
Мыңжани – Қытай қазақтарынан шыққан ғұлама тарих ғалымы, тіл маманы,
әдебиеттанушы, ақын, прозашы, аудармашы, қоғам қайраткері, Қытай қазақ
әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Ол бізге өлшеусіз рухани
құндылықтар қалдырып кетті.
Қытай
қазақтарынан шыққан ғұлама тарих ғалымы, тіл маманы, әдебиеттанушы,
ақын, прозашы, аудармашы, қоғам қайраткері, Қытай қазақ әдебиетінің
негізін салушы ұлы тұлғалардың бірі – Нығмет Мыңжани мырза 1993 жылы 22
маусым күні Қазақстан Республикасының Алматы қаласында ғылыми сапармен
жүрген кезінде ауру себебінен 71 жасында қайтыс болды.
1992 жылы 22 наурыз күні Шинжяң Толы ауданының Майлы тауында кедей шаруа Мұхамедтүсіптің отбасын шаттыққа бөлеп, бір сәби «шыр етіп» дүние
есігін ашты. Бұл сәбидің келешекте ел іші-сыртына аты мәлім әйгілі
ғұлама боларын сол тұста ешкім де болжамаған еді. Солайда, «Кісі болар
баланы кісесінен таниды» дегендей, сәби шағынан зерделі де зеректігін
аңғара бастаған ұлына үлкен үміт артқан әкесі оны ауылындағы бастауыш
мектепке оқуға береді. Нығмет әкесінің демеуімен Шауешек қаласында
ілгерінді-кейінді болып бастауыш мектепті, орталау мектепті бітіріп, табандылықпен шөгел үйренетін әдет қалыптастырады.
1939
жылы Шинжяң өлкелік полиция офицерлері колледжі аз санды ұлт
аудармашыларын тәрбиелеу курсын ашу үшін курсант қабылдайды да, Нығмет
жатын орны мен тамақ қаражаты үкіметтен шығатын, оқу мерзімі 2 жылдық
осы курсқа түсіп оқиды. 1941 жылы оқуын үздік нәтижемен тәмамдап,
өлкелік сақшы меңгермесінде аудармашы болады. Арнаулы аударма курсын
оқуы және қоғамдық қызметтің қажеті, оның қытай тіл-жазуын жетік
игеруіне орай жаратты. Осылайша, ол қоғамдық ғылымдардың сан алуан
саласындағы қытайша жазба еңбектерден мол нәр қабылдап, ғылымның терең
шүңетіне бойлауға негіз қалады.
Нықаң аудармамен 5 жыл
айналысқан соң, қызмет қажетімен өлкелік қазына меңгермесіне ауысып
барып, меңгеруші хатшының орынбасары болады. Оның іскерлігіне тәнті
болған ұйым оны 1949 жылы Шинжяң өлкелік үкіметтің бас хатшысының
орынбасарлығына өсірді. Ол қым-қуыт әкімшілік жұмыстарды тындырумен
қатар, қоғамдық міндеттерді де арқалап, қоғамдық жұмыстарға да араласты.
Сөйтіп, қазақ тілін, әдебиетін, тарихын зерттеуге бастамашы болып,
Қытай қазақтарының осызаман әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың біріне айналады.
Нықаң
1942-1949 жылдары Шинжяң қазақ-қырғыз мәдени қоғамының атқарушы мүшесі,
әрі бөлім бастығы болды, сондай-ақ осы ұйымның атымен қазақ
мектептеріне арналған біршама жүйелі, толығырақ
әдебиет оқулығын құрастырып, оқулық мәселесін шешті, әрі өлкелік тіл
колледжінің ұсынысымен, тіл-әдебиет, тарих пәндерінен сабақ беріп, жақсы
бағаланып отырды. Бұдан тыс, қазақ тіліндегі «Сәуле» журналының бас
редактокторлығын да атқарды.
Нығмет
Мыңжани 1949 жылы Шинжяңды бейбіт жолмен азат ету көтерілісіне
қатынасты. Жаңа үкімет құрылған соң, үкіметтің сан салалы қызметтеріне
белсене кірісті. Шинжяң өлкелік үкіметтің бас хатшысының орынбасары
болып тағайындалып, үкіметтің ұлт істеріне жауапты болып, жаңа қоғамның
тұрақтылығы мен қайта құру жұмыстарына елеулі үлес қосты.
1951
жылы ол қызмет қажетімен Ши-анге барып, Батыс-солтүстік ұлт істері
комитетінің мүшесі, әрі Шинжяң қызметі басқармасының бастығы міндетін
атқарды. 1953 жылы астана – Пекинге ауысып барып, Орталық ұлттар
баспасының шаңырағын көтерісті, әрі Ұлттар баспасы қазақ
редакция-аударма бөлімінің меңгереушісі болып, Қытайда қазақ
баспасөзінің жоқтан бар болып, біртіндеп кемелденуіне, өркендеп-өсуіне
есе қосты. 1975-1978 жылдары Іле халық баспасында, 1978-1981 жылдары
ШҰАР Тіл-жазу комитетінде қызмет етті. 1981 жылы Шинжяң қоғамдық
ғылымдар академиясына ауысып барып, Тіл зерттеу институты директорының
орынбасары болды. Осы тұста ол осы академияның тіл зерттеу және қазақ
мәдениетін зерттеу жұмыстарын кемелдендіре түсу жолында орасан зор еңбек
сіңірді.
Нықаң
мемлекеттік саяси-маслихат кеңесінің мүшесі, Қытай түркі тілдерін
зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары, Қытай аз санды ұлттар мәдениеті
ғылыми қоғамының, Қытай Орта Азия мәдениетін зерттеу қоғамының тұрақты
жорасы, Шинжяң тіл ғылымы қоғамының және тарих ғылыми қоғамының жорасы,
Шинжяң аудармашылар қоғамының тұрақты жорасы, Шинжяң қазақ тіл-мәдениеті
ғылыми қоғамы төрағасының орынбасары сияқты қоғамдық міндеттерді абыроймен арқарады.
Әрқандай
ұлттың ойы озық, санасы сара азаматтары қашан да ана отаны мен өз халқы
үшін еңбек етіп, өзінің бар өмірін осы жолға арнайды, ұлт мәдениетін
өркендетіп, ұлт тарихы мен таңдаулы салт-дәстүрін жаңғыртуды және
жалғастыруды азаматтық борышым деп біледі. Нықаң да міне, дәл осылай
етті. Өйткені, оның жүйелі зерттеулері қазақ мәдениетінің бүгінгі
таңдағы зерттеулерін жебеп келеді. Сол себепті, ол Қытай қазақтары
арасынан қара үзе шыққан шоқтықты оқымыстылардың біріне айналды.
Нығмет
Мыңжани Қытай қазақтары ішінен тұңғыш рет қазақ тарихын жүйелі зерттеп,
кесек табысқа қол жеткізген оқымысты, ел іші-сыртындағы тарих зерттеу
саласында үлкен абройға ие тарих маманы. Нықаңның қазақ тарихы,
мәдениеті жөніндегі зерттеулері сонау 1940 жылдардан басталған. Сол
тұста жас болғанымен, оқығаны мен тоқығаны мол, білім аясы кең Нықаң,
тарих ғылымына қатаң ғылыми тұрғыда тұрып, қазақ тарихы мен мәдениетіне
қатысты қытайша, қазақша толып жатқан жазбаларды және дереккөздерін
іздеді, жинады, мәдениетті өркендетуге тарихты қолдана біліп, ғылыми
құны жоғары шығармалар мен ғылыми еңбектерді зерттеу-реттеу негізінде
жазып шықты. Айталық, 1947 жылы жазған «Қазақ тарихының дерегі» атты
ғылыми еңбегінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің дамуын Қытай
оқырмандары мен тарихшыларына тұңғыш рет жүйелі таныстырды.
Бұлардан
тыс, Нықаң «Қазақтың ағарту-тәрбие тарихы», «Қытайдағы қазақтар»,
«Қазақ ұлтының тегі және қазақ атауының төркіні мен мағынасы» секілді
талай-талай ғылыми мақалалар жазып, Қытай қазақтарының тарихы мен
мәдениеті жағындағы зерттеулерге негіз қалады. 1987 жылы Нықаң өзінің
қазақ тарихын зерттеу жағындағы кесек шығармасы – «Қазақтың қысқаша
тарихын» баспадан шығарып, қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеу істерін
биік бір белеске көтерді. Аталған еңбек көп ұзамай Қытай тіліне
аударылып, басылым көрді, әрі Қытай оқырмандары арасында күшті аңыс қозғады.
Бұл еңбек Қазақстанда «Қазақтың көне тарихы» деген атпен баспадан
шыққан соң, Қазақстандағы тарих мамандары жоғары баға беріп, «Бұл қазақ
тарихын зерттеу барысында жарық көрген аса құнды еңбек» - деп қарады.
Бұл кітап 1992 жылы бүкіл Қытай бойынша аз санды ұлт тілінде басылым
көрген бірінші дәрежелі жүлдегер кітап болып марапатталды;
Ұлыбританияның Лондон қаласында шығатын «Орта Азия хабарлары» мен
Түркияда шығатын «Түркия мәдениеті» журналдары бұл кітапқа арнаулы шолу
жариялады; АҚШ-тың белгілі бір университеті құттықтау хат жолдады;
Германияның Мюнхен радиостанциясы бұл кітапты тарау-тараумен радиода
таратты. Нықаң талай рет шетелдерге шығып лекция оқыды. Әсіресе, оның
1989 жылы АҚШ-тың Гарвард университетінде жасаған ғылыми лекциясы аса
жоғары бағаланды.
Нығмет
Мыңжани тарих зерттеушісі болып қана қоймай, қазақ тілін, мәдениетін
зерттеу жағында да ғылымилығы өте күшті көптеген еңбектерін жариялады.
Оның қаламынан туған «Қазақ тілінің тарихына шолу», «Диуани лұғат-ат
түріктің қазіргі қазақ тілімен қатынасы», «Қазақ халқының ел аузындағы
200 дастаны» сияқты ғылыми мақалалары қазақ тілі мен әдебиетіндегі
қыруар көкейтесті мәселелердің және ғылым саласындағы таласты
түйіндердің басын ашып, Қытайда қазақ тілі мен әдебиетінің зерттелуіне
бастамашы болды. Әсіресе, қазақ мифтері жөніндегі зерттеулердің олқы
болып отырған жағдайын ескерген Нықаң көп жылдық құлшынысы арқылы,
«Қазақтың мифтік аңыздары» атты ғылыми еңбегін жазып жариялап, қазақ
мифологиясын зерттеуде тың бет ашты. Бұл еңбекті қатысты мамандар
қазірге дейін қазақ мифологиясы жөнінде жазылған теориялық негізі
недәуір күшті материал, біршама толық, жүйелі, ұлттық бояуы қанық,
келтірілген дәлел-сыпаты нанымды ғылыми еңбек деп бағалаған. Нықаң
1980-1990 жылдары қазақ тілін, грамматикасын арнаға түсіру жұсмысымен де
айналысты. Ол «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» атты көп томды көлемді
сөздіктің редокторлығына ұсыныс етіліп, оның І томын редакциялады;
мемлекеттік ірі ғылыми зерттеу тақырыбы санатындағы көп томдық еңбек –
«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының бас редокторы болды.
Нығмет
Мыңжани Қытайдағы қазіргі қазақ әдбиетінің негізін қалаушылардың бірі,
әрі әдеби шығармашылықпен ертерек айналысқан ағабуын қаламгер. Сонау
1939 жылдың өзінде-ақ әдеби шығармашылық өмірін
бастаған ол, 1942 жылы Жапония басқыншыларына қарсы соғысты басты
тақырып еткен «Жауынгер семья» атты 4 перделі пьесасын жариялады. Бұл
пьесада Қытай партизандарының Жапония басқыншыларына қарсы ерлік шайқасы
негізгі желі етіліп, күрескер бір отбасы тілге тиек етіледі, сондай-ақ
ол осы пьесасымен әдеби шығармашылық жолына түсті. Осыдан кейін
қаламгер «Сегіз бересі борыш» дастаны мен «Құныкер» балладасын және
«Жібек жолы» сияқты 300 шумақтан астам өлеңін, «Білім – өмір шырағы»,
«Қазақтың ағарту-тәрбие идеясы» деген қара сөздерін, «Тянь-Шаньдағы
шопан әні», «Тінейдің сары құсы» сияқты әңгімелерін жазды. Осы
еңбектерінде ол азаттық аясындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен
қоғамдық өзгерістерін жырлайды, әрі тамаша салт-дәстүрін де емірене
жырға қосады. 1948 жылы Нықаң Қытай қазақ әдебиеті тарихында «Тұрмыс
тілшісі» атты тұңғыш повест жазып, бұл шығармасында білім қуған талантты
жас Есімбек пен неке бостандығы үшін күрескен ауыл қызы Әсемнің
арасындағы адал махаббат хикаясын баяндайды.
Нығмет Мыңжани 1951-1952 жылдары Қытай қазақтары арасында тұңғыш рет «Қарлығаш» атты өлең романын жазды. Шығармаға жарлы отбасынан
шықса да жаңаша оқып көзін ашқан, ойлы да ұжданды қыз Қарлығаш пен бай
қолында жалданып жүрген кедей жігіт Мұрат ортасындағы пәк махаббат
хикаясы арқау етіліп, сахара жастарының бостандық пен теңдік жолында
қайсарлықпен жүргізген күресіне мадақ айтылды. Шығармада терең мәнді,
тартымды кейіпкерлер образы жаратылған, оқиға желісінің күрделілігіне
қарамастан, құрылымы шымыр да жинақы, ұлттық бояуы қанық болып шыққан.
Бұл еңбек 1953 жылы әңгіме-роман жасампаздығы бойынша мемлекеттік
бірінші дәрежелі сыйлық алып, 1980 жылы ресми баспадан шықты.
Нығмет
Мыңжани Қытай қазақтары арасында көркем әдебиет шығармашылығымен ең
алғаш айналысқан, әрі түрлі жанрда жасампаздық жаратқан қарымды
қаламгерлердің бірі. Сондай-ақ ол кейбір жанрларға тұңғыш қалам сілтеп,
шығармашылық жарату үшін негіз салды. Өйткені, қаламгер қазақ мәдениетін
зерттеген айтулы оқымысты болғандықтан, оның әдеби шығармаларында
қазақтың салт-санасы мен мәдениет дәстүрлері төтенше нанымды, өмірге жақын, оқырмандарға шынайы сезім бағыштайтын деңгейде суреттеліп отырды.
Нығмет
Мыңжани қытай, орыс, араб, парсы тілдерін зер сала үйреніп, өзінің
білім қорын толықтап, тамаша аудармашы болуға берік негіз қалаған. Ол
таңдаулы әдеби шығармаларды, айталық қазақ тіліндегі«Сәлиқа-Сәмен»,
«Мәншүк», «Әлия» дастандарын, «Қызжібек» махаббат дастанын, «Шұға»,
«Ертарғын» батырлық дастандарын және «Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ
шежіресі» сияқты еңбектерді аудару арқылы қытай оқырмандарына
таныстырып, олардың қазақ мәдениетінен хабардар болуына мүмкіндік
жасады, енді бір жағынан, қытай тіліндегі шығармаларды, мысалы «Хорчин
даласында» романын, «Су бойында», «Қызыл сарай түсі» сияқты классикалық
романдардың бір бөлім мазмұндарын, Лушүннің «Есалаңның естелігі»,
«Айқай-сүрен» сияқты әңгімелерін және саяси, экономика, философия
жақтарындағы мақалаларды да аудару арқылы қазақ оқырмандарына жеткізді.
Нығмет Мыңжанидың өшпес ғылыми мұралары Қытай мен шетел оқырмандарының рухани асыл құндылықтары бола бермек.
Қытайшадан аударған: Текесбай ҚЫДЫРХАНҰЛЫ
|
среда, 15 мая 2013 г.
Нығмет Мыңжани
Подписаться на:
Комментарии к сообщению (Atom)
Комментариев нет:
Отправить комментарий