Монғолиядағы қазақтар тарихының кейбір мәселелері /1751-1911 ж.ж/

Алтай тауы өңіріне қазақтардың қайта қоныстануының тарихы қазақ халқының ежелгі атамекен ұғымынан туындап, Абылай ханның ұлттық мемлекеттік территорияны қалпына келтіру саясаты мен әрекеті, бірқатар қазақ руларының Іле, Тарбағатай, Алтай аумағына, байырғы атамекеніне шүршіттің жоңғар жорығы аяталудан сәл бұрын оралуымен жалғасты.
«…1750 жылдардан бастап Жоңғарияның жеңілетініне көзі жеткен Қытай, Қазақия, Ресей арасында жоңғардан босаған жерлер арасында талас басталған, оны тарихшылар “трехсторонное соперничество Китая, Казахии, России о разделе Жунгарии” – деп көрсетеді ғалым А. Тоқтабай. Орыс деректері 1750 жылдың өзінде-ақ Қожаберген бастаған керейлердің Хабарға-Базар өзеніне жеткенін көрсетеді. Сонымен қатар осы деректе қазақтың шығысқа қарай жөңкілген көшінің авангарды- керейлер екені атап көрсетіледі .
1750 жылдардан бастап Абылай бастаған қазақ әскері шығыс шекераны азат етіп, Шәуешекке жетеді. Абылай хан шығыстағы ата мекен жерлерді толық бақылауға алу мақсатымен Қожаберген жырауға, Жәнібек, Қотырақ батырларға тапсырма беріп мақсатты түрде Алтай тауы өңіріне өткізеді. Демек, 1758 жылы Цинь империясы жоңғарларды талқандауына дейін, он шақты жыл бұрын қазақтар Алтай тауы өңіріне қайта қоныс тебе бастады деуге негіз барға ұқсайды.
Цин өкіметі 1762 жылы өзінің Іледегі бұрынғы жоңғар басқармасын “ Іле жерін жалпы басқару қолбасшысы” деген атпен қайта құрып, Тәңір тауының оңтүстік және солтүстік аудандарын басқартады. Сол жылы Қобда өлкесінің әкімшілігіде құрылып, Алтай тауында қалған жоңғарларды осы өлкеге бағынышты болғызды. 1757 жылдан Дөрбеттерді Увс өңіріне, Өлеттерді Қобдаға келтіріп, Қобда өлкесін Цин империясы Улиастайдағы әскери қолбасшылығы арқылы басқарды.
Ал, қазақтар болса, 1757 жылдан бастап Цин патшалығына Тарбағатай т.б жерлерді “сыйлап беруін” тілесе де, Цянь-Лун /1736-1796/ патша қабыл алмады. Бірақ, Орта және Ұлы жүздің кейбір тайпалары біртіндеп өздері талап еткен өңірлерге жаппай өтіп қоныстана бастады. Ал, Цянь-Лун патша қазақтарға “шекараны сақтаған жөн. Оны бұзу мақсаты болмасын”-деп сәлем айта отырып, цин әскер қолбасшысы А.Гүйді 2000 әскерімен жіберіп “ шекараны бұзып, өтіп кеткен қазақтарға ақыл айтып кері қайтаруды, жарлыққа бойұсынып қайта көшкендерге сыйлық беруді, ал, айтқанға көнбей, көшпейтіндері болса, күшпен айдап шығыруды, бірақ, өлтірмеуді әрі тұтқындамауды” тапсырды. Бұл жолы қазақтар қайта көшіп кетсе де, онан соң көп уақыт өтпей-ақ Тарбағатайда қазақтар қайта келіп қоныстанып отырғаны мәлім болады. Цин әскерилері қазақтарды тұтқындап, малын тартып алып, кері қуып отырса да қазақтардың қоныстануын тоқтата алмады. Ақырында, 1766 жылдың көктемінен бастап, Цин өкіметі қазақ тайпаларының осы өңірге өтіп қоныстануын ресми түрде мойындады.1767 жылдан бастап Іле, Тарбағатай, Алтай тауларына бұрынғы қоныстанып отырған азғана ауылдарға қазақтар ағылып келіп санын арттыра бастады. Ал, ”Тарбағатай жеріндегі қазақтар бара-бара Ертіс өзенінен өтіп, Қобда кеңесші уәзірінің басқаруындағы Урианхай жеріне кірген. Сөйтіп, Дао Гуан /1821-1851/ патша таққа отырғанның екінші жылына дейін /1823/ “ урианхай жерін жайлаған қазақтардың саны екі мыңға жеткенді ”-ді. Олар негізнен Қарақас Байқан би, Жантекей Барлыбай батыр, Шеруші Шұбаш батыр, Молқы Ештаған батыр бастаған рулар және Жантекейдің Шүйіншалы ауылдары Батыс Алтай тауына өтіп, Марқа көл, Саргер, Мұзбел, Сорқұдық, Дөрелі, Ақжайлау, Жиренбайталды мекен етіп, 1770 жылдары Алқабек, Білезік, Қаба, Буыршын бойында сәл аялдап, Алтай тауының теріскей бетіне өткенді.
1835 жылы Цин патшалығының орда күнделігінде-“ Қобдаға қарасты Алтай шүршітік урианхай қарауылдарынан жасырынып өтіп келіп қоныстанған қазақтарды ұдайы әскер жіберіп қуғындап қайтарып тұратынбыз. Тексеруімізше, қазақтар Цинь-Лун /1736-1795/ заманынан қазірге дейін урианхай өңіріне жасырынып өтіп келе берген екен. Қазір олардың екі мыңнан аса отбасы кері қайтарылды.Тек, Изағат бастаған алты жүздей отбасы көшпей отыр. Оларды Тарбағатай әмбісі әскер жіберіп қудалауы керек” делінген. Алайда, бұл қазақтарды 1822 жылы Цин патшалығының Улиастай әскери қолбасшылығынан Халха Монголдардан жасақталған 4000 атты әскер жіберіп қазақтарға ойран салғаны тарихтан белгілі. Бірақ, бұл қазақтар Бұлғын өзені бойына 1839 жылы қайтадан оралған еді. Алтай тауының теріскей бетіне қазақтар негізінен күнгей беті арқылы қанат жайғаны жайында ауызша, жазбаша деректер мол.Әрі тарихшыларда солай жазып келгені “келімсек” жайлы әңгімеге арқау болған. Ал, шындығында, шығысқа бет түзеген қазақ миграциясы Алтай тауы аумағын бір мезгілде, біртұтас шарпыды. Қазақстан жерінен тура Алтай тауының солтүстік бетіне жылжығандары да болғанды. Алайда, Асқар Ана Алтай тауының әрқайсы өңірін қазақтар мекен етуі, тұрақты қоныстануы әрқилы болғаны да белгілі. Бұл өңірге қоныс тепкенен кейін шамамен бір ғасыр өткен соң,1860 жылдары Қобда өңіріндегі қазақтардың жан, ауыл саны, мал басы өсіп, осы өңірдің байырғы тұрғындары, нақтылы қауым ретінде көзге түсті. Цин патшалығының құрамында қазақтардың ресми пайда болуы 1864 жылғы Цин патшалығы мен Ресей мемлекеттернің қазақ жерінде жаңа шекара белгілеуінің нәтижесі екені белгілі. Цин патшалығы Қобда өңірі қазақтарына Улиастай әскери қолбасшылығы арқылы билік жүргізіп, оларды Алтай тауының күнбетіне асырып тастауға үнемі әрекет жасап отырды. Соның бірі 1880 жылдары Даян-көлінде қазақ биі Асылбек Көбешұлының басын алса да, Цин өкіметінің шаһадур әмбісі мен Сарысүмбе билеушісі Цагаан Гэгээндер Қобда өңірінің қазақтарын Алтай тауының күнбетіне көшіруді іске асыра алмағаны олардың бұл өңірдің байырғы тұрғындары екендігінің айқын белгісі болды.
1881 жылы қарашаның 15 күнгі Цин орда естелігінде,”Күнгі заласан Қобдадағы қазақтарды насихаттап-иландыру кезінде, олардың көп дүниелерін зорлап алған….Оларды тегіс қайтарып әкелудің орнына олардан ойына келген алман-салығын алып, оларды әбден қинаған. Ал, ол қазақтарды қайта көшіріп келгенше Шын Ан қатарлылар қазақтардың /Қобда қазақтарының Х.М/ көңілін аулай тұрулары керек ” –делінген. 1887 жылғы желтоқсанның 26 күнгі Сокдулинжавтың цин патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде-“Сол жылы тамыз айында Даяннуур, Шіңгіл қатарлы жерлерге Тарбағатайдың басқаруындағы қазақтардан бір мың бірнеше жүз түтін көшіп келіп, өзен бойындағы шөпті жерлерде” мал бағып отырғаны айтылады. Ал,1902 жылғы желтоқсанның 25 күнгі Дуан Шүннің цин патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде-“Алтай тауы, Қобда өзені өңірлері тегінде Қобда өлкесінің жері болатын /немесе, Қобда өлкесі әкімшілігі басқаруындағы/ ол өңірді Тарбағатай аймағына жалға бергеннен кейін / Қобда өлкесі уақытша Тарбағатай аймағымен бір әкімшілік бірлікке біріктірілген/ солтүстік жолдағы қоршау ергенегі құлағандай болды….Қазақтардың мінезі дөрекі, оларға жақсы жерлерді таңдап беріп орналастыруымыз жөн болады” -деп атап көрсетеді. 1904 жылғы Цин патшалығы орда күнделігінде “Қобда өңіріне барушы қазақтардың саны көбейді ” деп тағыда жазылған. 1903 жылы қыркүйектің 17 күнгі цин орда естелігінде, ”Қобданың құзырындағы қазақтардың бас басқарушысы біздің сөзімізге көнбейді. Ол бастықты байлап-матап шекара қарауылына апарғанда қазақтардың бір тобы келіп, оны алып қашып кетті” деген. Цин үкіметіне басқаруға мүмкіндік бермей, үнемі қарсы шығып отырғандықтан Қобда өлкесінің қазақтарын өз ырқына жіберу арқылы басқару саясатын ұстады.
Алайда Цин патшалығы Алтай аймағы, Қобда өлкесіндегі ішкі жағдай, патшалық Ресейдің ықпалының өсуі цин патшалығының осы өңірдегі үстемдігіне қауіп төндіргендей болды. Осыған байланысты, Цин патша ордасы өзінің Алтайдағы басқару органдарын күшейту мақсатымен 1905 жылы Чэн Хуа /Сарысүмбе- монголша Шарсүм-қазіргі ҚХР-ШҰАР-дың ІҚАО-ның Алтай қаласы/ деген жерге цин өкіметінің іс басқару әмбі мекемесін құрып, Алтай аймағын Қобда өлкесінен бөліп алып, Пекиннің тікелей бақылауына алды. Цин патшалығының өкілі Си Хэнь Сарысүмбеге 1905 жылы келіп, Алтай аймағының губернаторы болды. ”Алтай амбаны Си Хэнь өзінің әскер бөлімшесін жасақтау барысында қиыншылыққа тап болып… ол Алтай керейлерін де әскер қатарына шақыруды көздеді.Ақыры, ямынға /әкімшілік/ бес мәрте шақыртып жүріп, Жәдік руының үкірдайы Оспан Шарсүмде болған жиынға келіп қатысты. Бірақ ол әскерге бірде бір адам бере алмайтындығын мәлімдеді. Си Хэнь не істерін білмей қала берді.”
“В ведени правителя Алтайского округа были переданы 13 казахских волостей с числом около 12 тыс. семей, 7 хошунов урянхайцев, 7 хошуна калмыков-торгоутов, насчитывавших 650 семей, и 2 хошуна захчинов из 200 с личним семей…Казахи –в основном керей и абак-керей –кочевали на всей остальной территори смешанно с урянхайцами.В 1912 г., по подсчетам М.Кузьминского, общая численность населения Алтайского округа составляла около 200 тыс человек. Число жителей города Шара-Суме составляло около 5 тыс.” -деп жазады белгілі тарихшы Моисеев В.А “Социально-экономическое и политическое положение алтайских казахов Синьцзяна в 1911-1917 гг” деген мақаласында.
Ал, Бруннерт И.С және Гагальстром В.В- лердің көрсетуінше 1910 жылы Алтай аймағы және Қобда өлкесінің құрылымы төмендегідей болыпты. / Қосымша №1 Алтай аймағы, Қосымша №2 Қобда өлкесі/ . Онда Қобда әкімшілігі немесе Қобда хэбэй-әмбісінің басқаруында жеке қазақ жері кіргені толық айтылғаны осы күнгі Баян-Өлгий, Қобда аймағының қазақтары мекен етіп отырған өңірлер еді. Бұл өлкенің қазақтары 1905-1911 жылдары Қобда хэбэй-әмбісінің басқаруында, ал, 1911 жылы Сыртқы Монголия тәуелсіздігін жариялағанда, қазақтар да жаңа мемлекеттің шаңырағын бірге көтерісіп, оның құрамдас бөлігіне айналды.
Басқаша айтқанда, Алтай тауы, оның ішінде теріскей бетіне қазақтардың қайта табан тигізуі 1751 жылдар, қайта қоныстануы шамамен Цинь-Лун патша заманына, немесе, 1767-1795 жыл аралығыда өткені екені белгілі болып отыр. Олай болса, цин патша орда күнделігінде нақты көрсетілген деректерге қарағанда, осы өңірге қазақтар қайта ірге тепкеннен бері 242-214 жыл өткен деуге негіз бар. Ал,1810-1835 жылдар аралғына келсек, Орта жүздің кейбір руларының ауылдары шектеулі көшіп қонып жүрген, әрі көзге қомақты түсе бастаған кез деуге келеді. 1860-1890 жылдар аралығы болса, көркемдігі толысып, көзге толық түскен кез деуге болады. Басқаша айтқанда, “уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бітімінің табиғи бірлікте көрінеді. Мұндай уақыт қоюланады, сығысады, сөйтіп, көркемдігімен көзге түседі, ал, кеңістік болса шоғырланады, тарихтың сюжеттік, уақыттық қозғалысы бағындырылады.Уақыттың белгілері кеңістікте ашылса, кеңістік уақытпен өлшеніп, уақыт арқылы ұғылады” .Олай болса, бұл өңірде қазақтар белгілі кеңістікке ие болып, уақыт өткен сайын нақтылы бітім мен келбетке келіп, шоғырланып, “көркемдігімен көзге түсуі”- 1860 жылдар деуге болады. 1860 жылдарға шейін ғасырға таяу уақытта қоғамдық тарихты бастан кешіп, этнобио, этномәдени бірлігі айқындалып, өткен заманның тарихи белгілері өз мекендерінде бейнеленіп, тарихты деректендіріп, көзге түсу үрдісі уақытта көрініс тауып, уақыт арқылы ұғылуы деуге келеді.

Құрметхан Мухамадиұлы,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Комментариев нет:
Отправить комментарий