Показаны сообщения с ярлыком Мақала. Показать все сообщения
Показаны сообщения с ярлыком Мақала. Показать все сообщения

вторник, 7 мая 2013 г.

Абақ керейдің ата-тек шежіресі

Абақ керейдің ата-тек шежіресі

Абақ керей 12 атаға бөлінеді.
Бұл бөлініс Қытай қарамағына өткен кезден басталады. Абақ керейдің қайдан, қалай таратылатыны туралы шежірелер көп және оларда бірізділік жоқ, яғни «әркімдікі өзіне жөн» дегенге саяды. Ойғырлық Мәсәли, Дөйтен, Сахария қариялардың мақұлдауы негізіндегі атам Жанаттың (А.Ж) жазып қалдырған шежіресінде Абақтан Изен, Жусан. Изеннен Мағыналы, Сидалы, Жабайды таратады. Мағаналыдан Қойлау, Байлау делінеді. Қойлаудан-Ителі. Абақ Керейдің ішінде ителі руы «ноқта аға» аталады. Ноқта ағаның жолы- ертеде ел көшкенде көсем түйені жетелейді және дастарқанға бата беру, табақтағы сыйлы мүшені кесуде басымдылық беріледі. Байлаудан жәнтекей, жәдік, шеруші рулары тарайды. Сидалыдан жастабан, шимойын, көнсадақ рулары тараған. Жастабан руы негізінен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Шұбартау (қазір Аягөз ауданының құрамында) ауданын мекендейді. Керей Алтайға бет алғанда Қабанбай батыр мен Ақтамберді батыр жыраумен дос-жар Шақантай, Нұралы батырлар найманнан қоныс алып, мекендеп қалған делінеді. Кейіннен бұл өлкеде Абай елі тобықтылар қоңсылас болады. Жастабан-белгілі ғалым-жазушы Мұхтар Мағауиннің елі.Жабайдан қарақас, молқы, сарбас рулары тарайды. Мағыналының қызы Мәулімнен шұбарайғыр тарайды делінеді. Шежірешілер шұбарайғырды керейдің жиені, меркітті жиеншары еді деп қиыстырады. Меркіт – бұдан сегіз жүз жыл бұрын, яғни Шыңғыс хан заманына дейін-ақ Байқал көлінің оңтүстігінде қуатты жеке мемлекет құрған ел болса, ол қалай Керейге жиеншар болмақ.. Шыңғыстың меркіт билеушілеріне деген жеке бастық өшпенділігі салдарынан 1204 жылы қырғынға ұшырап, жеңілген меркіттер Сарыарқаға қашқандығына, 1216 жылы Жошы әскері қазіргі Ырғыз-Торғай өлкесінде Сүбедей әскерінің меркіттерді толық талқандағандығына тарих куә. Осы қырғыннан аман қалған меркіттің азғана бөлігі кейінен керейдің құрамына қосылса керек. Он екі руға бөліну Көгедай төре тұсында, Мәнжі қытайға бағыну кезеңінен бері пайда болса керек. Шындығына келгенде Он екі керейге бірде шимойынды, бірде, жәнтекей ішіндегі құлтайболатты жатқызуы осыны меңзейді. Әр рудың өз таңбасы, ұраны бар. Олар әр рудың жоңғарларға, кейіннен қалмақтарға қарсы күрескен батырларының есімдері:
1. Ителі (Бұқарбай)
2. Жәнтекей (Шақабай)
3. Шеруші (Байтайлақ)
4. Молқы (Машан)
5. Қарақас (Қаптағай)
6. Меркіт (Құлсары)
7. Жастабан (Жобалай)
8. Көнсадақ (Жабай)
9. Шұбарайғыр (Қожаберген)
10. Сарбас (Сарытоқай)
11. Жәдік (Жанат)
12. Шимойын (Әлмембет)
Шеруші руының ұранына айналған ұзынмылтық Байымбет ұлы Байтайлақ батыр-Ер Жәнібектің қарулас серігі болған. Керей Байтайлақ батырдың зираты делінетін төбешік Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы орталығы Талшық кентінің Жаңауылға бұрылған жолайрығы маңындағы қоқыс төгетін орын (свалка) маңына таяу жатыр. Мұны әлі де айқындау қажет. Байтайлақ Семей өлкесінде, Ер Жәнібектің қасында жерленген деген де пікірлер бар. Байтайлақ пен оның баласы Шұбаш батырлар шеруші руын билеген. Кейіннен Ақтай билікті қолға алды.Қожаберген Жәнібекұлы – шұбарайғыр руынан шыққан батыр. Көбінесе осы Абақ Қожаберген батырды Ашамайлы Қожаберген Толыбайұлымен жаңылыс атау кездеседі. Ашамайлы Қожаберген әйгілі батыр, жырау. Атақты әнші Сегіз серінің ұлы атасы. Абақ Қожаберген ойраттың азаткер батыры Амырсанамен жас жағынан шамалас екендігін білеміз.Шеруші руынан шыққан Байғара ұлы Киікбай батырдың бейіті Ақмола облысының Атбасар ауданында Сергеевка селосы маңында делінеді. Қалай болғанда да Киікбай батырдың Қазақстанда жерленгені даусыз.Жәдік, жәнтекей, шеруші рулары туыстас, қанаттас аталады және оларға берген халық мінездемесі де тәмсіл болып айтылады. Жәнтекей- Абақ керейдің жартысынан көбін құрайды. «Керей бұзылса жәнтекейге сыяды, жәнтекей бұзылса, керейге сыймас»,- деген сөз бар.Жәдік баласы: 1. Мәлік 2. Жанат 3. ИтемгенЖанаттан тарайтын рулар: байқазан, жақай, қостай, жарасбай, мұңал, тілел, қыдыр, боқай.Мәліктен тарайтын рулар: байғара, баян, құланбай, көтен.Жәнтекей баласы:1. Сүйімбай2. Сүйіндік3. Сүйіншәлі Сүйімбай баласы:1. Самұрат2. Құты3. Сәмембет 4. Бөкес (Елгелді руы тарайды….Сейсенбай-Самбай-Абай)5. Төлеке (Есіркеп руы тарайды) Сәмембеттен тарайтын рулар: атантай, есентай (барқы, базарқұл, шақабай, түктібай, қыстаубай,т.б.), есембай, 6 тасбике, (ақша, бөрте, қаржау, жаман, сары, елібай), есағасы, қазыбек. Тасбике Ақшадан: Байғон, Байғоннан: Бәйтерек, Бәйтеректен: Байжан, Байжаннан: Уанған Жуанышбай (Қағай), Орайхан, Тоқай, Қуанық. Қағайдан: Абай, Бадай, Шәкерхан, Абзалхан. Орайханнан: Шәмен, Шеріхан, Қанағат. Тоқайдан: Кәмен. Кәменнен: Мұрат, Талғат. Қуандықтан: Шәпен, Жеңісхан, Сепей (Қажыұлы Жанаттың зайыбы). Шәпеннен: Атқазы. Сүйіндік баласы: 1. Алты2. ҚалкеСүйіндіктен тарайтын рулар: жайлау, күнту т.б. Алтыдан: Сары. Сарыдан Бердәулет. Бердәулеттен: Жәнібек батыр. (Керей Ер Жәнібек) Жәнібектің қызы Ермекті (кей деректерде қарындасы) Тобықты Ырғызбай алған. Ырғызбайдан Өскенбай. Өскенбайдан: Құнанбай одан Абай туады.Сүйіншәлі баласы: 1. Қожамжар2. Барақ3. Секел4. Бұлантай.Қожамжардан: Ботағара, Әйтімбет. Әйтімбеттен: Қаражан. Барақтан: Қангелді, Тайлақ. Бұлантай. Бұлантайдан: Көбек.

понедельник, 6 мая 2013 г.

Монғолиядағы қазақтар тарихының кейбір мәселелері /1751-1911 ж.ж/

Монғолиядағы қазақтар тарихының кейбір мәселелері /1751-1911 ж.ж/

Батыс Монғолияда қазақтар қашаннан қоныс тепкені жайы әлі де толық зерттелмеген деуге болады. Қазақ ұлтының үлкен бір шоғыры- Монғолиядағы ата жұртында тұрады. Олар өздері Монғолия Республикасының азаматтары, қоныс тепкені өңіріде Монғолия мемлекетінің территориясы. Солай болсада, олардың ұлты қазақ, заты-қазақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ ұлтының үлкен бір тобы осы аталған мекендеріне қашан, қалай ірге тепкен, жер-суы Монғолия мемлекетінің құрамына қашан өткені жайына ғылыми тұрғыдан анық жауап беру замана талабы болып табылады.
Алтай тауы өңіріне қазақтардың қайта қоныстануының тарихы қазақ халқының ежелгі атамекен ұғымынан туындап, Абылай ханның ұлттық мемлекеттік территорияны қалпына келтіру саясаты мен әрекеті, бірқатар қазақ руларының Іле, Тарбағатай, Алтай аумағына, байырғы атамекеніне шүршіттің жоңғар жорығы аяталудан сәл бұрын оралуымен жалғасты.
«…1750 жылдардан бастап Жоңғарияның жеңілетініне көзі жеткен Қытай, Қазақия, Ресей арасында жоңғардан босаған жерлер арасында талас басталған, оны тарихшылар “трехсторонное соперничество Китая, Казахии, России о разделе Жунгарии” – деп көрсетеді ғалым А. Тоқтабай. Орыс деректері 1750 жылдың өзінде-ақ Қожаберген бастаған керейлердің Хабарға-Базар өзеніне жеткенін көрсетеді. Сонымен қатар осы деректе қазақтың шығысқа қарай жөңкілген көшінің авангарды- керейлер екені атап көрсетіледі .
1750 жылдардан бастап Абылай бастаған қазақ әскері шығыс шекераны азат етіп, Шәуешекке жетеді. Абылай хан шығыстағы ата мекен жерлерді толық бақылауға алу мақсатымен Қожаберген жырауға, Жәнібек, Қотырақ батырларға тапсырма беріп мақсатты түрде Алтай тауы өңіріне өткізеді. Демек, 1758 жылы Цинь империясы жоңғарларды талқандауына дейін, он шақты жыл бұрын қазақтар Алтай тауы өңіріне қайта қоныс тебе бастады деуге негіз барға ұқсайды.
Цин өкіметі 1762 жылы өзінің Іледегі бұрынғы жоңғар басқармасын “ Іле жерін жалпы басқару қолбасшысы” деген атпен қайта құрып, Тәңір тауының оңтүстік және солтүстік аудандарын басқартады. Сол жылы Қобда өлкесінің әкімшілігіде құрылып, Алтай тауында қалған жоңғарларды осы өлкеге бағынышты болғызды. 1757 жылдан Дөрбеттерді Увс өңіріне, Өлеттерді Қобдаға келтіріп, Қобда өлкесін Цин империясы Улиастайдағы әскери қолбасшылығы арқылы басқарды.
Ал, қазақтар болса, 1757 жылдан бастап Цин патшалығына Тарбағатай т.б жерлерді “сыйлап беруін” тілесе де, Цянь-Лун /1736-1796/ патша қабыл алмады. Бірақ, Орта және Ұлы жүздің кейбір тайпалары біртіндеп өздері талап еткен өңірлерге жаппай өтіп қоныстана бастады. Ал, Цянь-Лун патша қазақтарға “шекараны сақтаған жөн. Оны бұзу мақсаты болмасын”-деп сәлем айта отырып, цин әскер қолбасшысы А.Гүйді 2000 әскерімен жіберіп “ шекараны бұзып, өтіп кеткен қазақтарға ақыл айтып кері қайтаруды, жарлыққа бойұсынып қайта көшкендерге сыйлық беруді, ал, айтқанға көнбей, көшпейтіндері болса, күшпен айдап шығыруды, бірақ, өлтірмеуді әрі тұтқындамауды” тапсырды. Бұл жолы қазақтар қайта көшіп кетсе де, онан соң көп уақыт өтпей-ақ Тарбағатайда қазақтар қайта келіп қоныстанып отырғаны мәлім болады. Цин әскерилері қазақтарды тұтқындап, малын тартып алып, кері қуып отырса да қазақтардың қоныстануын тоқтата алмады. Ақырында, 1766 жылдың көктемінен бастап, Цин өкіметі қазақ тайпаларының осы өңірге өтіп қоныстануын ресми түрде мойындады.1767 жылдан бастап Іле, Тарбағатай, Алтай тауларына бұрынғы қоныстанып отырған азғана ауылдарға қазақтар ағылып келіп санын арттыра бастады. Ал, ”Тарбағатай жеріндегі қазақтар бара-бара Ертіс өзенінен өтіп, Қобда кеңесші уәзірінің басқаруындағы Урианхай жеріне кірген. Сөйтіп, Дао Гуан /1821-1851/ патша таққа отырғанның екінші жылына дейін /1823/ “ урианхай жерін жайлаған қазақтардың саны екі мыңға жеткенді ”-ді. Олар негізнен Қарақас Байқан би, Жантекей Барлыбай батыр, Шеруші Шұбаш батыр, Молқы Ештаған батыр бастаған рулар және Жантекейдің Шүйіншалы ауылдары Батыс Алтай тауына өтіп, Марқа көл, Саргер, Мұзбел, Сорқұдық, Дөрелі, Ақжайлау, Жиренбайталды мекен етіп, 1770 жылдары Алқабек, Білезік, Қаба, Буыршын бойында сәл аялдап, Алтай тауының теріскей бетіне өткенді.
1835 жылы Цин патшалығының орда күнделігінде-“ Қобдаға қарасты Алтай шүршітік урианхай қарауылдарынан жасырынып өтіп келіп қоныстанған қазақтарды ұдайы әскер жіберіп қуғындап қайтарып тұратынбыз. Тексеруімізше, қазақтар Цинь-Лун /1736-1795/ заманынан қазірге дейін урианхай өңіріне жасырынып өтіп келе берген екен. Қазір олардың екі мыңнан аса отбасы кері қайтарылды.Тек, Изағат бастаған алты жүздей отбасы көшпей отыр. Оларды Тарбағатай әмбісі әскер жіберіп қудалауы керек” делінген. Алайда, бұл қазақтарды 1822 жылы Цин патшалығының Улиастай әскери қолбасшылығынан Халха Монголдардан жасақталған 4000 атты әскер жіберіп қазақтарға ойран салғаны тарихтан белгілі. Бірақ, бұл қазақтар Бұлғын өзені бойына 1839 жылы қайтадан оралған еді. Алтай тауының теріскей бетіне қазақтар негізінен күнгей беті арқылы қанат жайғаны жайында ауызша, жазбаша деректер мол.Әрі тарихшыларда солай жазып келгені “келімсек” жайлы әңгімеге арқау болған. Ал, шындығында, шығысқа бет түзеген қазақ миграциясы Алтай тауы аумағын бір мезгілде, біртұтас шарпыды. Қазақстан жерінен тура Алтай тауының солтүстік бетіне жылжығандары да болғанды. Алайда, Асқар Ана Алтай тауының әрқайсы өңірін қазақтар мекен етуі, тұрақты қоныстануы әрқилы болғаны да белгілі. Бұл өңірге қоныс тепкенен кейін шамамен бір ғасыр өткен соң,1860 жылдары Қобда өңіріндегі қазақтардың жан, ауыл саны, мал басы өсіп, осы өңірдің байырғы тұрғындары, нақтылы қауым ретінде көзге түсті. Цин патшалығының құрамында қазақтардың ресми пайда болуы 1864 жылғы Цин патшалығы мен Ресей мемлекеттернің қазақ жерінде жаңа шекара белгілеуінің нәтижесі екені белгілі. Цин патшалығы Қобда өңірі қазақтарына Улиастай әскери қолбасшылығы арқылы билік жүргізіп, оларды Алтай тауының күнбетіне асырып тастауға үнемі әрекет жасап отырды. Соның бірі 1880 жылдары Даян-көлінде қазақ биі Асылбек Көбешұлының басын алса да, Цин өкіметінің шаһадур әмбісі мен Сарысүмбе билеушісі Цагаан Гэгээндер Қобда өңірінің қазақтарын Алтай тауының күнбетіне көшіруді іске асыра алмағаны олардың бұл өңірдің байырғы тұрғындары екендігінің айқын белгісі болды.
1881 жылы қарашаның 15 күнгі Цин орда естелігінде,”Күнгі заласан Қобдадағы қазақтарды насихаттап-иландыру кезінде, олардың көп дүниелерін зорлап алған….Оларды тегіс қайтарып әкелудің орнына олардан ойына келген алман-салығын алып, оларды әбден қинаған. Ал, ол қазақтарды қайта көшіріп келгенше Шын Ан қатарлылар қазақтардың /Қобда қазақтарының Х.М/ көңілін аулай тұрулары керек ” –делінген. 1887 жылғы желтоқсанның 26 күнгі Сокдулинжавтың цин патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде-“Сол жылы тамыз айында Даяннуур, Шіңгіл қатарлы жерлерге Тарбағатайдың басқаруындағы қазақтардан бір мың бірнеше жүз түтін көшіп келіп, өзен бойындағы шөпті жерлерде” мал бағып отырғаны айтылады. Ал,1902 жылғы желтоқсанның 25 күнгі Дуан Шүннің цин патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде-“Алтай тауы, Қобда өзені өңірлері тегінде Қобда өлкесінің жері болатын /немесе, Қобда өлкесі әкімшілігі басқаруындағы/ ол өңірді Тарбағатай аймағына жалға бергеннен кейін / Қобда өлкесі уақытша Тарбағатай аймағымен бір әкімшілік бірлікке біріктірілген/ солтүстік жолдағы қоршау ергенегі құлағандай болды….Қазақтардың мінезі дөрекі, оларға жақсы жерлерді таңдап беріп орналастыруымыз жөн болады” -деп атап көрсетеді. 1904 жылғы Цин патшалығы орда күнделігінде “Қобда өңіріне барушы қазақтардың саны көбейді ” деп тағыда жазылған. 1903 жылы қыркүйектің 17 күнгі цин орда естелігінде, ”Қобданың құзырындағы қазақтардың бас басқарушысы біздің сөзімізге көнбейді. Ол бастықты байлап-матап шекара қарауылына апарғанда қазақтардың бір тобы келіп, оны алып қашып кетті” деген. Цин үкіметіне басқаруға мүмкіндік бермей, үнемі қарсы шығып отырғандықтан Қобда өлкесінің қазақтарын өз ырқына жіберу арқылы басқару саясатын ұстады.
Алайда Цин патшалығы Алтай аймағы, Қобда өлкесіндегі ішкі жағдай, патшалық Ресейдің ықпалының өсуі цин патшалығының осы өңірдегі үстемдігіне қауіп төндіргендей болды. Осыған байланысты, Цин патша ордасы өзінің Алтайдағы басқару органдарын күшейту мақсатымен 1905 жылы Чэн Хуа /Сарысүмбе- монголша Шарсүм-қазіргі ҚХР-ШҰАР-дың ІҚАО-ның Алтай қаласы/ деген жерге цин өкіметінің іс басқару әмбі мекемесін құрып, Алтай аймағын Қобда өлкесінен бөліп алып, Пекиннің тікелей бақылауына алды. Цин патшалығының өкілі Си Хэнь Сарысүмбеге 1905 жылы келіп, Алтай аймағының губернаторы болды. ”Алтай амбаны Си Хэнь өзінің әскер бөлімшесін жасақтау барысында қиыншылыққа тап болып… ол Алтай керейлерін де әскер қатарына шақыруды көздеді.Ақыры, ямынға /әкімшілік/ бес мәрте шақыртып жүріп, Жәдік руының үкірдайы Оспан Шарсүмде болған жиынға келіп қатысты. Бірақ ол әскерге бірде бір адам бере алмайтындығын мәлімдеді. Си Хэнь не істерін білмей қала берді.”
“В ведени правителя Алтайского округа были переданы 13 казахских волостей с числом около 12 тыс. семей, 7 хошунов урянхайцев, 7 хошуна калмыков-торгоутов, насчитывавших 650 семей, и 2 хошуна захчинов из 200 с личним семей…Казахи –в основном керей и абак-керей –кочевали на всей остальной территори смешанно с урянхайцами.В 1912 г., по подсчетам М.Кузьминского, общая численность населения Алтайского округа составляла около 200 тыс человек. Число жителей города Шара-Суме составляло около 5 тыс.” -деп жазады белгілі тарихшы Моисеев В.А “Социально-экономическое и политическое положение алтайских казахов Синьцзяна в 1911-1917 гг” деген мақаласында.
Ал, Бруннерт И.С және Гагальстром В.В- лердің көрсетуінше 1910 жылы Алтай аймағы және Қобда өлкесінің құрылымы төмендегідей болыпты. / Қосымша №1 Алтай аймағы, Қосымша №2 Қобда өлкесі/ . Онда Қобда әкімшілігі немесе Қобда хэбэй-әмбісінің басқаруында жеке қазақ жері кіргені толық айтылғаны осы күнгі Баян-Өлгий, Қобда аймағының қазақтары мекен етіп отырған өңірлер еді. Бұл өлкенің қазақтары 1905-1911 жылдары Қобда хэбэй-әмбісінің басқаруында, ал, 1911 жылы Сыртқы Монголия тәуелсіздігін жариялағанда, қазақтар да жаңа мемлекеттің шаңырағын бірге көтерісіп, оның құрамдас бөлігіне айналды.
Басқаша айтқанда, Алтай тауы, оның ішінде теріскей бетіне қазақтардың қайта табан тигізуі 1751 жылдар, қайта қоныстануы шамамен Цинь-Лун патша заманына, немесе, 1767-1795 жыл аралығыда өткені екені белгілі болып отыр. Олай болса, цин патша орда күнделігінде нақты көрсетілген деректерге қарағанда, осы өңірге қазақтар қайта ірге тепкеннен бері 242-214 жыл өткен деуге негіз бар. Ал,1810-1835 жылдар аралғына келсек, Орта жүздің кейбір руларының ауылдары шектеулі көшіп қонып жүрген, әрі көзге қомақты түсе бастаған кез деуге келеді. 1860-1890 жылдар аралығы болса, көркемдігі толысып, көзге толық түскен кез деуге болады. Басқаша айтқанда, “уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бітімінің табиғи бірлікте көрінеді. Мұндай уақыт қоюланады, сығысады, сөйтіп, көркемдігімен көзге түседі, ал, кеңістік болса шоғырланады, тарихтың сюжеттік, уақыттық қозғалысы бағындырылады.Уақыттың белгілері кеңістікте ашылса, кеңістік уақытпен өлшеніп, уақыт арқылы ұғылады” .Олай болса, бұл өңірде қазақтар белгілі кеңістікке ие болып, уақыт өткен сайын нақтылы бітім мен келбетке келіп, шоғырланып, “көркемдігімен көзге түсуі”- 1860 жылдар деуге болады. 1860 жылдарға шейін ғасырға таяу уақытта қоғамдық тарихты бастан кешіп, этнобио, этномәдени бірлігі айқындалып, өткен заманның тарихи белгілері өз мекендерінде бейнеленіп, тарихты деректендіріп, көзге түсу үрдісі уақытта көрініс тауып, уақыт арқылы ұғылуы деуге келеді.
Алтай тауының терісей бетіндегі кеңістікте табан тіреген қазақтар этнобио, этномәдени, қоғамдық дамуда кеңістік пен уақыт белгілерінің табиғи бірлігінде – қазақ этникалық тобы келбетінде тарих саханасына шығуы XIX ғасырдың бел ортасы деп көруге болады.
Құрметхан Мухамадиұлы,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Бір ру ел тарихы немесе Хобда бетіндегі Жағалбайлылар

Бір ру ел тарихы немесе Хобда бетіндегі Жағалбайлылар

Жағалбайлы руы негізінен Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтыны баршаға мәлім. Олар еліміздің батысын қоныстанған көне ру. Жалпы тарихта Жағалбайлы атаулы мемлекет болғаны белгілі. «Жағалбайлы жалпақ ел» атануыда тегіннен тегін болмаса керек.
Осы рулы елдің біразы Монғолия мемлекетінің Хобда бетін 19 ғасырдың орта тұсынан бері мекен етіп, ұрпақ өрбітіп келеді. Баян-Өлгий аймағы Улаанхус (Қызыл қайын) сумынына қарасты Соғақ деген жерде Баянтаудың баурайында Түкпіркөл атанған шұрайлы мекен бар. Жазда ел жайлауға кеткенде сол көлді құстар мекен етсе, қоңыр күзде ел етекке түсіп, күзеуі мен қыстауы болар құтты қонысы. Түкпіркөлдің Баянтау жақ жиегі негізінен сол Жағалбайлы мен Уақ, Шеруші руларының қонысы.
Монғолиядағы Жағалбайлылар Баян-Өлгий қаласында, Улаанхуус сумынында, негізінен Соғақ, соның ішінде Түкпіркөлде жиі шоғырланған. Жазғы жайлауы Баянтаудың басы болып келеді. Тек бір екілі үй ғана Алтанцөгце сумыны мен Монғолияның өзге аймақтарында жұмыс барысымен қоныстанғаны болмаса, негізгі ата қонысы осы Соғақ өлкесі.
Сонау Қазақстанның батысындағы Жағалбайлының жұрнағы онда неғып жүр деген сұрақ туындау заңды. Тіптен бұл жағалбайлыларды «Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтын Жағалбайлылардан емес, Шеруші руы мен Төлектен, және Найманның қызының баласынан тарайтын ұрпақ, Жағалбайлы Бақаттың Наймандардан сатып алған баласы» дейтіндер де табылады. Бірақ, Монғолия қазақтарындағы Жағалбайлылар: «Біз Кіші жүз ішіндегі Жетірудан тарайтын Жағалбайлымыз»,-деген ұстанымнан жаңылған емес.
Негізінен Монғолия жағалбайларының нақты Жағалбайлы руынан екендігі даусыз. Бұған дәлел де, дәйекте бар. Қазақ деген халықтың басынан небір ауыр қасірет пен қайғылар өтпеді. Жалпы Монғолияға қазақтар Қытайдың Алтай өлкесінен барғаны мәлім. Ал Алтай өлкесіне қазақтардың қалай қоныс тебуін айтып жатудың өзі артық болар. Жаушылық заманда үдіре көшкен Керейдің Сыр бойына одан соң батысқа Ор өңіріне барып, онда да қоныстай алмай қайта 1760 жылдар шамасында шығысқа көшкеніне тарих куә. Шығысқа бет алған Керейге жолай басқа да рулар мен тайпалар ере көшеді. Бұған дәлел сол Баян-Өлгий өлкесін мекендеген Орта жүзден Уақтың және де Төрелер мен Қожалардың тағы да басқа рулардың болуы. Бұл жөнінде белгілі ғалымдардың шығармаларында, жазбаларында айтылып кеткен. Жағалбайлының ол өлкеге қоныстануы да осы себептен болса керек.
Жалпы жағалбайлының Монғлияға келу тарихы өте күрделі болып келеді. Бұл жөнінде жазба деректер де жоқ. Тек ұрпақтан ұрпаққа көне көз қарттардың тарататын шежірелерінен ғана мәлім. Бұл үрдіс жалпы қазаққа тән. Монғолия жағалбайларының шежіресін негізінен Көксеген мен Махмет деген екі шалдан басқа анық білер адам жоқ дейді қарттар. Өкінішке орай ол екі адам да елеусіз дүниеден өтті. Оның үстінде социалистік қоғамда тегін тектейтін ешкім болмады. Әйтеуір қазақ па қазақ болып жүре берді.
Жалпы ондағы жағалбайлыларды Шерушінің Бақат батыры тауып алған бала деушілер бар дедік. Ал ол неғылған бала?.. Шерушінің жағалбайлыны өзінен тарататыны осыдан басталады. Айдаладан табылған баланың ата-анасы, ағайын-туысы болмауы, тегі-руы болмауы мүмкін емес. Ол бала ғайыптан пайда болуы да санаға сыймайды. Осы жағалбайлы руының негізгі тарихы жайлы ел аузында бір екі пікір бар. Енді осы әңгімеге бұрылсақ.
«Бірде Бақат батыр жау шауып кеткен ауылдың үстінен түседі. Жау ауылдағы барлық тірі пендені қырып кеткен екен. Өртке оранған ауыл, қырылған жұрт. Ішінде жүкті әйелдер мен жас бала, қарттар да бар. Яғни, бір ауылдан тірі пенде қоймай қырып кеткен. Ауылдың ауыр қайғысының үстінен түскен Бақат батыр жылаған баланың дауысын естиді. Қасындағы сарбаздарымен баланың даусы шыққан жаққа бет алады. Ауылдан алыстау бір жарқабақтың астынан бір ересек бір кішкентай екі баланы тауып алады. Бақат батыр баланы уатып, атым кім, кімнің баласысын, тегін кім деп сұрайды. Сонда тілі жаңа ғана шыққан ересегі тұрып: «Жағалбайлы» деп жауап беріпті». Одан әрі бұл тарих былай өрбиді: «Жау шапқан ауылдан тауып алған екі баланы Бақат батыр өз үйіне әкеледі де қамқорлыққа алады. Ересегіне Жағалбай, кішісіне Жағабай деп ат қояды».
Көне көз қариялардың айтуы бойынша Жағабайдың тағдыры белгісіз. Одан ұрпақ болмаған. Ал Жағалбайдан біз тараймыз. Сол Жағалбай ер жеткен соң Бақат батыр оған еншісін бөліп беріп, бөлек отау етіп шығарады. Жаңа айтып өткенімдей Бақат Жағалбайға еншісін бергенде таңбасын да бергені анық. Бұл жалпы қазаққа ортақ дәстүр. Бақат батыр баланың қайдан шыққаның, тегін жақсы білген. Оған Жағалбайлының Айбалта таңбасын беріпті. Жағалбайлылардың біз «Кішіжүзбіз, Жетіруданбыз, Жағалбайлымыз» деуінің енді бір дәлелі осы.
Ал Найманның қызының баласы деуінін негізі, сол Жағалбайлы ер жетіп Найманның қызына үйленеді. Бірақ, қалай екені беймәлім Жағалбай өледі де наймандар қызын баласымен алып кетеді. «Қазақта жесір дауы мен жер дауы» деген үлкен іс болған. Қазақ жесірін қанғытпай, жетімін жылатпаған ел. Жағалбай өлген соң найманның қызымен бірге кеткен бір ата ұрпағын кері қайтарып алу Бақаттың басты мақсаты болған. Баланы қайтарып алмақ үшін Бақат наймандарға барып баланы сұрайды.
Сол кезде Шеруші руы бойынша Бақат батыр да ма, әлде басқа біреуде ме әйтеуір «Ақберен» атты жалғыз мылтық болса керек. Наймандар баланың өтеуіне сол мылтықты сұрайды. Шерушілер мылтықты беріп баланы қайтарып алады. Міне осы жерде Жағалбайдың «найманның қызының баласы немесе наймандардан сатып алған бала» делінуі осы болса керек. Баланы мылтыққа сатып алғандығы жөнінде Шеруші руынан Мыса деген адамның жазған шежіресінде кедеседі. Жалпы осы күнге дейін Монғолия жағалбайына басында айтқанымдай Шеруші руынан тарайтын біраз рулар таласып келеді.
Бұл аңыз-әңгіме қаншалықты ақиқатқа жақын екендігін бір Алла біледі. Өйткені сонау Ор өңірінен тек бір ауыл, немесе бір-екі үй ғана көшіп барып, түп-тұқиятымен құрып кетуі де мүмкін емес. Солай болған күннің өзінде, айтылған аңыз-әңгіменің желісі бойынша да Монғолиядағы жағалбайлылардың түп-төркіні Жетірудан екендігі аңғарылып тұр.
Бұл арада Шерушінің Бақат батырының даналығы мен көрегендігі, жанашырлығы өте жоғары екендігі көрінеді. Торғайдай тозып, шартарапқа шашылған исі қазақ баласының бір ұрпағы болса да, аз үйдің өз тегін ұмытып, өзге руға сіңіп кетпесін, жер бетінде өз тегін ұмытпай өмір сүрсін деген ұлы ісінің бір көрінісі.
Қалай болғанымен де Моңғолия жағалбайлыларының арғы тегі Кіші жүз, оның ішінде Жетіру, одан тарайтын Жағалбайлы ұрпағымен қаны бір екендігі ақиқат. Оған нақты тағы бір дәлел таңбасы. Бүгінге дейін сол жағалбайлылар түйе, жылқы, сиыр сынды ірі малдарына тұмар таңбасын, ал қой, ешкіге аша таңбасын басып келеді.
Тұмар таңбасы дегеніміз бұл үшбұрышты таңба. Яғни, балтаның басы. Қариялардың айтуы бойынша бұрын бұл таңба сапты балта негізінде басылып келген. Бертін келе малға басқанға оңтайландырып тұмар болдырған. Айбалта таңбасы Жағалбайлардың көне таңбасы, ал аша таңба Таналардың таңбасы екендігі мәлім. Бұл екі таңбаны монғолия қазақтарында, соның ішінде Соғақ өлкесіндегі қазақтардан Жағалбайлылардан басқа ешкім баспайды. Тек монғолдардың бірен сараны ғана басып жүр.
Ендігі бір сұрақ Жағалбайлылар тек Хобда бетінде ғана ма? Бұл жөнінен тағы да ауыз толтырып айтар дәлел де жоқ. Тек Қытайдың Алтай өлкесінде де жағалбайлылардың ұрпағы тұратындығы ел аузында айтылып жүр. Олар өздерін Найманбыз дейтін көрінеді. Бұл аз рудың ұлы руға сіңісіп кеткендігінің көрінісі. Бірақ, олардың не үшін найманбыз дейтіндері түсініксіз. Мүмкін Памир асып, шашылған құмалақтай болып өзге шет елге асқан қазақтардың арасында да жағалбайлылардың ұрпағы кетпесіне кім кепіл. Мүмкін олардың ұрпақтары бүгін өздерін жағалбайлы екендіктерін білмейтін де шығар.
Бұл екі көріністің де өзге елдегі Жағалбайлылардың тегін сақтап қалуы үшін қаншалықты ауыр болғандығын көреміз. Бірі өзге руға сіңісіп кетсе, бірі әзер деп қариялардың арқасында тегін сақтап қалған.

Қобда аймағындағы қазақтардың тіліне қауіп төніп тұр


Қобда аймағындағы қазақтардың тіліне қауіп төніп тұр

Моңғолияның Қобда (Ховд) бетіне қазақтар алғаш 1880-жылдан бастап қоныстана бастады. Сол кезде Қытайдан қысым көрген қандастарымызға Моңғол мемлекеті жылы қабақ танытып, бауырына тартты. Ал 40-жылдарға қарай Моңғол қазақтарының көбі Баян-Өлгей аймағына бөлініп шықты. Бүгінгі таңда Қобда аймағында 90 мыңға жуық халық тұрса, соның 16 пайызын қазақтар құрайды. Аймақ орталығынан басқа алты сұмында қандастарымыз тіршілік етіп келеді. 

Қазақ елі Тәуелсіздік алған соң, 1991-жылдан бастап Моңғолия қазақтарының іргесі сөгіліп, атажұртқа жаппай көше бастағаны белгілі. Осы уақыттан бері Қобда аймағындағы қазақтардың үштен екісі атамекенге қоныс аударған. Ендігі қалған азғана қазақтың да тарихи Отандарына көшуге құлшыныстары басым. Алайда дәл қазіргі таңда әлемде қаулап тұрған экономикалық дағдарыс пен Моңғолиядағы соңғы бірнеше жылдағы құрғақшылық қолбайлау болып тұр. Мұндағы халықтың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Кейінгі екі-үш жылда аспаннан тамшы тамбай, табиғат тозып, мал азығы азайып кетті. Оның үстіне, мал басының көптігінен жайылым жетіспейді. Тек Қобда аймағындағы мал басы 2,7 миллионға жеткен. Мал көбейген сайын, оның өнімі де арзандаған. Мал өнімінің құнсыздануы салдарынан, үкіметтен алған несиелерін қайтара алмай отырғандар көп. Ол да көшке тұсау. «Малым – жанымның садағасы» деп өскен қазақ не істерлерін білмей дал. Кейбіреулерінің туыстары алғашқы апыр-топырмен ата­жұртқа әлдеқашан өтіп кеткен. Ал енді біреулерінің балалары Қазақстанға оқуға келіп, тұрақтанып қалған. Солардың артынан баруға «жомарттың қолын жоқтық байлап» отыр. Жыл сайын Қазақстан мемлекетінен берілетін көші-қон квотасы пысықайлардың бизнесіне айналған. Қазақстанға келіп, екі-үш рет квота «соғып», қалтаны қампайтып алған соң, кері қарай тайып тұратындар, шын ниетімен көшіп келгісі келетіндердің жолын бөгеп жүр. Құдайдың берген ғұмырын қайда да кешуге болады ғой, алайда Қобда аймағындағы қазақтарға салт-дәстүр, тілден айырылып қалатын қауіп төніп тұр. Аймақ орталығында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Мәселен, Қобдадағы №2-орта мектепте 600-ге тарта қазақ баласы оқып жатқанына қарамастан, білім беру моңғол тілінде жүргізіледі. 98 пайызын қазақтар құрайтын Қобда аймағының Қобда сұмынында ғана бастауыш білім қазақша оқытылады. 
Қобда аймағында Қазақстан, Хабар, Ел-арна, Астана қатарлы телеарналарды тамашалай алады. Бірақ газет журналдардың жетіспеушілігі мұнда да байқалады. Демек, мұндағы қазақтардың болашақ ұрпақ үшін алаңдайтын жөні бар.

Батыр Баукең және КСРО-ның сайқал саясаты..

Тарихты ешкім өзінше бұрмалай алмайдыда,қашанда  өзгертіпте, көмескілепте жасыра да алмайды.Әр дәуірдің ұрпағы өзінше қортып сараптап өз бағаларын беріп отырумен бірге кеиіпкеріміз  Баукең яғный қазақтың ұлы тұлғаларының біріде бірегеиі Бауыржан Момышұлын үлгі тұтумен бірге ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау деисің бе?Әрі  әр қырынан тану жалғасын  таба берері қақ.
Баукең әр шайқастан кейін есеп беріп баяндама жазғанда сол шайқасты кең отырып, жан-жақты талқылап орыстың генерал сымақтардың қателігін бетің-жүзің демей жазуы, жоғарғыдағы бет терісі қалың шен шекпенділер жақтырта қоймаған еді. Әскери стратегиялық шайқасты шебер  құра білетін Бауеңнің көз алдында алғы шепке өз қандастары түркі тектес халықтарды соңында орыстарды соғысқа салу көзі ашық,көкірегі ояу  Бауыржандай касби маманның олардың онысын пайымдай алмау мүмкін еместе! соны айтып жазбау даланың баласының жан дүниесіне ар ұжданына  сыймайтын қылық еді.Олар соғыс біткенше Баукеңді ең-ең  кербаққан жерлерге айдап отырды.Сөйтседе басқалар өз қарамағандағы әскерді қырып алып өздері келіп жүргенде Баукең қыйын сәтерде бір зеңбірек, мылтығын да тастамай қайта жауларын кырып олжалы оралуы дала ұлының қол бастап соғыса алатыны, үшқыр ой,озық тәжирибесі, қас қығымда дұрыс шешім шығара алатын көрегендігі өз әріптестерініңде  Мәсеудіңде жынына тиетін еді.Содан ба аты суық кісі, Сталиннің өзі Бауыржанға « -Ой алда сен Қазақсыңба?»-деп таң қалуы көп жайтты анғартатын әңгіме.Қазақ  деген ұлы халықты ешқашан бұғауда ұстап отыра алмайсыңдар дегенді Баукең  40 – жылдардың ортасында қызыл имперяға дәлелдеп кеткенін енді аңғарып жатқанымыз жоқ па…”Орыс шовинизмінің салдарынан Баукеңе КСРО Батыры атағы, тіпті генерал шені берілмей қалды. Ал ол кісі генерал болуға лайық, тіпті Маршал да тақиясына тар келмес еді. Бірақ Баукеңнің тік, тура мінезі үшін оны шовинистік басшылық сылтау қылып ұнатпады.Өз боданындағы төменгі сатылы ұлттан қайсар ұлдың ұшқыр қиялымен шексіз кең білімді Қазақ баласы ешкімге басын имейтін айбарлы ұлға соқтығар сылтау таба алмасада ,Әскери академияны үздік бітіргендерді корпус командирі немесе дивизия командирі қылып жібереді. Әскери академияны үздік бітірген Баукеңді сонау Сібірдегі бригада командирінің орынбасары етіп жіберді. Бұл барып тұрған шовинистік көзқарас, Баукеңнің білімін, біліктілігін, дәрежесін көра алмаушылық еді. Баукеңді жақсы білетіндердің айтуынша екі рет КСРО батыры атағына ұсынылған екен. Алғаш рет Панфилов тірі кезінде ұсынған еді. Бірақ соғыс кезінде штабқа бомба түсіп, ол құжаттар өртеніп кетті. Содан жоғарыға жіберілмей қалды. Бұл жерде Панфиловтың өзіне де бомба түсуінің күмәнді тұстары сол кезде айтылса талай бомбаның тағы жарылыуыда мұмкін еді…Екінші рет Панфилов қайтыс болғаннан кейін дивизияның бұрынғы штаб бастығы, полковник Серебряков деген кісі ұсынды.”Ұсыныс Мәскеуге келіп түскеннен кейін Мәскеу Қазақстан басшылығынан «осы кісі Батыр атағын алуға лайық па, жоқ па?» деген мінездеме сұрайды. Бұған сол кездегі Қазақстан басшылары Н.Оңдасынов пен Ж.Шаяхметов қарсы болып, атақ берілмей қалған. Баукеңе шен шекпен бергісі келсе өзі билеп төстеп отырған КСРО бұндай істі ҚазақСТАНмен еш ақылдаспаушы еді ғой. Жалғыз күнде ататынды да, қылқындырып асатынды да Мәскеу өзі шеше беретін-ді. Баукеңе бергісі келмеген соң сөз бұйдаға салып Қазақстанға шылбыр ұшын сілтей салған Мәскеудің ондай сұрқыялығын жеті менгерген жалтоқой басшылар Мәскеудің көңілінен шығатын шешім жіберген тарихты ешкім жоққа шығара алмайды. Кейін Н.Оңдасын кешірім сұрап, Баукеңнің үйіне келген. Баукеңе деген көңілінің ақ екенін білдіргісі келіп Ол кісі Баукеңе өзінің «Арабша-қазақша сөздік» және «Парсыша-қазақша сөздік» деген екі кітабын сыйға әкелдім дейді. Сонда Баукең шкафтан Нерудің үлкен екі кітабын әкеліп, жаңағы кітапшалардың үстінен қойып Баукең: «Сіз айдауда болдыңыз ба, тұтқында болдыңыз ба?» – деп сұрайды. Н.Оңдасынов: «Жоқ, құдай сақтасын», – дейді. Сонда Баукең: «Бұл үлкен екі кітапты Үндістан басшысы түрмеде отырып, айдауда жүріп жазған. Ал сіз мемлекет басшысы болғаннан кейін сөздік сияқты өзіңізге бейтаныс іспен шұғылданбай, халықтың тарихына байланысты осындай үлкен еңбектер қалдыруыңыз керек еді ғой. Ағылшындарда Черчилль деген ұзақ жыл ел басқарған премьер-министр болды. Сол кісі отставкаға шыққан соң, он жыл бойы өле-өлгенше құжаттардың негізінде, өзінің білгенінше ағылшын тарихы қамтылған 10 том мемуар жазып қалдырған. Сіздің де сөйтуіңіз керек еді», – деп сөзін түйеді.
Соңында Оңдасынов: «Сені Батыр атағына ұсынған кезде біз қарсы болып едік. Сенен кешірім сұрайын деп келіп едім», – деп кешірім сұрапты.
Баукең қолын бір-ақ сілтеп: «Бұл – өткен іс. Өткен іске өкінбеймін», – дейді.
Бұл жерде Н.Оңдасынов пен Ж.Шаяхмет сол кезден кейінде Батырға ұсына салуға мүмкіндігі де қолдарында билігіде бар еді. Олардың заманында өздеріне қазақтан бір Батырдың шығып жатқаны мақтанш еді.
Бірақ Баукеңдей қазақы ұлт жанды ұлдың КСРО ға жақпайтынын білген содан ондай іске баруға батылдары жетпеген,Ал батырға ұсынған кунің өзінде өздері жоғарғыға сенімсіз болып қалудан қорқанда болу керек, тіпті қазіргі деректерде Н.Оңдасыновтың Баукеңнен кешірім сұраған хаты да бар деп жүр… Ол рас болса. Ұлы Баукеңнің шен шекпен мен мәртебесінің өсіп кетуіне КСРО қорыққан. Қазақты 300 жыл бодандықта ұстаған сайқал саясатына қазақтар тым мойын ұсына қоймағандығы ,іштерінде Қазақылық қайнап жатқандығы,Өздернің не бір сұрқыя саясаты әлсіз екендігін сезінумен бірге қазақтардың қазақылығы асқақатап руқтанып кетуін қаламаған! Ел шетін жау шауып қазақтар соғыс соғыс деп анда мұнда жанын салып қырылып, қаншама жап жас боздақтар өздері қалап соғысқа атанып,қандары суша шашылып жатқанда да КСРО ның ұлттық отаршылдық саясаты жалғасып жатқанын қандай жеркенішті деші.Баукең 1941 жылдың өзінде 19-шы гвардиялық атқыштар полкына командир болып жүріп- ақ Мәскеуге келген жауды тосып алып,ерен қабілетінің арқасында  тас талқанын шығарған Баукеңді амалсыздан Ленин Орденімен марапаттаған еді.Іле шала Панфиловшылар дивизиясында ерен қабілетімен жаумен  алысқан  командир аты бар әлемге жайылды ғой …Осыдан кейін Баукеңде артқа тартып алды.Бірақ КСРО-ның бүйрегі бұрған офицерлері жырғатпады арт-артынан жеңілді ,Кеңес  әскерлері аз қырылмады.Ақыры алғы шепке қайта салды Қайда барсада Баукең ерен қабілетімен өз қол астындағы мыңға тарта әскерінің қамын жеп,оларды қорғай отырып  жаудың талқандап жеңіп шықты ..Сондағы КСРО Баукеңді 2 рет Қызыл ту орденімен  марапаттады одан жоғарғыға өрлетпеді.
Екінші дүние жүзілік соғыста қазақтың қандай соғысқанын сондағы шен шекпен алған батырлардың дәрежесімен салыстырып айтатын болсақ, Ұлы Отан соғысында КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Бұған қарап 300 жыл қазақты тұқыртып ұстап отарладық деген қазақтың бойындағы батырлық қайсарлық пен қайраттылық отанға деген сүйіспеншіліктің қайнап жатқанын аңғару қиын емес қой … Оның үстінде 2-3 танкі жойып батыр бола салған орыс ұлтынан көптеп шықса 20-30 дан астам танкіні бір өзі 100-300 астам фашизімнің көзін құртқан талай қазақтың ерлігі еленбей қалғанын ескерсек .. Бұл көрсеткіштер арқылы қазақтың қайсар ұлт екенін екінші дүние жүзлік соғыс қайта дәлелдеді.2-дүние жүзілік соғысты көп зерттеген Европалықтар қазақтардың қайтпас ерлігі жайлы бас шайқап көп жазды.Ал Мәскеу оған еш елжіреген жоқ.
КСРО-ның батыры қазақтың белгілі жазушысы Мәліктің сөзімен айтсақ,”-орыстар батыр болу үшін бір рет көзге түссе жетіп жатыр.Қазақтар оны екі есе істегенде ғана көзге түсе аласың,  оның өзінде сол еңбегің  жүз не мың қазақтың  біреуі ғана бағаланып  батыр атанды ғой”- деп айтқанын ақиқат пен аңыз кітабында Нұршайық батыр ашық айқын жазған.Сол Мәлік бен Төлеген екеуін  Бауыржан жоғарғыға батыр атағын алуға  анықтама бергізгенін егер -”Бауыржан Момышұлы болмаса біздің еңбек бағалануы бағаланады ғой бірақ жоғарғы жақ Батыр атағын  бере салуы қыйын еді” -деп  Мәлік өле-өлгенше айтып өткенді.Бұл жерде Баукеңнің ірі тұлғасымен, қазақи адемгершілігі қайда жүрседе қазақ ұлтының  нағыз ұлт жанды ұлы екенін болашақ ұрпақ мәңілік аңыз етер ерліктерінің бірі деп мақтанамыз.Тағыда батыр Мәлік -”біз ерен бірнеше ерлігімізбен көзге түссек Баукең батыр болуға лайық 100 астам ерлік жасаған кісі”- деп Баукең ерліктеріне құлай табынушы еді .Қайран Қазақтың марғасқа ұлдары-ай қыйын заманда да  бір-бірін ұлықтап батыр-деп өткен .
Соғыста 11,500 ден астам адам  Совет Одағының батыр деген атаққа ие болды.Соның ішінде 104 адам осы атақты 2 рет алса 3 адамға  -үш реп беріпті.Ал Маршал Г.К.Жуков осы атақты 4 рет алған.Тіпті тылдағылардың өзіне еңбек ері деп қаншама медалды қанарлап таратқанын жазғандар көп болды.Бірақ біздің Баукеңе яғынй халқымыздың бір туар ұлы Бауыржан Момышұлына бұл атақты ерен ерліктері бола турсада бергізбеді.
Бүгінгі таңда Мәскеу жеңіс күнін дүркіретіп отырып тойлатады. Қаншама қыршын кеткен қазақ жастарының атын атап ерен ерліктерін түгендеді ме? Баукеңді дейміз-ау Ту тіккен Қошқарбайды да кейінге ысырып тастауына не дейміз?.Біле тура- әй..дей.. алмай жүрміз ғой! Озбыр ұлттың қашанда озбырлығы үстем тұрады..
Іштей жалтақой дәуірде жағымпаздықтан жан сақтап жұрген  өз қандастарынна разы емес Баукеңнің қайратты мінезін,қайсар  қылығын естіп,оқып өсекте біз Баукеңнің КСРОның отаршылдығына қарсылығын сол кезде қалай білдіргенін енді енді байқаймыз-ау.Қайран Бауке неткен алып едің.Сенің биіктігің алыстаған сайын асқарланып,мәуелеп көріне береді екен  екен ғой.
Жанарбек Ақыбиұлы

Сұлтан Бейбарыс

Сұлтан Бейбарыс

Қыпшақтан шыққан мәмлүк сұлтаны аз-Заһир Бейбарыс әл-Бундуқдари үлкен жетістіктері үшін тарихта аты қалған әміршілердің бірі, әрі бірегейі. Ол күллі Ислам дүниесінің дамуына өзіндік үлес қосқан Мысыр сұлтаны, барша мұсылманға ортақ тұлғалардың бірі. Оның заманында Мысырда үлкен құрылыстар басталып, экономикасы қарқынды дамып, елдің даңқы артып, сұлтанның есімі тарихта мәңгі қалды.
Қазірде Мысырдағы Бейбарыс сұлтан дәуірінде салынған ескерткіштер сол замандағы ел дамуының көрсеткіші іспеттес.
    Тегі

Оның толық аты-жөні Рукнуддин Бейбарыс әл-Бундуқдари. Шамамен 1223 жылы Еділ бойындағы қыпшақ даласында туылған. Бейбарыс жастайынан моңғолдардың тұтқынына түсіп, Шамның құл базарында сатылады. Оны Дамашықтың әл-Ғаммад ас-Саиғ деген байы сатып алады. Содан соң одан әмір Алауддин Айдекин әл-Бундуқдари сатып алады. Бейбарыс жаңа қожайынының лақаб атымен Бейбарыс әл-Бундуқдари деп аталады. Көп ұзамай Бейбарыс әмірдің барлық дүние-мүлкін, құлдары мен күңдерін тәркілеген патша Нәжмуддин Аййубтың қол астына өтеді. Мұнда ол әмір Ақтайдың басқаруындағы бахри мәмлүктер жауынгерлерінің қатарына енеді. Уақыт өте Бейбарыс жауынгерлік шеберлігімен ерекше көзге түседі. Әсіресе, әл-Мансурада болған крестшілермен болған шайқаста Бейбарыс бастаған мәмлүктер жасағы дұшпан қолын тас-талқан етіп жеңіп, Франция королі ІХ Луисті тұтқынға алады. Сонымен бірге әмір Ақтаймен бірігіп ел ішіндегі бүліктерді басуда да үлкен еңбек сіңірді.
    Шам елінде

Нәжмуддин Аййубтан кейін билік тізгінін қолға алған Иззуддин Айбек жасақтарының қолбасшысы Сейфуддин Құттызға әмір Фарисуддин Ақтайды өлтіруге бұйрық беріп, Бейбарыстың әміршісінің көзін жояды. Осыдан кейін Бейбарыс пен оның жақтастары Шам еліне қашып кетеді. Шам шаһарларының бірінен біріне өтіп, көшіп-қонып жүреді. Мысырдағы сұлтан тағына Сейфуддин Құттыз отырған соң Бейбарысқа бас амандығын беріп, оны ел билігіне араласуға шақырады. Сөйтіп Бейбарыс Каир шаһарына қайта оралады. Сұлтан Құттыз оны қошеметпен қарсы алып, уәзірлер сарайына орналастырады. Қалюб аймағын бөліп беріп, қолбасшы етіп тағайындайды. Расында да Бейбарыс соғыс өнерін өте жетік меңгерген болатын. Ол көптеген әскери жорықтарда жеңіске жетіп, шынайы шеберлігін дәлелдеп шықты. Солардың ең үлкені 1260 жылы монғол басқыншыларымен болған Айн Жалұт шайқасы. Осы жеңістен кейін Бейбарыстың сарбаздар мен жалпы жұртшылық арасындағы атақ-даңқы мен беделі арта түсті. Батырдың қасындағы жақтастары енді оны Құттыз сұлтанды тақтан тайдырып, билікті тартып алуға үгіттейді. Бейбарыс та марқұм ұстазы әмір Ақтайдың кегін қайтару жолын ойлап жүрген болатын. Бір жағынан сұлтан Құттыз моңғолдарды жеңсең Халеб аймағына әмірші етемін деген уәдесінен тайқып кетеді. Бұған қорланған Бейбарыс пен оның жақтастары сұлтанды өлтіріп, билік тізгінін қолдарына алады.
    Сұлтан тағында

Осылайша Бейбарыс Құттыздан кейінгі Мысырдың сұлтаны атанады. Оған «әл-Мәлик аз-Заһир» – «Жеңімпаз Патша» деген лақаб ат беріледі. Билік басына келген жаңа әміршінің алдында елді дамыту, өркендету сынды үлкен міндет тұрды. Шынында да оның тұсында Мысырда тұрақтылық орнап, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бейбарыс сұлтан әмірлерді жақын тартып, оларға шен-шекпен беріп, жер телімдерін үлестірді. Бұқара халыққа оң көзбен қарап, алым-салықты азайтып, зынданда отырған тұтқындардың біразын босатты. Халқына жұмсақ болғанымен, жауларын аяған жоқ. Ел ішіндегі бүліктер мен көтерілістерді аяусыз басып отырды. Бүліктің ішіндегі ең үлкені Дамашықтағы Аламуддин Санжар әл-Халаби бастаған көтеріліс болатын. Ол өзін сұлтан деп жариялады. Бейбарыс оған қарсы жазалаушы әскер жіберіп, көтерілісшілерді талқандап, өзін тұтқынға алды. Ал екінші бүлік Каирде орын алды. Онда шииттердің көсемі өз жақтастарының басын қосып, билікті қолдарына алуды көздейді. Ол үшін аттар мен қару-жарақ жинап, әр жерде бүлік ұйымдастырады. Алайда бұл көтеріліс те ұзаққа созылмайды. Бейбарыс көтерілісшілерді тез арада басып, оны ұйымдастырушы көсемдерін ел алдында жазалайды.
    Жетістіктері мен жеңістері

Бейбарыс сұлтанның дәуірі жетістіктерге толы. Ол мәмлүк мемлекетінің негізін қалап, моңғолдар қиратқан Бағдадтағы аббасидтер халифатын қайта қалпына келтіруге тырысты. Аббасидтер әулетінің соңғы тұяғы Әбу Аббас Ахметті алып келіп, мұсылмандардың халифасы етіп жариялады. Оған Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сай амал ететіндігі туралы ант берді. Осылайша құрдымға кеткен мұсылман халифатын қайта жаңғыртты. Алайда халифатты жариялағанмен бар билік халифаның емес, сұлтан Бейбарыстың қолында болды. Сондай-ақ сұлтан Бейбарыс біраз аймақтарды бағындырып, Хижаз аймағына дейін жетті. Өзімен билікке таласпақшы болған Кирк қаласының әкімі Омар ибн Әділ әл-Аййубиді жеңіп, орнына басқа әкім тағайындады.
Бейбарыс жетістіктерінің ең маңыздысы ислам мемлекетін жоюға тырысқан крестшілер мен моңғолдарға қарсы жасаған іс-шаралары. Осы мақсатқа жету үшін көптеген келісім-шарттарға қол қойды. Елдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, крестшілерге қарсы соғыс жариялайды. Ал моңғол шапқыншыларына қарсы Алтын Орда ханы Берке ханмен одақтас болды. Нәтижесінде Берке хан Ислам дінін қабылдап, Мысыр мен Алтын Орда арасындағы байланыс күшейді. Ирак пен Иран жерін жаулап алған Хулагу мен оның ұрпақтарына қарсы одақтасты.
Бейбарыс сұлтан ислам жауларына қарсы қуатты әскер мен теңіз флотын жасақтап, соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықтады. Соның арқасында крест жорықшылары мен моңғол шапқыншыларына қарсы шайқастарда жеңістерге жетіп отырды. Крестшілермен болған қиын-кескі соғыстарда Қайсария, Арсуф, Сафад, Яфа сияқты қамал-қалаларын бірінен соң бірін алып, соңында ірі шаһар Антакияны мұсылмандарға қайтарды.
Ал моңғолдарға қарсы жорықтарында әл-Бира, Херран шайқастарында дұшпан әскерін ойсырата жеңді. Мұсылмандарға тиісті аймақтарды бірте-бірте моңғол басқыншыларынан азат ете бастады. Ақыры һижра жыл санауы бойынша 675 жылы Абластин елдімекенінің жанында моңғол әскеріне күйрете соққы беріп, шешуші жеңіске қол жеткізді. Осы жеңісі арқылы сұлтан Бейбарыс мұсылман мемлекетінің сыртқы қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етті деуге болады.
Елдің ішкі тұрақтылығын қалыптастыру үшін Бейбарыс сұлтан аса көрегенділік танытты. Оның дәуірінде Мысыр гүлденген елге айналды. Заң саласына да бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Сүннит жолын ұстанатын төрт мәзһабтан төрт қазы тағайындады. Әл-Азһар мешітін қалпына келтіріп, іргелі оқу ордасына айналдырды. Мысыр мен Шам елінде көптеген медреселер салды. Соның бірі «Заһири медресесі» атты оқу орны Каирде әлі күнге дейін бар. Медреселердің ішінде мол кітап қоры бар кітапханалар да жұмыс істеді.
Каирде Заһир Бейбарыс Жами деп аталатын үлкен мешіт салдырды. Осы құлшылық үйі орналасқан аумақ әлі күнге дейін аз-Заһирия деп аталады. Бейбарыс заманында салынған ғимараттар әлі күнге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр. Сондай-ақ, каналдар мен арықтар қазылып, көпірлер халықтың пайдалануына берілді. Ніл өзенінің суын есептейтін үлкен құрылғы салынды.
Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шамдағы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың мешіті жаңартылды. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешіттері жөнделіп, жаңартылды. Түрлі мәселелер мен дау-дамайларды шешетін әділет үйі салынды.
    Сұлтанның қайтыс болуы

Сұлтан Бейбарыс һижри 676 жылы мұхаррам айының 28-күні, миләди 1277 жылдың 2-мамыры күні қайтыс болды. Ол Мысырды 17 жылдай биледі. Ол қайтыс болған соң орнына ұлы Насируддин сұлтан болды. Алайда Бейбарыстың ұлдары билікті ұзақ уақыт ұстап тұра алмады. Билікке ұмтылған мәмлүк әміршілері оның ұлдарын өлтіріп, қыпшақтан шыққан әмірші Сейфуддин Қалауын билікке келді.
    Сұлтан Бейбарыс туралы естеліктер

«Жеңімпаз патша (Бейбарыс), Аллаһ оған рақым етсін, ержүрек, айбынды, аса күрескер әмірші деген атқа лайық патша еді. Өте сергек, шалт қимылдайтын, соғыстарды өзі басқарып, жүргізетін». (тарихшы Ибн Туғрибердінің «Ан-Нуджум аз-Заһира» кітабынан).
«Ол билікке лайықты жан еді.. Аллаһ оны рақым етіп, жарылқасын. Оның Ислам дініне сіңірген еңбегі ерекше. Талай жерде дінімізге қалқан болып, көптеген жеңістерге жетті..» (тарихшы әз-Зәһәбидің «Ислам тарихы» кітабынан).
«Ол соғыс жүргізу ісінде, қамал-бекіністерді алуда өз мықтылығын талай рет дәлелдеді. Сондықтан моңғол мен Еуропа елінің королдері одан өлердей қорқатын. Өйткені ол үздіксіз шабуылдарымен, құрсауларымен олардың зәресін алумен болды. Бірде ол әскерін артында қалдырып, Ефрат дариясын жалғыз өзі жүзіп өтіп, моңғол әскеріне қырғидай тиіп, талайын жер жастандырды…» (тарихшы Ибн Шакир әл-Кутубидің «Фауат әл-Уафайат» атты кітабынан).
Атақты тарихшы ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уан-Ниһая» атты еңбегінде Сұлтан Бейбарысты «жаужүрек жолбарыс» деп сипаттап, былай деп жазған: «Аллаһ рақым етсін, өте сергек, айбынды, жауларына күні-түні тыныштық бермейтін ержүрек болатын. Ислам дұшпандарымен жан аямай күресті. Олардың араларына именбей кіріп, тоз-тозын шығарды. Жалпы айтқанда Аллаһ тағала оны сын сағатта Ислам дініне, жұртына қорғаушы әрі көмекші ретінде, крест жорықшылары мен моңғол-татарлардан құралған мүшіріктерге тойтарыс беруге жіберді».
Сәбит Ибадуллаев
Иман журналы
www.muftyat.kz

вторник, 2 апреля 2013 г.

Қазақстан «Қазақ елі» деп аталуы керек!

Қазақстан «Қазақ елі» деп аталуы

керек!

Ғаламторда атамекеніміздің атауын «Қазақстан» емес «Қазақ елі» деп атау туралы ұсыныс  жарық көрді. Авторы Диас Азимжанов деген блоггер. Бұл бастаманы қолдағандар саны да аз емес. Солардың қатарында  академик Ерментай Сұлтанмұрат та бар. Біз ғалымның пікірін ұсынғанды жөн көрдік.
Диас Азимжанов деген ініміз қазақ елінің қазіргі аталуын өзгерту жөнінде мәселе көтеріпті. Осыған байланысты тек Диасқа емес баршаңызға төмендегі пікірімізді ұсынып отырмыз

                                                              Диас інім!
Бастамаңыз дұрыс, өте орынды. "По своему опыту знаю, что нас часто путают с Пакистаном и Афганистаном. Многие иностранные подданные не видят разницы и в политической обстановке между нашей и вышеперечисленными странами. И сколько бы мы не одерживали побед на мировых аренах, сколько бы имиджевых реклам не было снято про нашу страну, созвучие с вышеназванными государствами (именно с приставкой "стан") портит всю общую картину о нашей Родине", - дегеніңіздің шындық екенін Біріккен Ұлттар Ұйымының "Мыңжылдық" форумының Орталық Азия мен Кавказ елдері бойынша экс-үйлестірушісі ретінде растай аламын. Алғашқы кезде инглшите "Каzakstan"  деп аталып едік, оны кейінірек биліктегі мәңгүрттердің бірі – өзі қазақ жазушысының "продуктысы", "Каzakhstan"-ға айналдырды.
"Қазақ елі", "Қазақ Орда" деген атауда мән бар. Бірақ тек осы ғана деп келте қайырып, бұл жолы да жаңылыспайық.
Жаһандану дәуірінде қазақтың болашағы түбі бір түріктердің етене жақындасуына тікелей байланысты екеніне күмәндануға болмайды. Біздің ел Ұлы түрік суперэтносының да, оның қыпшақ тармағының да белді мұрагері, оның үстіне түрік әлемінің қақ ортасында орналасқан, бүгіндері олардың арасында айтарлықтай абыройы бар, тіпті Елбасымызды түрік елдерінің ақсақалы депте жүрген жоқ па? Демек Түрік әлемін жақындастыра түсуде қазақ елінің ұйытқы болуы пешенемізге жазылған, тарихи миссиямыз. Сондықтан да Түрік Халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясының үш түрік мемлекетінің түйіскен жері, Ташкент пен Шымкенттің арасындағы қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде Түрік халықтарының тарихи-мәдени, қоғамдық-ғылыми орталығы "Тұран" қалашығын қалыптастырып жатқаны. Сонымен біздің еліміздің аталуы осынау, жаһандану топанынан сақтайтын бірден-бір жол – түрік халықтарын біріктірудегі, оның ортақ өркениетін жаңғырта дамытудағы, қазақтың да , басқа түрік халықтарының да болашағын, яғни тарих сахынасында қалар-қалмасын анықтайтын қозғалыстағы алар орнына да байланысты болса құба-құп болар еді.
Және де қандай атауды қабылдасақта ол атау қай тілде болсын қазақшасының  аудармасы емес, көшірмесі болуы тиіс. Басқаларға еліктеп республика деп атаудың қазіргі дәуірде қажеті жоқтың қасы. Мемлекеттік құрылымымыз Ата заңымызда көрсетіледі.
Осы айтылғандарды да ескере отырып, Диас інім көтерген мәселеңізді БАҚ құралдарының барлық тармақтары арқылы негізінен қазақ тілінде талқылағанымыз жөн. Қазақша талқылауымыз арандатушылардан шамалы болса да оқшаулап, талқылауды байыпты жүргізуге мүмкіндік бермек. Қазірше "Каzakhstan" деген кличкамен жүрген қазақ түріктерінің елі осылайша бірнеше ай бойы пікір алмасудың, саралаудың нәтижесінде көңілге қонар, бүгініміз бен болашағымызға қызмет етер аталуға қол жеткізер деген үміттеміз, және көтерілген мәселенің баянды болуына барынша атсалысамыз.
Құрметпен,
Ерментай СҰЛТАНМҰРАТ,  академик
Түрік Халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясының президенті.
"Тұран" қалашығы, 28 наурыз 2013 ж.