Талебан
билігі тұсында ата жұртына көптеп көшіп кеткен қазақтың Ауғанстандағы
саны соңғы кездері едәуір азайып кеткен. Біразы Қазақстанға оралуды
жоспарлап отырса керек. Қайсари Мазар-и Шариф қаласындағы қазақтар
тұратын ауданға барып, сондағы қазақтардың тұрмыс - тіршілігімен танысып
қайтқан Ауғанстандағы тілшіміз Мохжабін Айдынның әңгімесі.
Мазар-и
Шарифтің қазақтар жасайтын ауданына кіріп келе жатырмын. Қазақтарға тән
заттар көзге түседі. Бірінші, топырақ басып ойнап отырған балалар
түсті назарыма. Бет-жүздері әр түрлі.
Бет-пішіні
қазаққа ұқсаған баланы қасына шақырып алып, әңгімеге тартқан кезде,
Ісметұлла есімді он үш жастағы бала ауған қазағы болып шықты. Оның екі
әпкесі Қазақстанда жасайды екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын көшіп барған. Оларға үкімет үй-жұмыс берген көрінеді. "Әпкелерімді қатты сағындым" , - деп, ішкі сырымен бөліскен Ісметұлла - "олар қазір Шымкент пен Алматыда саудамен айналысады", - деп мақтанған болатын.
Ауыл
көшелерін шарлап, жол бойында Ісмет есімді тағы бір баламен тіл
табыстым. Ісмет ауылдағы үйлерді көрсетіп, маған біраз жәрдем берді.
Мазар-и-Шариф қалашығында бұл күндері қазақи кескінмен салынған күмбез
үйлер аз да болса, сақталған көрінеді.
Басқа
жерлерге көшіп жатқан қазақтардың үйлерін көбінше жергілікті өзбек пен
тәжіктер сатып алады. Кейін олар сатып алған үйлерін бұзып, өздерінің
талғамдарына сәйкес жаңа үйлер тұрғызады.
"Қазақи кескіндегі соңғы үйлер"
Ауылдың
бір шетінде, әлі күнге дейін сақталып тұрған осындай күмбез үйлердің
бірі жол бойында танысқан Ісметтің үйі екен. Оның Қалбиби есімді қырық
жасар анасының барлық ағайын-тумалары бүгінгі күні Қазақстанда жасайды.
Қалбибидің
бес баласы бар екен. "Тап қазір, барлығын Қазақстанға көшіріп әкету
киынға соғып отыр", - дейді ол. Қалбибі апайдың айтуынша, Қазақстандағы
ата-анасы мен туыс-тумалары сәті түскен кезде Қазақстан елін мақтап,
қастарына көшіп келуге шақырады. Өзі болса, Қазақстандағы туыстарын
жиырма жылдан бері көрмеген екен.
Әбден сарғайып сағынғаны болуы керек, Қалбиби апай өз сырып жасырған жоқ.
"Осындағы қазақтар қалай болғанда да Ауғанстаннан көшіп кетудің амалын іздейді", -деп бастайды әңгімесін ол. "Сонда, туыстарынан еститіндері - Қазақстанға барса үй береді екен, мұсылмандық сақталыпты, және де ең бастысы - ол жерде соғыс жоқ", - деп түйіндейді Қалбиби апай.
Ісмет
біздерді Қазақстанға кетейін деп жатқан бір үйге алып барады. Үйін
Қазақстанға кетеміз деп сатып үлгерген бұл отбасы қазір уақытша жалға
алынған бір бөлмелі үйде тұрып жатыр. Бірақ үйге кірген бойда Мазар-и
Шарифтегі басқа үйлерден кездеспейтін өзіндік бір ерекшеліктерді
байқайсыз. Ауланың бір бұрышында бірнеше қой тұр, қақпа алдында үрген
ит. Үй ішінде әйелдер ескі шапандарды бұзып, жаңадан тон тігіп отыр.
Тігін машинкасында тіккенін көріп тәнті боласың.
Ауғанстанға
бала кезінде келген сексендегі Жаңыл-әжей қалай және қашан келгенін
білмейді, революция болғаннан кейін келгенін айтады. "Қазақтар шапан-тон
тіккенімен, өздері кимейді - тон-шапанды өзбек-тәжіктерге сатамыз.
Басқа кәсіп болмаған соң, сөйтіп күн көреміз", - дейді Жаңыл-әжей.
Ауғанстан
қазақтарының тілі мен киген киімі өте өзбектеніп кеткенге ұқсайды.
Бірақ солардың қазақи әдет-ғұрпын, салт - дәстүрін қандай дәрежеде
сақтап қалғанын білгім келіп, мен бұрыштағы газ ошағында тамақ пісіріп
жатқан Жаңыл-әжейдің келініне қарай бет алдым.
- "Көбінше палау жейміз, бірақ бешбармақты да дайындап, жеп тұрамыз", - дейді келіні.
Ауғанстандық
қазақтар мінеки бір ғасырдан бері еш бір саяси партиямен бірікпей,
елдің әлеуметтік-саяси өміріне араласпай отыр. Бұл жағдайды өздері
бала-шағасын оқытпағандарының салдары деп өкінеді.
-
Оқымағаннан кейін, сауатымызды ашпағаннан кейін саясатқа-үкіметке қалай
араласамыз, - дейді бұл кісі. Өкімет орындарының бұларға мүлде назар
аудармай қойған кездер де болған көрінеді.
"Біздер
саясатқа араласпағаннан кейін құқұғымыз да жоқ. Арамызда үкімет
жұмысына араласып көрген адам да болмаған", - деп күйінеді.
Әсіресе
Талебан билігі кезінде Ауғанстан қазақтары ата жұртына Иран немесе
Пәкістан арқылы қайтып кеткен. Бүгінгі күні де қалған қазақтар
Қазақстанға кетуге барынша әрекетін салып жүр. Әсіресе Қазақстанның шет
елдерде жүрген отандастарын қабылдау саясаты оларға үлкен үміт беріп
отыр. Саны аз болып қалған барлық қазақтар қазір мал-мүлкін сатып,
құжаттарын дайындап жүр.
Кездестірген
адамдармен қоштасып, көшеге шығып, топырақ үстінде ойнап жүрген
балалардың арасынан бір күні түрі қазаққа ұқсаған бірде біреуін көре
алмаспыз-ау деген ой келді. Шындығында да, қазақи күмбез үйлердің орнына
салынып жатқан үйлердің шаһардың басқа аудандарындағы үйлерден еш
айырмашылығы болмай отыр. Сонда, бұл, "Қазақ ауданы" деген ауданның
қазақтардан тек аты ғана қалады деген сөз...
|
воскресенье, 2 июня 2013 г.
Ауғанстандағы 'Қазақ ауылынан' - сирек жолжазба...
Подписаться на:
Комментарии к сообщению (Atom)
Комментариев нет:
Отправить комментарий