
«Қос паспорт болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда!»
Республикалық «жетінші арна» телеканалы өткен қыркүйектің соңғы күні «Солтүстік Қазақстан облысының әділет органдары сол аймақ тұрғындары үшін қос азаматтықты ресми түрде бекітуді сұрапты» деген ақпарат тартты. Іле-шала солтүстіктік әділет департаменті «біз дәл солай дегеніміз жоқ», деп таралған хабардың дәйексіздігін дәлелдеуге тырысты. Анығында, ақпарат дәйексіз, бірақ, негізсіз емес.
Еліміздің Ата Заңында да, «Азаматтық туралы» заңнамада да қос азаматтыққа тыйым салынған. Соған қарамастан, әсіресе, Ресеймен шекаралас өңірлерде екі елдің де азаматтығын алып, қулық асырып жүргендер қатары жетіп артылады. Аталмыш облыста биылғы сегіз айдың ішінде осындай 81 заң бұзушылық фактісі тіркелген. Қылмыскерлер ұсталды, олардың бір басында қос-қостан паспорттары бар. Тартқан жазасын білесіз бе? Бар болғаны – Қазақстан азаматтығынан айырылады!? Мұндай жаза кімді қорқытады? «Қиратқаның осы ма?» деп мысқылдап қойып, тарта береді?! Жоғалтатын дәнеңесі жоқ.
Біреулер айтатын шығар: «мұнда тұрған не бар? Орыс өзіміз емес пе, оларға солай тайраңдап жүру бек жарасады…» деп. Бұл мүмкін емес дүние. 2008 жылы жазда Грузиядағы Оңтүстік Осетияда болған қанды қақтығыс дәл осы қос азаматтықтан, соның ішінде Ресей азаматтығын көптеп алудан басталған. Бөтен елдің тұрғындарын өз азаматы етіп алған Ресей кейін соларды қорғаймын деген желеумен Осетияға әскер кіргізді де, Грузияның әскери базаларын бомбаның астына алды. Бұл сабақ па, сабақ емес пе?!
Ресей азаматтығын алған Солтүстік Қазақстандағы жүзмыңдаған орыс «Қазақтар қысым көрсететін түрі бар, әулие әкелеріміз Петр мен Павел атындағы қаланы «Қызылжар» деп өзгерпек, бүйте берсе күніміз қараң болар…», деп зар қақса, басқа елге әскер кіргізіп дәніккен Ресей қазақтарды аяйды дегенге кепіл бар ма?!. «Қос паспорт болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дегендей, бұларға ерік беріп отырған өзіміз. Солтүстіктің орыстары қос азаматтық алу арқылы: біріншіден Ресейде де, Қазақстанда да еш кедергісіз емен-еркін жүріп-тұрады. Екіншіден – әлеуметтік жәрдемақы, жөргекпұл (өзгесін айтпағанда, Ресейде екінші туған бала үшін 12 мың АҚШ доллары көлемінде жөргекпұл төленеді), мүгедектік жәрдемақы, зейнетақыны екі мемлекеттен қосарлап алады. Көрдіңіз бе, еңбексіз пайданың көзі қайда жатыр?.
Бұл жағдайдың белең алғанына әлденеше жылдың жүзі болған. Қос азаматтығы әйгілі болып, қолға түсіп қалатындар негізінен шекарадан әрлі-берлі жиі өтетіндер. Ал, екі елдің құжатын иеленіп, тегін келген ақшаны шытырлата санап, төбеге шырт түкіріп, тым-тырыс бұғып жатқандар мыңдап табылады. Осыны жалпақ жұрттың бәрі біледі, бірақ Үкімет шара қолданбайды. Оның себебін нақты айту біз үшін қиындау.
Жалпы, еліміздің солтүстік өңірлерінде «қос азаматтық» алу мәселесі жақсы жолға қойылған. Мысалы, ҚР азаматтығынан шығу жайлы өтініш білдірген қазақстандық орыс жеке бас куәлігін өзінде қалдырып, ал, шетелдік төлқұжатына «азаматтықтан шықты» деген жалған белгіні соғып, алып Ресейге жетіп барады. Сол екі ортада «Төлқұжатымды жоғалттым» деген жалған анықтаманы иеленеді. Сөйтіп, көп кешікпей Ресейдің азаматтығын қабылдайды. Сонымен, Ресейде «қызыл паспортпен», мұнда жеке бас куәлігімен тіркеуде тұрады. Міне, қос азаматтық алудың біз білетін «құпиясы» осы. Мұның құны бар-жоғы 300 АҚШ доллары. Екі елдің арасында босып жүрген делдалдың қолына 300 доллар ұстатсаңыз болды, қос азаматтықты иеленіп, екі мемлекеттің жәрдемақылары мен зейнетақыларына сүліктей жабысып жата бересіз.
Осы заңбұзушылықты анықтау күрделі жұмыс па? Заңдық негізге сүйенсек, күрделі түгі де жоқ. Мәселен, азаматтық ауыстырар кезде өтініш берген адамның барлық құжаттарын Ресей біздің елге жіберуге міндетті. Қазақстан жағы түгендеп, санап алуға тиіс. Сонда дейміз, жұрттың бәрі білетін аталмыш жағдайға тиісті орган қызметкерлері тосқауыл қоймайтыны түсініксіз?..
Сұрақ көп, жауап жоқ
Халық арасында кең етек алған қос азаматтық мәселесі үлкен
шенеуніктерді де айналып өткен жоқ. Айталық: ана жылдары Павлодар облысы
әкімінің бірінші орынбасары А.Кошевойға қызмет бабын асыра пайдаланып,
мемлекетке қаржылай зиян келтірді деген айып тағылды. Қылмысы мойнына
қойылар-қойылмастан әлгі әкім орынбасары Ресейге тұра қашты. Соңынан іле
қуып барғандар құрқол қайтты. Себебі, А.Кошевойыңыз 1997 жылы-ақ
Ресейдің азаматтығын алып қойған болып шықты. Ал, бөтен елдің адамына
біздің құрық жетпей қалды. Бір ғажабы, А.Кошевойдың Ресей азаматтығын да
заңсыз жолмен иеленгені жайлы ел аман, жұрт тынышта айтылып-айтылып түк
шықпаған көрінеді.Кейде осының бәрі жоспарлы түрде, қаржы жымқыру үшін әдейі ұйымдастырылып істелетін шаруалар сияқты сезіледі. Өйткені, екі-үш жыл бұрын тағы сол Павлодарда қазақстандық бір ірі кәсіпкер Ресей және Германия азаматтығын қатарлай алмаққа әрекеттенді деген күдікпен ұсталды. Тізе берсек таусылар түрі жоқ.
Қысқасы, жоғары лауазымдағы шенеуніктер үшін қалтасына екі елдің төлқұжатын тығып алып, жылмиып жүре беру сәнге айналған сияқты. Енді анау-мынау емес ҚР Әуе қорғаныс күштерінің қазіргі Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Сорокин мырза 1994 жылы Ресей азаматтығын қабылдаған екен. Тіпті, ол құжатын 2005 жылы Ресей Федерациясының жаңа паспортына айырбастағаны туралы мәлімет бар. Аталмыш мәліметте генералдың Ресейде жылжымайтын мүлкі, жер телімі бар екендігі, сондай-ақ, өз атында Алматы мен Астана қалаларында қызметтік үйлері бар екендігі де көрсетіліпті. Ең басты айғақ – А.Сорокин мырза 2010 жылы 28 мамырда Астана қалалық Көші-қон полициясы басқармасына шақырылып, сол жолы одан Қазақстан Республикасының төлқұжаты мен жеке бас куәлігі тәркіленген екен. Бірақ, екі айдан соң ол азаматтығын қайта қалпына келтіріп, ҚР-ның жаңа төлқұжаты мен жеке бас куәлігін алған. Бұл оқиға жайлы А.Сорокин ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник С.Ә.Жасұзақов мырзаның атына мәлімет жазып тапсырған.
Міне, сенсеңіз де, күмәндансаңыз осы. ҚР Әуе қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысы осындай адам. Қысқасы, ел қауіпсіздігі қос азаматтығы бар тұлғаға сеніп тапсырылып отыр. Сонда бұл қалай болғаны? Сұрақ көп, жауап жоқ!
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Комментариев нет:
Отправить комментарий