понедельник, 3 июня 2013 г.

Отандық патриотизм дегеніміз не?

Отандық патриотизм дегеніміз не?
Ол – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну
«Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегін айтылмаса керек. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адам­ның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Бүгінде біздің санамызда Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар болып қалыптасты. Сондықтан әрбір қазақстандық өзінің жетістіктерін ту­ған Отанына, еліне арнауы керек дей­мін. Сонда әлгі адамның да, елдің де ме­рейі тасып, әлемдік деңгейдегі бе­делі өседі. Оған кешегі Лондон Олим­пиа­­дасындағы жерлестеріміздің ерлігі дәлел.
Отандық патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отаныңның мүддесін ойлау, туған жеріңе деген адалдық пен азаматтық сезімдер, өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне келіп сыяды. Осылай екенін барлығымыз сезсек те бүгінгі күні республика кө­ле­мінде жастарға басшылыққа алып жұмыс жүргізетін патриоттық тәр­бие беру жөнінде қабылданған мем­лекеттік бағдарламалар мен тұжы­рым­дамалардың жоқ екенін ашық айта аламын.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде жастарға қарата:
«…Мен сендерді, ең алдымен, қа­лып­тасқан тұлғалар, тамаша кәсіпқойлар және шынайы патриоттар тұрғысында көремін. Өз елінің патриоты болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғам­ға қызмет ету», деген болатын.Олай болса, бұған дейін жасалған Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 желтоқсандағы № 1187 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Рес­публикасының азаматтарына пат­риот­тық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталуына байланысты 2008 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік органдар өз білгендері бойынша жоспар жасап, іске асырып келді.
Сонда қалай, ұрпақ тәрбиелеу ісіне 5 жыл бойы осыншалықты жеңіл қарап келгенбіз бе? Сонымен қоса, бүгінде патриоттық нышандарымызға айналған «Астана», «Бәйтерек», «Ақорда», «Алтын адам» сияқты, тағы да басқа құндылықтарымыздың атауларын арақ, темекі сияқты алкогольді өнімдерге беріп жүрміз. Оған барлығымыздың көзіміз үйренді. Бұл саланың қазіргі күнгі жай-күйін мониторинг арқылы саралап алып, мемлекеттік бағдарламаның негіздемесін құрып, жастар арасында негізгі бағыттары бойынша сауалдама жүргізіп қабылдауға қажетті деп табылғандарын тиісті мемлекеттік органдармен келісіп бекіту бүгінгі күннің басты міндеті деп есептейміз.
Осыған байланысты жастар мен жасөспірімдер арасында экстремизм мен терроризм ойларының таралуына жол бермеу үшін Отанға деген құрмет пен өзара сыйластықты, патриоттық сезімдер мен жауапкершілікті насихаттауымыз және рухани тәрбие беруге бағытталған іс-шараларды көптеп ұйымдастыруымыз керек. Сонымен қоса, Отан алдында әскери борышын өтеуге дайын, болаттай денсаулығы бар, шынайы патриот жас ұрпақты тәрбиелеу және жастарымыздың бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, отансүйгіштікке бау­лу мақсатында Білім және ғылым министрлігінің жанынан жақында құ­рыл­ған Жастар ісі комитеті бас болып, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Спорт және дене­шы­нықтыру істері агенттігі қостап ұр­пақ тәрбиесінде кезек күттірмес осы­нау жұмысты тезірек қолға алып мем­ле­кеттік бағдарлама қабылдауымыз қажет.
Еліміздің ертеңі жастар десек, олар­ға дұрыс бағыт-бағдар беру бү­гінгі қоғамда өмір сүріп отырған барша­мыздың басты міндетіміз деп білеміз.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Мәжіліс депутаты.

Комментариев нет: