воскресенье, 9 июня 2013 г.

Жолымбет Мәкішев. Ресей екі жылдан кейін ыдырайды

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары «2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кетеді» деген болжам жасады. Осы ұйымның сайтында  (http://www.cia.gov) әлемнің алдағы 10 жылдағы даму барысына жасалған жоспарында Орталық Азия республикаларымен шектесетін Ресейді қазір тұрақсыздық жайлағанын және жуық арада бұл елдің іргесі сөгіліп, бірнеше мемлекетке бөлінетіні айтылыпты. Бұған  қазіргі Ресейдің тым тұйықталып, барған сайын экономикалық әлеуетінен айырылып бара жатқаны түрткі болатын көрінеді. Жалпы ЦРУ мұндай болжамдарды 2000 жылдан бері жасап келеді. Алайда орыс саясаткерлері бұған келіспей отыр. Олар: «Ары кетсе, Ресейдің ішкі жағдайы әлсіреуі мүмкін, бірақ БҰҰ-дағы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып қала береді» – деген уәж айтады.
Дегенмен, Орталық барлау басқармасының болжамы Ресейдегі қазіргі таңдағы қалыптасқан  экономикалық жағдайды негізге алып жасалғаны шындық. Қазір іргелес елдің ғылыми, техникалық және адам тұрғысынан алғандағы әлеуеті әлсіреп барады. Ішкі қайшылықтары үдей түскен Ресейде алдағы жылдары ыдырап кетпесе де, үлкен өзгерістердің орын алары сөзсіз. Себебі орасан үлкен территорияны алып жатқан, қазба байлықтары көп бір ғана Сібірдің өзінде Ресей халқының бес-ақ пайызы тұрады екен. Бұл территорияға көз тігіп отырғандар көп. Оған Қазақстанның да қақы бар. Өйткені бұл бір кездері ата-бабаларымыз мекен еткен  аймаққа жатады. Орыстар оны кейін отқарудың күшімен бізден тартып алғаны – талас тудырмайтын тақырып.
Ал Ұлбыританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Сібір сияқты алып аймақтың Ресей сияқты бір ғана мемлекетке қарағаны – әділетсіздік» – деген болатын.  Орталық барлау басқармасының бұл болжамы қазір Ресейде түрлі пікірге түрткі болуда. Үкіметбасылары Дмитрий Медведев бұл жөнінде: «Егер біз елдің элитасын ұйыстыра алмасақ, Ресей біртұтас мемлекет ретінде жойылып кетуі мүмкін. Соңғы жылдары біз елдің бірлігін арттырып, экономикалық өсімнің тұрақтылығына қол жеткіздік. Ал, егер бейқамдыққа бой алдырып, бүлікті бетімен жіберіп алсақ, ол жақсылыққа апармайды. Онда қазіргі Ресейдің ыдырауының қасында Кеңес Одағының тарқауы баланың ойыны сияқты болып көрінуі мүмкін..Оның соңы біздің алыс-жақын көршілерімізге де оңай тимейді..» – деген болатын.
Медведев, сонымен бірге, президент пен үкіметтің барлық күш-жігері қазір Ресейде мемлекетті тиімді басқарып, оның бүгінгі шекарасын сақтап қалуға мүмкіндік беретін күшті саяси және қаржы жүйесін құруға жұмсалып жатқанын айтып өтті. Десек те,  көптеген сарапшылар: «Егер Ресей, шынымен де, ыдырайтын болса, ол солтүстік Кавказдан басталуы ықтимал,» – деген пікір айтуда..Себебі бұл өңір қазір федерациядағы ең тұрақсыздық жайлаған өлкелердің бірі болып отыр..
Тарихқа көз салсақ, әр империяның дамып-өркендеп, кейін тарих бетінен біржола өшіп кететін кезеңдер болады. Тіпті, біржола жойылмаса да, түбінде тулақтай жерге ғана иелік етіп қалады. Адамзат шежіресіне үңілсек, империялардың бірде-бірі 400 жылдан ұзақ өмір сүрмеген екен. Қазіргі Ресей федерациясы да өзінің өмір сүру шегіне жеткендей.. Сондықтан «Оның кәрі қойдың жасындай ғана жасы қалды» деп болжап отырғандардың сөзінде ақиқат бар сыңайлы..

Комментариев нет: