понедельник, 6 мая 2013 г.

Қобда аймағындағы қазақтардың тіліне қауіп төніп тұр


Қобда аймағындағы қазақтардың тіліне қауіп төніп тұр

Моңғолияның Қобда (Ховд) бетіне қазақтар алғаш 1880-жылдан бастап қоныстана бастады. Сол кезде Қытайдан қысым көрген қандастарымызға Моңғол мемлекеті жылы қабақ танытып, бауырына тартты. Ал 40-жылдарға қарай Моңғол қазақтарының көбі Баян-Өлгей аймағына бөлініп шықты. Бүгінгі таңда Қобда аймағында 90 мыңға жуық халық тұрса, соның 16 пайызын қазақтар құрайды. Аймақ орталығынан басқа алты сұмында қандастарымыз тіршілік етіп келеді. 

Қазақ елі Тәуелсіздік алған соң, 1991-жылдан бастап Моңғолия қазақтарының іргесі сөгіліп, атажұртқа жаппай көше бастағаны белгілі. Осы уақыттан бері Қобда аймағындағы қазақтардың үштен екісі атамекенге қоныс аударған. Ендігі қалған азғана қазақтың да тарихи Отандарына көшуге құлшыныстары басым. Алайда дәл қазіргі таңда әлемде қаулап тұрған экономикалық дағдарыс пен Моңғолиядағы соңғы бірнеше жылдағы құрғақшылық қолбайлау болып тұр. Мұндағы халықтың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Кейінгі екі-үш жылда аспаннан тамшы тамбай, табиғат тозып, мал азығы азайып кетті. Оның үстіне, мал басының көптігінен жайылым жетіспейді. Тек Қобда аймағындағы мал басы 2,7 миллионға жеткен. Мал көбейген сайын, оның өнімі де арзандаған. Мал өнімінің құнсыздануы салдарынан, үкіметтен алған несиелерін қайтара алмай отырғандар көп. Ол да көшке тұсау. «Малым – жанымның садағасы» деп өскен қазақ не істерлерін білмей дал. Кейбіреулерінің туыстары алғашқы апыр-топырмен ата­жұртқа әлдеқашан өтіп кеткен. Ал енді біреулерінің балалары Қазақстанға оқуға келіп, тұрақтанып қалған. Солардың артынан баруға «жомарттың қолын жоқтық байлап» отыр. Жыл сайын Қазақстан мемлекетінен берілетін көші-қон квотасы пысықайлардың бизнесіне айналған. Қазақстанға келіп, екі-үш рет квота «соғып», қалтаны қампайтып алған соң, кері қарай тайып тұратындар, шын ниетімен көшіп келгісі келетіндердің жолын бөгеп жүр. Құдайдың берген ғұмырын қайда да кешуге болады ғой, алайда Қобда аймағындағы қазақтарға салт-дәстүр, тілден айырылып қалатын қауіп төніп тұр. Аймақ орталығында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Мәселен, Қобдадағы №2-орта мектепте 600-ге тарта қазақ баласы оқып жатқанына қарамастан, білім беру моңғол тілінде жүргізіледі. 98 пайызын қазақтар құрайтын Қобда аймағының Қобда сұмынында ғана бастауыш білім қазақша оқытылады. 
Қобда аймағында Қазақстан, Хабар, Ел-арна, Астана қатарлы телеарналарды тамашалай алады. Бірақ газет журналдардың жетіспеушілігі мұнда да байқалады. Демек, мұндағы қазақтардың болашақ ұрпақ үшін алаңдайтын жөні бар.

Комментариев нет: