понедельник, 6 мая 2013 г.

Күй деген құдіреті қазағымның…

Күй деген құдіреті қазағымның…

Қазақ музыкасының сан ғасырлық тарихы бар екені баршаға мәлім. Сол рухани қазынаның ішіндегі ең бір кең тараған құдіретті жанрының бірі күй екендігінде де дау жоқ. Композициясы, сондай-ақ, басқа музыкалық құрылымдық өлшемдері мен ерекшеліктері жағынан алғанда, күй – терең жетілген, тарихи тәлімі зор, аса үлкен сала. Қазақ халқы күйді ерекше бағалаған, оның тілі – халыққа етене жақын, әрі түсінікті тіл. Халқымыз үшін ән мен күй – егіз туып, қатар дамыған, жаны жарасып, жақын өскен өнер. Бұл екеуінің ара-жігі кейін ғана ажыратылып, әрқайсысы өз алдына аспаптық, вокалдық болып, дербес жанрлар түрінде қалыптасқан.
Қазақтың ұлттық күйлерінің мазмұны аңыз-ертегілер мен тарихи оқиғаларға құрылған. Мысалы, «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Әмір ақсақ», «Ескендір», т.б. күйлері көбіне программалы түрде дамиды. Оларда халықтың басынан кешірген тауқыметі мен әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі, терең тынысты өрнек бояуын тапты. Күйлердің мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтың орындаушылық әдістері сан алуан. Айталық, жігерлі, екпінді болып келетін құрылымы романтикалық лирикаға, философиялық толғауларға негізделген Дәулеткерейдің, әсем әуенге, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы Тәттімбеттің, құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті Қазанғаптың, жыр-дастанға ұқсайтын Абыл күйлерінің ауыр екендігін домбырашылар мойындайды деп есептеймін. Халық арасына кең тарағаны – домбыра аспабының күйлері. Сонымен, М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» сөздігінде «ән-күй» ұғымы «көк» делінген. Осындай деректерге қарағанда, «күй» деген сөздің төркіні көне түркі тіліндегі «код (көк)» сөзінен шыққандығы байқалады.
Домбыра күйлерінің атауларына тоқталсақ, халық күйшілері өздерінің шығармаларын адам аттарымен («Құдаша», «Айжанқыз», «Ақшолпан», «Қаражан ханым» т.б.) атаған, сонымен қатар жануарларды, құстарды суреттеп отырған («Ақсақ киік», «Салкүрең», «Ақсақ құлан», «Бозайғыр», т.б.); табиғат құбылыстарын («Ақ боран», «Көбік шашқан», «Сарыөзен»); құстарды («Аққу», «Қоңыр қаз») атаған. Бұлардан басқа характер-мазмұнына қарай тарихи күйлер («Ел айырылған», «Ноғайлының босқаны», «Ақ Еділ», «Сырым сазы»); лирикалық күйлер («Ақжелеңдер» тобы, «Байжұма», «Аңыз күйлер», «Нар идірген», «Қорқыт», «Қазан күйі»); қаралы күйлер («Салық өлген», «Боз інген» т.б.); арнау күйлер («Баламайсан», «Дайрабай», «Ғазиз» сияқты) болып кете береді.
Қазақ күйлерінің арасында 2-3 бөлімді, сирек болса да 3 бөлімді рондо-вариациялық синтет формасындағы туындылар да кездеседі. Сонымен қатар домбыра күйлерінде параллельді кварта, квинта интервалдары күйге нақыш бояу берумен қатар оның әуенін, саздылығын әсерлей түседі.
Күйлердің көлемі әртүрлі болады. Кейбір күйлердің көлемі 150 тактіден 200 тактіге дейін жетеді. Күйді орындауда қағыс маңызды орын алады. Қағыс арқылы күйлердің ырғақтық мәні мен динамикасын, сыр-сипатын анықтауға болады. Оң қол қағыстарында нотаға түспейтін көптеген сиқырлы сырлар да бар. Олар: «жаппай қағыс», «кезек қағыс», «шертпе қағыс», «шұбыртпа» немесе «сүйретпе қағыс» болып жіктеледі.
XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Абыл, Әлшекей, Әлікей, Байжұма, Байсерке, Баламайсан, Боғда, Дайрабай, Дәулеткерей, Дина, Құрманғазы, Есжан, Жантөре, Қазанғап, Сейтек, Сүгір, Тәттімбет, Тоқа, Түркеш, Ықылас сынды күйші-композиторлар қазақтың ұлттық күй мәдениетінің жан-жақты өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан адамдар болып табылады.
XX-шы ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап күй жанры қайта туып, өркен жайды. 1933-1934 жылдары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінің он бір адамнан құрылып алып, кейін, өсе келе академиялық оркестр деңгейіне дейін жеткендігін айтуға болар еді. Облыстарда соңғы кезде халық аспаптары оркестрлерінің көптеп құрылуын мақтанышты сезіммен ғана айтамыз, мысалы, Ақтөбеде – Қазанғап атындағы, Қарағандыда – Тәттімбет атындағы, Алматыда – Құрманғазы атындағы академиялық оркестрмен қоса «Отырар сазы» оркестрі құрылды. Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары оркестрлерінің барлығы, ал, Атырауда күні бүгін екі оркестріміз өнерімен тәнті етіп келеді.
Заман өткен сайын күйдің ғұмыры да ұзарып және жақсарып келеді. ХХ-шы ғасырдың музыканттары мен композиторлары қазақ күйлерін өз шығармаларына шебер пайдалана білді. Е.Брусиловский «Қыз Жібекте» – «Ақсақ құланды», «Ер Тарғында» – «Балбырауынды», М.Төлебаев «Біржан салды» – «Соқыр Есжанды», Е.Рақмадиев «Алпамыста» – «Құдашаны» пайдаланса, Б.Байқадамов, Ғ.Жұбанова, М.Қойшыбаев, С.Мұқанбетжанов, т.б. композиторлар күй жанрын хорлар мен симфониялық шығармаларына кеңінен қолданды.
Күйлерді теориялық жағынан зерттеп, нотаға түсіргендердің қатарында А.Затаевичті, А.Жұбановты, Л.Ерзаковичті, Аравинді, кеше ғана дүниеден өткен жерлесіміз Қ.Ахмедияровты, бүгінгі замандастарымыз Т.Мерғалиевты, А.Тоқтағановты, А.Жәйімовті, А.Райымбергеновті, К.Сахарбаеваны айтуға болады.
Тоқетерінде айтқымыз келгені мынау еді: жастарды өнерге тәрбиелеуде нақтылық болсын: а) өнерде алалықты немесе жасандылықты болдырмай, табиғи дарындарды таңдай, таба және бағын аша білсек; ә)өнердің, соның ішінде, аспаптық шығармаларды үйретуде күйдің тіліне түсінетін мамандар іріктелініп алынса құба-құп болар еді. Біз ертеңгі музыкалық ғұмырымызды бүгіннен бастап қалыптастыруды ойлауға тиіспіз. Сонда ғана, рухани мұра халықтың нағыз, шынайы игілігі бола береді.
Маржан ЗИНЕЛОВА, музыка маманы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.

Комментариев нет: