вторник, 7 мая 2013 г.

Елім деп өткен Ермұрат жайлы бір үзік сыр...



Елім деп өткен Ермұрат жайлы бір үзік сыр...
1975 жылдың күзiнде мектептi тәмамдағаннан кейiн, ҚХР ШҰАР Күнес ауданы, Телғара ауылындағы мектепте жылға жуық жұмыс iстедiм. 4-сыныпқа сабақ берiп жүргенде, сыныптағы сүйкiмдi келген, ақсары бала ерекше көзге түсетiн. Ол тек сабақ үлгерiмiмен ғана емес, талантымен, өнерiмен өзге балалардан оқ бойы озық тұратын. Сол жас өреннiң кейiн тек Қытайда емес, ата-жұртында да әйгiлi өнерпаз, елеулi азамат болары тегiн емес екен. Бiр жағынан менiмен тағдырлас, бауырлас, аяулы iнiм деп айта аламын.
Ермұрат мектеп бiтiрген­нен кейiн ауылында қалып қоймай, ШҰАР-да мейлiнше биiктерден көрiне бiлдi. 1985 жылы Күйтiң қаласындағы өнер институтына оқуға түсiп, таланты мен тынымсыз iзденiсiнiң арқасында елдiң алды болды. Үлкен сахналардан көрiнiп, байқауларға қатысып жүрдi. Оны тек әншiлiгi ғана емес, ақындығы, жазушылығы, композиторлығы жан-жақты еттi. Ермұраттың Қытайда жүрiп-ақ жас шағында жазған “Жайлауым әнiм”, “Сәбилер”, “Ерен тауым” әндерi халық жүрегiне жол тауып, жас таланттың жан-дүниесiнiң табиғатқа, лирикаға жақындығын байқатып, әуенiндегi өзгеше ұлттық сарынды, айрықша кең диа­позынын аңғарта бастаған едi. 1990 жылдың басында Қазақ елiнен Қытайға оқушы қабылдауға барған Кәукен Кенжетаев, Есiм Сегiзбаев ағаларының көзiне бiрден iлiккен Ермұрат 1991 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы театр институына оқуға түседi. 1993-94 жылдары Республикалық “Үкiлi үмiт” жас композиторлар байқауының және К.Бәйсейiтова атындағы кәсiби әншiлер байқауының жүлде­ле­рiн жеңiп алды.
Оқу бiтiргеннен кейiн Қазақстандағы алғашқы өнер жолын Абай атындағы опера және балет театрынан бас­таған Ермұрат 2000 жылдан берi Қорғаныс министрлiгiнiң орталық ансамбiлiнде фольклор-этнография тобының көркемдiк жетекшiсi болып қызмет атқарды. Оған қоса Дүние­жүзi қазақтары қауымдастығы жанындағы өнер орталығына да жетекшi бола жүрiп, атажұрттағы және елге оралған ағайындардың ортасында, көптеген мәдени, қайырымдылық шаралардың басы-қасында болды. Елi үшiн өнерiн де ынтасын да аяған жоқ. Артта қалған қалың қазақты елге жеткiзу және орналастыру, бейiмдеу бағытындағы көптеген қоғамдық жиналыс, кеңес, шаралардан қалған емес.
“Жiгiтке жетi өнер де аз” дегендей, Ермұрат бауырым нағыз сегiз қырлы бiр сырлы азамат едi. Оның Абай атындағы опера және балет театрын­дағы “Қыз Жiбек” спек­таклiнде Бекежанның, “Абай”операсындағы Көкбайдың рөлдерiн, М.Әуезов атындағы драма театрында сомдаған “Қаракөз” спектаклiндегi Асан шалдың, “Әли мен Қырық қарақшыдағы” Хасанның, “Қилы замандағы” хабаршының рөлдерi оның актерлiк қабiлетiнiң де бар екенiн аңғартады. Ермұрат тек сазгер ғана емес, өлеңдерiмен қатар прозалық шығармалары да бар ақын, жазушы. Оның алғаш жарық көрген “Сыбызғы сарыны” кiтабы өзiндiк орны бар, талайға ой салған шығармалар жинағы деп айтуға болады. Ермұраттың артында қалдырған ең ауқымды туындысы, барша қазақтың жүрегiне жылылық ұялатып, патриоттық сезiмiн өршiткен тамаша әндерi – “Көк тудың жел­бiрегенi”, “Күнес-ай”. Бұл әндерi туған топырағын жырақта қалдырып, атажұртқа аңтарыла көшкен қайран қазақтың мұңы мен зарын, қуанышы мен сағынышын, ұлттық рухы мен патриоттық сезiмдерiн әйгiлейтiн едi. “Ерiм дейтiн ел болмаса, елiм дейтiн ер қайдан болсын”. Ермұраттың елiм деп шырылдап жүрiп сiңiрген ең­бектерi де жемiсiн бердi. Елi еске­русiз қалдырмады. Әрдайым алақандарында ұстады. “ҚР-ның еңбек сiңiрген қайраткерi” атағын да алды. Алайда ол бұдан да зор ықыласқа лайық деп ойлаймыз. Ермұраттың артында ұрпағы мен өнерi, елiне тарту еткен шоқтығы биiк туындылары, сiңiрген зор еңбегi қалды. «Жақсының аты өлмейдi, ғалымның хаты өлмейдi» деген осы, сiрә.

Мұқан МАМЫТҚАН
Фото: Азаттық

Комментариев нет: