вторник, 21 мая 2013 г.

Ресей қазақтың арасына іріткі салғысы келеді

Жақында ресейлік  lenta.ru  сайтында «Младший жуз. Появится ли на берегах Каспия новое государство?»  деген тақырыпта мақала шықты. Авторы Петр Бологов деген  біреу. 
Негізі  мақалаға  назар аудармай-ақ қоюға болар еді. Бірақ,  алаш баласын іштен ірітуді  көздейтіндердің әрекеттерін әшекерелеп отыруды  маңызды санадық. Екіншіден,  бұл мақала әлеуметтік  желілерде де біраз талқыланды. Жасырып, жапқанмен жұрт біліп отыр.
Шамасы, ресейлік саясаттанушылар мен журналистер  өздерін қазақ тарихының білгірі санайтын болулары керек соңғы жылдары  егемендігімізге қауіп төндіретін  пікірлерді жиі айтады. Жын иектеген В.Жириновскийдің сандырақтарына етіміз үйренген. Ресей мен Қазақстанның интеграциялық  қадамдарының астарынан  Кеңес одағының «жаңа нұсқасын»  көргісі келетіндерді де кездестіріп жүрміз. Ел азаматтары Ресей думасының спикері С.Нарышкиннің  пікірлеріне  нақты жауап беріп, қарсы  уәж де айтқан былтыр.  Бірақ, мына мақаланың болмысы бұрынғы әңгімелерден бөлектеу шықты бұл жолы. Себебі,  күні бүгінге дейін айтылып жүрген әңгімелерде солтүстіктегі  көршілер  интеграцияны  отарлау құралына айналдырғысы келетіндігін байқататын. Ал, мына мақала таза арандату. Елді  іштен іріту үшін жасалған әрекет.  Енді  мақаланың мазмұнына  қысқаша тоқталсақ.
Мақала авторы  ең алдымен Жаңаөзен  оқиғасынан кейінгі елдегі жағдайларға сараптама жасағысы келеді. Айтқысы келгені Маңғыстау түбегіндегі қайғылы оқиғадан соң  еліміздің батысында  орталыққа бағынғысы келмейтіндердің қатары көбейіпті-мыс. Жаңаөзендегі толқуларға  әлеуметтік жағдай ғана емес,  байтақ мекеннің күнбатысын мекен қылған қазақтардың  Каспийдің жағасында  автономия құруға, тіпті тәуелсіздік жариялауға  дейін барығысы келетін  ұмтылыстары әсер етіпті-мыс. Сонымен бірге  қазақтың тарихын бүге-шігесіне дейін білетіндей сайраған автор  қазіргі Қазақстан аумағында  Ресей империясына  қосылғанға дейін  үш мемлекет болғандығын айтады. Ұлы жүз, Орта  жүз және Кіші жүз  біртұтас Қазақ хандығының  құрамдас бөлігі, әкімшілік-территориялық  бөлінісі екендігіне көз жұма қарайды.  Алаш баласын үш мемлекетке  бөліп көрсетеді.  Содан соң Маңғыстауды қоныс қылған адай руы  орталық  билікке ешқашан бағынбағандай қылып көрсетеді.
«Адайлар  ұзақ уақыт бойы қазақ хандарының да,  орыс патшаларының да билігін, кейіннен тіпті большевиктерді де мойындаудан бас тартты (Маңғыстауда 1930 жылға дейін адайлардың  Кеңестерге ешқандай да тәуелділігі жоқ көшпелі бірлестігі болды)  және олардың  тарихы  хиуалықтармен, түркімендермен, ирандықтармен, қалмақтармен казактармен және басқалармен болған үздіксіз соғыстарға толы. Демек, жауынгерлік пен тәуелсіз болуға деген ұмтылысты адайлардан ешкім ала алмайды» дейді. Содан соң, 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісін,  сондай-ақ 2011 жылғы толқуды, саясаттағы ауыс-түйістерді өзінше талайды.  Бізге Жаңаөзен қаласында болған 1989 жылғы көтерілістің тарихы таңсық емес, 2011 жылғы толқулар туралы да азды-көпті  хабардармыз. Бәлкім, ақиқаты әлі ашылмаған шығар, дегенмен  мәселенің  билік пен халықтың арасының алшақтап кетуінен туындағанын  жақсы білеміз. Өзгелері тек қосалқы себептер. Бірақ, айтпағымыз ол емес. Автор ел билігіне араласып  жүрген азаматтарды  туып-өскен өңірлеріне қарай бөліп, солардың қызметтегі ауыс-түйістерінен  рушылдық пен жершілдіктің көріністерін іздейді. Ең сорақысы  Ақорда  төңірегінде,  Үкіметте жоғары  лауазымды қызмет атқарған һәм атқарып жүрген азаматтарды  руларға бөлуге  тырысқан.  Мақалада  «…но в целом в органах центральной власти представители родов и племен прикаспийского региона, по сравнению с выходцами из других областей, представлены крайне слабо» дейді. Қысқасы,   ресейлік автор қазақтардың арасында руға, жүзге бөліну бар екендігін, оның тіпті мемлекеттік қызметте де  байқалып қалатынын  жазады. Шамасы Петр Бологов ел ішінде кездесетін түрлі қауесеттерді  тәуір жинаған тәрізді. Орыстардың  ел ішін іштен іріту жолындағы әрекеттеріне өзіміздің кейбір саясаткерсымақтардың,  әсіребелсенділердің  түрлі жерлерде айтып қалатын  пікірлері, өздерінше жасаған сараптамалары кәдімгідей қолғабыс болып жатыр. Орыс авторы  саясаттанушы  Данияр Әшімбаевтың  пікірін  алға тартады. Сондағысы  «Жаңаөзенге  кезінде біліктілігі төмен, мәдениетсіз, әлеуметтік талаптары жоғары  жұмыс күшін  әкелудің салдарынан толқу туындаған-мыс». Бұл жерде әңгіме тағы да сол оралмандарға қатысты екендігі белгілі. Кезінде Тимур Құлыбаев та,  Ермұхамед Ертісбаев та Маңғыстауға  Өзбекстан мен Түркіменстаннан оралмандардың көп келгенін айтып,  бұқараның билікке наразылығын сонымен байланыстырған болатын. Ал, Данияр Әшімбаев Маңғыстауға жұмыс істеуге барған  өзге өңірдің, соның ішінде Оңтүстіктің қазақтарын да айтқан болатын.   Енді  сол пікірлерді ресейліктер  өзімізді іштен іріту үшін пайдаланып отыр. Мақалада  «Маңғыстау облысын қай жылдары кімдер басқарды?, олардың қайсысы  сол өңірдің тумасы?» дегендей біраз  мәселені талдапты. Ашықтан-ашық  жүзге, жершілдікке бөліп отыр. Абырой болғанда авторға біздің жақтың «пысықтары» Маңғыстау әкімдерінің  нақты руларын айтуды ұмытып кеткен тәрізді. Әйтпесе, ру-румен жіктеп, жіліктеп берер еді. Бір сөзбен айтқанда мақала қазақты іштен іріту үшін жасалған  тағы бір қадам болды. Бірақ,  мәселе  мақаланың жазылуында емес,  осныдай мақалалардың  жазылуына себеп болып отырған жайттарда. Біздіңше, өзге жұрттың қазақ туралы мұндай  формада пікір білдіруіне бірінші кезекті өзіміз  жол ашып қойдық. Ел ішіндегі ұсақ-түйек әңгімелерді,  қауесеттерді әлеуметтік желілерде де,  баспасөзде де айта береміз. Сөз бостандығының сиқы бұл. Аузымызға келгенді айтамыз. Дәлеліміз бен дәйегіміз болмайды әдетте. Екіншіден, биліктің халыққа ашық болмауының да зардабы бұл. Қауесеттерге қатысты  мәлімдеме жасайтын шенеунікті көрген жоқпыз. Өздеріне қатысты әңгіме шықса, бұғып, тасада қалуды қалайды көбі.  Үшіншіден,  біздің саясаттанушылардың «зерттегеннің жөні осы» деп жөн-жосықсыз пікір  білдіруінің салдары. Данияр Әшімбаевты ресейліктердің  дерек көзі ретінде алып отырғаны да содан. Сонымен  бірге  қазақтың тарихының да  әпсаналарға толы болуының салдары бұл. Тіпті, кейбір әпсаналарды қазіргілер де жасап жүр. Әлгі орыс авторы «Қазақстан мұсылмандар одағы» деп аталатын  бүйректен-сирақ шығарып жүрген ұйымның төрағасы Мұрат Телібековтың пікірін беріпті. Ол 2009 жылы бүй депті: «Адайлар адуынды, өр мінезді келеді. Қазір бұл өңір тұрғындарының  экономикалық  жағдайы нашар. Адамдар «алтынның» үстінде отырғанын жақсы  біледі,  бірақ  кедейдің күнін кешуде. Олардың ойынша мұндай әділетсіздік адамдарды шетін қимылдарға  итермелейді…Егер  болашақта  да халықтың жағдайы жақсармаса Батыс Қазақстан   әлеуметтік  толқулардың ғана емес,  сеператистік қимылдардың  ошағына айналуы мүмкін. Егер орталықтың саясаты  өзгермесе Батыс Қазақстан жеке мемелкетке айналады»
Міне,  бұл Мұрат Телібековтың  сөзі. Телібеков Жаңаөзен толқуынан кейін еліміздің батысында тәуелсіз ел құру идеясы өршігенін айтады. Жаңаөзенде   құқық қорғау  органдары қызметкерлерінің қару қолдануы мұндай идеяның туындауына себеп болыпты-мыс.  «Мұндай идеяны Маңғыстау жұрты қабылдай ма? Еш күмәнсіз  қолдайды. Егер  бүгінде  мұнайдың майлы шелпегін барлық қазақстандықтар бөліссе,  Маңғыстау  бөлініп шыққан жағдайда  барлық табыс өздеріне қалады». Бұл Телібеков пен сол сияқты арандатушылардың  ойлап шығарған әпсанасы. Телібековтың  осы пікірлерін  әлгі ресейлік автор берді. «Батыс Қазақстандағы қазақтар жеке мемлекет құру идеясын қолдайды» деген пікірді осылай санамызға сіңіріп жатыр. Сөз жоқ,  мұндай пікір әсіре рушыл һәм жершіл кейбір адамдар үшін майдай жағатыны анық. Олар елдің  көңіл-күйін бұзуға  әжептәуір әсер етеді. Әпсаналардың тағы бір кері әсеріне тоқталайық.
Әдетте адайларды жауынгер ру ретінде бағалайды. Бірақ, қазақтың танымында тек адай ғана жауынгер емес. «Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген тәмсіл бар.  Дегенмен, ел, жер, намыс үшін қазақтың кез-келген жүзінің, руының қыз-жігіттері, қысқасы кез-келген азаматы атқа қонуға бар. Тарих оны талай дәлелдеген. Сондықтан, ерлікті  жырлағанда  елдік мүдделерді естен шығармаған абзал. Біздің осы мақаланы жазуымызға түрткі болған ресейлік автордың мақаласында келтірілген мысалдар елдің өсуі жолында емес, өшуі жолындағы  идеяларды  насихаттап тұр. «Адайлар  ұзақ уақыт бойы қазақ хандарының да,  орыс патшаларының да билігін, кейіннен тіпті большевиктерді де мойындаудан бас тартты (Маңғыстауда 1930 жылға дейін адайлардың  Кеңестерге ешқандай да тәуелділігі жоқ көшпелі бірлестігі болды)  және олардың  тарихы  хиуалықтармен, түркімендермен, ирандықтармен, қалмақтармен казактармен және басқалармен болған үздіксіз соғыстарға толы» дейді. Дұрыс, Маңғыстау  түбегінде  өткен ғасырдың 30 жылдарына дейін  отаршылдарға қарсы күрес тоқтаған жоқ. Бірақ, бұл қазақтың өзге өңірлері бірден  отаршыларға мойынсұнды дегенді  білдірмейді. Орталық пен оңтүстік-шығысты қамтыған Кенесары ханның қозғалысы, Батыстағы Сырым Датұлынан басталып, Исатай-Махамбеттермен жалғасқан арпалыстар. 1916 жылы Жетісу мен Торғайда, 1930 жылдары Шығыс Қазақстанда, Созақта, Арал өңірінде болған көтерілістер , 1940-1950 жылдар аралығында Қытайдағы  Шығыс Түркістан өңірін жайлаған қазақтардың көтерілістері,  бәр де    алаш баласының азаттық жолында тұтас бір майдан құрғанын  көрсетеді. Ал, адайлар сол ұлы майданның батыс шебін қорғады. Өкініштісі біз тарихымызды  елдікке жұмылдыру жолында оқыта алмай  жатырмыз. Керісінше, рулық принциптерді наисхаттау басым әлі. Тағы бір мысал. Әдетте,  өзге  жұрт адайларды ежелден сеператистер қылып көрсеткісі келеді. Алайда,  «найзасының ұшы алтын» делінетін Кіші жүз рулары сеператистер болса Керей мен Жәнібек хандарға еріп, Еділ бойын тастап көшпес еді. Қазақ хандығының шаңырағы көтерілгенде  бүгінгі  Кіші жүзді құраған біраз рулар бір-бір уық болып қадалған болатын. Кейін, Кіші жүз рулары Қасым ханның жасағында болды. Хақназар ханның туының астынан табылды. Сонда  Кіші жүз сеператист пе?
Адайды  басқа қазаққа қарсы қойып отырған орыстардың өз мұрағаттарынан табылған бір дерек бар.  Орыс тілінде ол құжатта  былай делінген:
«1694 г., апреля 4-1696г., июль.-Статейный список  пребывания в Казахской Орде Федора Скибина и Матвея Трошина, посланных из Тобольска для переговоров с Тауке ханом.
Да  в 7203 (1) году, июня в 2 день, пошел из Тургустану (2) войною в трех стах Казачьи Орды владелец Ишак мерген, с татары… И тот вышеписанной Ишак мерген  с воинскими своими  людми в Тургустан при мне не бывали  и суды пошли, про то я не слихал же.
А в нынешным  в 7204 году, октяря в 8 день, вышеписанные татары привезли в Казачью Орду в город Тургустан  тобольского сына боярского Дмитрея Суздалцова связана, и водя по торгу продают.
Санк-Петербургское отделение Архива Российской Академии наук. Список Тобольской архивы. Часть 4. Дело 14
».
Бұл дерек  «Қазақстан тарихы ХҮІ-ХХ ғасырлардағы орыс деректерінде» атты аса құнды еңбекте (3 томдық)  жарияланған. Ғалымдар  бұл деректі Ресей Ғылымдар Академиясы мұрағатының Санкт-Петербург  бөлімшесінде сақталған құжаттардың арасынан тапса керек. Ескі орыс тілінде жазылған мәлімет бұл. Осы тұста ескеретін  бір мәселе құжаттың  түпнұсқасында берілген 7203 және 7204 жылдар деген ұғым көне орыс күнтізбесіне байланысты деректер. Бұл «әлем жаратылғаннан бергі 7203 жәнен 7204 жылдар» деген мағынаны береді, Ал, қазіргі күнтізбе бойынша  бұл 1695-1696 жылдар.  Әрине, бұл деректерді тауып,  көне орыс тілінен аударған, трнаскрипциясын  жасаған тарихшы А.Исиннің   еңбегін айырықша атап өткен жөн. Ал, мұрағаттан табылған деректі 1695-1696 жылдары шамасында Тәуке ханның ордасына келген орыс елшілері Федор Скибин мен Матвей Трошин қалдырғаны  белгілі. Бірақ, біз бұл деректің өзге бір құнды  тұсын қарастырамыз. Ол адайлардың Тәуке ханға бағынып, Қазақ  хандығында  жоғары лауазымды қызметтер атқарғандығы.  Деректегі «Ишак мерген»  адайдың Есек мергені. Есенқұлұлы Есек мерген ХҮІІ ғасырдың  екінші жартысы мен ХҮІІІ ғасырдың  алғашқы жартысында өмір сүрген адам. Біз шамамен солай болжаймыз.  Адайда Маңғыстауға бастап барған тұлғалардың қатарында да  осы Есек мерген  жүреді. Сонда Қазақтың ұлы ханының ордасында қызмет атқарған, үш жүздің қолын басқарған Есек мергеннің руластары сеператистер болғаны ма? Біздіңше олай емес. Адайдың орталық биліктен алыстап, Маңғыстау  түбегіне қарай көшуі Қазақ хандығының стратегиялық жоспарларының бірі болуы бек мүмкін. Өйткені, Түркістан өңірін жайлаған адайлар  ХҮІІІ ғасырдың 20-40 жылдары арасында Маңғыстауға  қарай көшті бастады.  Бұл көшті Ер Шотан, Есболай, Есек мерген, Атағозы, Өмір, Лабақ, Ақпан батырлар бастағандығын тарихшылар әлдеқашан мойындаған.  Мұншама батырлар елді  бастап көшуі үшін  тек екі себеп  болуы мүмкін. Біріншісі, орталық билікпен келіспеу. Бұл болжамды бірден жоққа шығарамыз. Себебі, ел аузында да, жазба деректерде де  мұндай әңгіме әзірге кездеспеді, Екінші жағдай орталықтың арнайы тапсырмасымен елдің аумағын кеңейту үшін көшу. Бұл қисынға келеді. Қазақ та ақымақ емес, ел құрып отырды. Шығыстағы жоңғардың пиғылын, түбектегі түркімен ағайынның ойын, оңтүстіктегі өзбек қалаларының ұстанымын білмеді деуге келмес. Ерте ме, кеш пе бұлардың кез-келгенімен қақтығыс боулы мүмкін екендігін ХҮІІІ ғасырдағы ел ағалары білмеді деу қате. Адайлар да осындай қауып-қатердің  бірінің алдын алуға аттаған жұрт. Әйтпесе, Тәуке ханның  тұсында ордада  беделі жоғары боғлан Есек мерген сынды батыры бар адайлар  шөбі шүйгін, қысы жұмсақ, әулие мен.әмибелі өңір Түркістан төңірегінен көшпес еді. Адай көшінің бастапқы кезеңі 1722 жылдарға сәйкес келеді. «Ақтабан шұбырындыдан» бір жыл бұрын адай баласы Маңғыстауды бетке алған. Кейін, 1740-471 жылдары Маңғыстауға адайлардың ағылуы тіптен күшейген. Оны неміс ғалымы Р. Карутць  жазады. Біз емес, Р. Карутць бір ғасыр бұрын жарық көрген «Среди Киргизовь вми Туркменовь на Мангышлакь»  атты еңбегінде  адайлардың Маңғыстауға  толықтай 1740-50 жылдары орналасып алғандығын айтады бір ғасыр бұрын жарық көрген кітабында.
Мұндай оқиға Абылай хан заманында да қайталанған. ХҮІІІ ғасырдың  60-жылдары Шығыс Түркістанға  қарай көшкен қазақ  рулары ұзақ жылдар жоңғардың қолында болған атамекенді  орталық билікке қарату үшін жылжыды. Шекаралық аймақтарға  қоныстанып, ол жер қазақтікі екендігін  байқатты Қытайға. Қазір Алтайдағы керейлер, Тарбағатайдағы наймандар, Іленің бойындағы албандарға «бұл жер сендерікі емес!» деп көріңіз. Өлсе де келіспейді, өйткені ол жер қазақтың  атамекені. Адайлардың  басындағы жағдай да осындай. Өкінішке қарай, біз оны сеператистік көзқарас ретінде қарастырып кеттік. Саясаттанушылар да, саясаттанушы болғысы келіп жүргендер де  анық-қанығына  бармастан осындай идеяны айтады. Айтпақшы, Абылай хан қайтыс болған соң  қазақта орталық  билік те қалмағанын  естен шығармау керек. Сонда бұрын ұлы хандардың оң жағынан табылған адайлар орыстың қолшоқпары болған хандарға  бағынуы керек пе? Мәселенің осы жағы тағы бар. Біз тарихымыздағы оқиғаларды тек деректер ретінде ғана  сипаттап, астарына үңілмеудің кесірінен  өз арамызда да,  өзегеге де  теріс пікірлер  сіңіріп жатырмыз. Ал, оны Петр Бологов секілділер өзімізге қару ретінде  пайдалануда. «Кіші жүз: Каспий бойында жаңа мемлекет  пайда бола ма?» дейді. Армандамасын, қазақ енді  бөлінбейді.

Амангелді Құрметұлы
“Жебе” газеті, 7 наурыз, 2013 жыл.
Мақаланың газеттегі тақырыбы: “Бөлінгенді бөрі жейді” дейді бұл қазақ” 

Комментариев нет: