воскресенье, 9 июня 2013 г.

Жолымбет Мәкішев. Ресей екі жылдан кейін ыдырайды

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары «2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кетеді» деген болжам жасады. Осы ұйымның сайтында  (http://www.cia.gov) әлемнің алдағы 10 жылдағы даму барысына жасалған жоспарында Орталық Азия республикаларымен шектесетін Ресейді қазір тұрақсыздық жайлағанын және жуық арада бұл елдің іргесі сөгіліп, бірнеше мемлекетке бөлінетіні айтылыпты. Бұған  қазіргі Ресейдің тым тұйықталып, барған сайын экономикалық әлеуетінен айырылып бара жатқаны түрткі болатын көрінеді. Жалпы ЦРУ мұндай болжамдарды 2000 жылдан бері жасап келеді. Алайда орыс саясаткерлері бұған келіспей отыр. Олар: «Ары кетсе, Ресейдің ішкі жағдайы әлсіреуі мүмкін, бірақ БҰҰ-дағы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып қала береді» – деген уәж айтады.
Дегенмен, Орталық барлау басқармасының болжамы Ресейдегі қазіргі таңдағы қалыптасқан  экономикалық жағдайды негізге алып жасалғаны шындық. Қазір іргелес елдің ғылыми, техникалық және адам тұрғысынан алғандағы әлеуеті әлсіреп барады. Ішкі қайшылықтары үдей түскен Ресейде алдағы жылдары ыдырап кетпесе де, үлкен өзгерістердің орын алары сөзсіз. Себебі орасан үлкен территорияны алып жатқан, қазба байлықтары көп бір ғана Сібірдің өзінде Ресей халқының бес-ақ пайызы тұрады екен. Бұл территорияға көз тігіп отырғандар көп. Оған Қазақстанның да қақы бар. Өйткені бұл бір кездері ата-бабаларымыз мекен еткен  аймаққа жатады. Орыстар оны кейін отқарудың күшімен бізден тартып алғаны – талас тудырмайтын тақырып.
Ал Ұлбыританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Сібір сияқты алып аймақтың Ресей сияқты бір ғана мемлекетке қарағаны – әділетсіздік» – деген болатын.  Орталық барлау басқармасының бұл болжамы қазір Ресейде түрлі пікірге түрткі болуда. Үкіметбасылары Дмитрий Медведев бұл жөнінде: «Егер біз елдің элитасын ұйыстыра алмасақ, Ресей біртұтас мемлекет ретінде жойылып кетуі мүмкін. Соңғы жылдары біз елдің бірлігін арттырып, экономикалық өсімнің тұрақтылығына қол жеткіздік. Ал, егер бейқамдыққа бой алдырып, бүлікті бетімен жіберіп алсақ, ол жақсылыққа апармайды. Онда қазіргі Ресейдің ыдырауының қасында Кеңес Одағының тарқауы баланың ойыны сияқты болып көрінуі мүмкін..Оның соңы біздің алыс-жақын көршілерімізге де оңай тимейді..» – деген болатын.
Медведев, сонымен бірге, президент пен үкіметтің барлық күш-жігері қазір Ресейде мемлекетті тиімді басқарып, оның бүгінгі шекарасын сақтап қалуға мүмкіндік беретін күшті саяси және қаржы жүйесін құруға жұмсалып жатқанын айтып өтті. Десек те,  көптеген сарапшылар: «Егер Ресей, шынымен де, ыдырайтын болса, ол солтүстік Кавказдан басталуы ықтимал,» – деген пікір айтуда..Себебі бұл өңір қазір федерациядағы ең тұрақсыздық жайлаған өлкелердің бірі болып отыр..
Тарихқа көз салсақ, әр империяның дамып-өркендеп, кейін тарих бетінен біржола өшіп кететін кезеңдер болады. Тіпті, біржола жойылмаса да, түбінде тулақтай жерге ғана иелік етіп қалады. Адамзат шежіресіне үңілсек, империялардың бірде-бірі 400 жылдан ұзақ өмір сүрмеген екен. Қазіргі Ресей федерациясы да өзінің өмір сүру шегіне жеткендей.. Сондықтан «Оның кәрі қойдың жасындай ғана жасы қалды» деп болжап отырғандардың сөзінде ақиқат бар сыңайлы..

Жолымбет Мәкішев. Қырғыздар орыс тілін қолданыстан алып тастады

Қырғыз премьер-министрі Жантөрө Сатыбалдиев  «ҚР мемлекеттік тіл туралы» заңына айтарлықтай өзгеріс енгізуді көздейтін қаулыға қол қойды. Бұл құжат күшіне енсе қырғыз республикасының конститутциясында осыған дейін «ресми тіл» мәртебесін алып келген орыс тілі қолданыстан алынып, құжаттама жұмыстарының барлығы түгелдей қырғыз тіліне көшеді деген сөз. Іргелес елдің әділет министрлігі қырғыз республикасындағы заңдарды «ҚР-ның мемлекеттік тіл туралы» заңына сәйкестіндіру үшін  алдағы уақытта  барлық ресми құжаттарға  түзету енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай құжатқа ел президенті Алмазбек Атамбаев Наурыз айының басында қол қойған болатын. Қазір аталған заңды алдымен Ресейдің ақпарат агенттіктері қызу талқылай бастады. Өзге мемлекеттің ішкі ісіне жөнсіз араласып жаман үйреніп қалған орыс саясаткерлері бұны «орыстардың құқын бұзу» деп даурығып жатыр. Алайда «ит үреді, керуен көшеді» дегендей, қырғыз билігі  ешнәрсеге алаңдамай  маңызды құжатты қабылдап  жіберді. Бішкектегі саясаттанушы Марс Сариев бұл туралы былай деп пікір білдірді: «Сыртқы саясаттан себеп іздеудің қажеті жоқ, бұл елдің ішкі мұқтаждығынан туған қалыпты шара. Қазір орыс тілін білмейтін ауыл тұрғындарының арасында оппозицияның беделі өсіп барады. Сондықтан олар ұлттық мүддені батыл көтере бастады. Қайда қарасаңызда «Қазір қырғызды орыстілділер мен «жаттілде сөйлейтін» саясаткерлер басқарып отыр» деген пікірді естисіз. Билік үшін бұл қауіпті құбылыс. Сондықтан үкімет оппозициядан бұл бастаманы тартып алып, бірінші болып электораттың көңілін табуға талпыныс жасады». Бұдан өзге қырғыз тілін білмейтін шенеуніктер бұдан былай айыппұл төлейтін болады. Электоратпен етене байланыс орнатуға ұмтылған ел үкіметі қырғыз тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болып отыр.  Енді қырғыздардың бұл бастамасы құдай қосқан көршісі Қазақстанда да қолдау табуы ықтимал. Өйткені заман талабы соған қарай беттеп барады.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ. Орыс тілі теріскейге «ығысып» барады


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен екі мыңыншы жылға дейін Бұрынғы Ақмола қазіргі Астана қаласында жалғыз орыс тілі ғана үстемдік етті. М. Шаханов ағамыздың жанайқайы мен Үкіметтің қазақ тілін дамыту жөніндегі 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы үлкен серпін беріп осы он жылда Астана қаласында орыс тілі мен қазақ тілі теңесті. Өйткені, оңтүстіктің төрт облысы мен батыстың үш облысында, әсіресе облыс орталықтарында жаппай қазақылану жүрді. Бұл осындағы қазағы бар басқасы бар, тек орыс тілін «мойындаған» мемлекеттік мекемелерде істейтін жандарға психологиялық соққы болып тиді. Олар үдере көшіп солтүстік облыстарға, Астанаға қоныс аударды. Астанада орыстар аз қалғанымен басқа өңірлердегі «орыстанған»  қазақтардың шоғыры жиналғандықтан «шалаорыс», «шалақазақ» тілдері өмір сүрді. Қазіргі таңда қазақ тілін дамытудың 2010 – 2020 жылдарға арналған үкіметтің бағдарламасы да орыстанған қазақ пен қазақ тілін мойындағысы келмейтін өзге ұлттарға «жайсыз» тиіп, жылдан – жылға бір тілге яғни қазақ тіліне ауысып бара жатқанымыз сезіледі. Өйткені…
Өйткені біздегі: «Өлсемде қазақ тілін үйренбеймін, орыс тілінде өлемін» деген орыстілді өзге ұлттар мен шалақазақтарға орыс тілінде нан тауып жеу күннен күнге қиындап барады.  Баяғы Астананың өзінде сіресіп тұрған орыс тілінің сіресі сөгіліп, амал жоқ, күн көріс үшін қазақ тілін жаттап үйренуге мәжбүр болуда. Амалы таусылған біразы, қазақ тілін үйренуге арланатын орысы, қазағы, басқасы бар Қостанай, Павлодар, Петропавл, Өскемен қалаларына қарай жұмыс ауыстырып ығысып бара жатқанын көріп отырмыз…
Осыдан екі жыл бұрын, Астананы «қазақыландырған» ол кезде Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы, қазіргі мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазы апайдың пәрменімен Астана қаласының мемлкеттік мекемелері мен мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарын, құқық қорғау мекемелерінің іс-қағаздарының мемлкеттік тілге қаншалықты көшкенін тексергенімізде, төбе шашымыз тік тұрды. Өмір бойы орысша оқыған-тоқыған, қазақ тілін әліпті таяқ деп білмейтін қазақтар мен орыстардың көпшілігі қазақ тілін былай қойып, орыс тілінде іс-қағаздарын сауатты жаза алмайтынына көзім жетті. Етінен өтіп, сүйегіне жетіп, қанына сіңіп кеткен құлдық психология мен надандық жайлаған кейбір қазақтарға орыс тілі не үшін қажет деп ойладым, болса да орыс тілі әлемдік білім, ғылым, жаңа технология тілі емес. Орыс тілінде оқып ешқашан ұялы телефон немесе компьютер ойлап тауып, нарықтық экономиканы меңгере алмайсың. Орыс тілі әлемдік ғылымның, білімнің тілі болса Елбасы ақ тер, көк тер болып «Болашақ» бағдарламасымен шетелге қанша мыңдаған баланы оқытып, миллиондаған теңге төлеп әуре болмас еді. Қазіргі орыс тілі бұдан бір ғасыр бұрынға көркемдігін, құндылығын жоғалтып, анайы көше сөздері ғана халықтың аузында қалды. Сенбесеңіз Ресейлік теледидардағы телесериалдар мен әртүрлі ток шоуларын көріңіз. Оның үстіне қазіргі таңда Мәскеу қаласының өзінде басқа тілдегі шетелдік мектептерден аяқ алып жүргісіз. Орыстардың өзі: «қазіргі орыс тілінде білім, ғылым жоқ» деп балаларын ең соңғы ақшасы қалса да шет елге оқуға жіберіп, өздеріндегі шет тілдегі мектептерге жаппай беріп жатқаны осының дәлелі емес пе? Тұрсын Жұртбай ағамыздың: «Орыс тілі оңтүстікте меңдеп барады» деген сөзін оқып қалдым. Оңтүстікте орыс тілі емес меңдеп бара жатқан, шаласауттылық пен білімсіздік дер едім. Иә, ағамыздың ол айтып жүргені көшедегі жастардың бір-бірімен шалаорысша сөйлегенін естіген. Бұған жастар кінәлі емес, керісінше мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарының басшылары кінәлі. Олардың оқу орындарында тыңғылықты түсіндіру, жастардың көзін жеткізу, ұлтын, тілін, дінін сүюге тәрбиелейтін нақты тәрбие  жұмыстары жүргізілмейді. Сондықтан оларды көше тәрбиелеп отыр. Шымкенттің, Алматының, Астананың көшелерінде, орысша сөйлеп жүрген жастардың орысшасы анайы «көше» тілі ғана. Ол тіл оларға білім, ғылым, жаңа технологияны меңгертпейді, керісінше ақымақтанатын, сауатсызданатын тілде шүлдірлеп жүр. Сол орысша «білгіштердің» кез- келгенінен Есениннің, Лермонтовтың өлеңдерінен, Толстойдың немесе Мамин-Сибиряктың шығармаларынан үзінділер келтіріп бер десең ләм демейді. Ең болмаса орыс тілінде, көркемдеп, мақалдап сөйлей де алмайды. Орыс тіліндегі көркем әдеби, ғылыми кітаптарды түсінбейді. Сөз қорлары өте таяз.
Көшенің қыз-жігіттерін айтамыз-ау. Министрліктегілер мен Астана қаласының мекемелерінде де осы сауатсыздық жайлаған. Бұл қашанғы сақталар екен?

ҚОС АЗАМАТТЫҚ МӘСЕЛЕСІ: дау, жанжал, берекесіздіктің басы

«Қос паспорт болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда!»

Республикалық «жетінші арна» телеканалы өткен қыркүйектің соңғы күні «Солтүстік Қазақстан облысының әділет органдары сол аймақ тұрғындары үшін қос азаматтықты ресми түрде бекітуді сұрапты» деген ақпарат тартты. Іле-шала солтүстіктік әділет департаменті «біз дәл солай дегеніміз жоқ», деп таралған хабардың дәйексіздігін дәлелдеуге тырысты. Анығында, ақпарат дәйексіз, бірақ, негізсіз емес.
Еліміздің Ата Заңында да, «Азаматтық туралы» заңнамада да қос азаматтыққа тыйым салынған. Соған қарамастан, әсіресе, Ресеймен шекаралас өңірлерде екі елдің де азаматтығын алып, қулық асырып жүргендер қатары жетіп артылады. Аталмыш облыста биылғы сегіз айдың ішінде осындай 81 заң бұзушылық фактісі тіркелген. Қылмыскерлер ұсталды, олардың бір басында қос-қостан паспорттары бар. Тартқан жазасын білесіз бе? Бар болғаны – Қазақстан азаматтығынан айырылады!? Мұндай жаза кімді қорқытады? «Қиратқаның осы ма?» деп мысқылдап қойып, тарта береді?! Жоғалтатын дәнеңесі жоқ.
Біреулер айтатын шығар: «мұнда тұрған не бар? Орыс өзіміз емес пе, оларға солай тайраңдап жүру бек жарасады…» деп. Бұл мүмкін емес дүние. 2008 жылы жазда Грузиядағы Оңтүстік Осетияда болған қанды қақтығыс дәл осы қос азаматтықтан, соның ішінде Ресей азаматтығын көптеп алудан басталған. Бөтен елдің тұрғындарын өз азаматы етіп алған Ресей кейін соларды қорғаймын деген желеумен Осетияға әскер кіргізді де, Грузияның әскери базаларын бомбаның астына алды. Бұл сабақ па, сабақ емес пе?!
Ресей азаматтығын алған Солтүстік Қазақстандағы жүзмыңдаған орыс «Қазақтар қысым көрсететін түрі бар, әулие әкелеріміз Петр мен Павел атындағы қаланы «Қызылжар» деп өзгерпек, бүйте берсе күніміз қараң болар…», деп зар қақса, басқа елге әскер кіргізіп дәніккен Ресей қазақтарды аяйды де­генге кепіл бар ма?!. «Қос паспорт болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дегендей, бұларға ерік беріп отырған өзіміз. Солтүстіктің орыстары қос азаматтық алу арқылы: біріншіден Ресейде де, Қазақстанда да еш кедергісіз емен-еркін жүріп-тұрады. Екіншіден – әлеуметтік жәрдемақы, жөргекпұл (өзгесін айтпағанда, Ресейде екінші туған бала үшін 12 мың АҚШ доллары көлемінде жөргекпұл төленеді), мүгедектік жәрдемақы, зейнетақыны екі мемлекеттен қосарлап алады. Көрдіңіз бе, еңбексіз пайданың көзі қайда жатыр?.
Бұл жағдайдың белең алғанына әлденеше жылдың жүзі болған. Қос азаматтығы әйгілі бо­лып, қолға түсіп қалатындар негізінен шекарадан әрлі-берлі жиі өтетіндер. Ал, екі елдің құжатын иеленіп, тегін келген ақшаны шытырлата санап, төбеге шырт түкіріп, тым-тырыс бұғып жатқандар мыңдап табылады. Осыны жалпақ жұрттың бәрі біледі, бірақ Үкімет шара қолданбайды. Оның себебін нақты айту біз үшін қиындау.
Жалпы, еліміздің солтүстік өңірлерінде «қос азаматтық» алу мәселесі жақсы жолға қойылған. Мысалы, ҚР азаматтығынан шығу жайлы өтініш білдірген қазақстандық орыс жеке бас куәлігін өзінде қалдырып, ал, шетелдік төлқұжатына «азаматтықтан шықты» деген жалған белгіні соғып, алып Ресейге жетіп барады. Сол екі орта­да «Төлқұжатымды жоғалттым» деген жалған анықтаманы иеленеді. Сөйтіп, көп кешікпей Ресейдің азаматтығын қабылдайды. Сонымен, Ресейде «қызыл паспортпен», мұнда жеке бас куәлігімен тіркеуде тұрады. Міне, қос азаматтық алудың біз білетін «құпиясы» осы. Мұның құны бар-жоғы 300 АҚШ доллары. Екі елдің арасын­да босып жүрген делдалдың қолына 300 доллар ұстатсаңыз болды, қос азаматтықты иеленіп, екі мемлекеттің жәрдемақылары мен зейнетақыларына сүліктей жабысып жата бересіз.
Осы заңбұзушылықты анықтау күрделі жұмыс па? Заңдық негізге сүйенсек, күрделі түгі де жоқ. Мәселен, азаматтық ауыстырар кезде өтініш бер­ген адамның барлық құжаттарын Ресей біздің елге жіберуге міндетті. Қазақстан жағы түгендеп, са­нап алуға тиіс. Сонда дейміз, жұрттың бәрі білетін аталмыш жағдайға тиісті орган қызметкерлері тосқауыл қоймайтыны түсініксіз?..
Сұрақ көп,  жауап  жоқ
Халық арасында кең етек алған қос азаматтық мәселесі үлкен шенеуніктерді де айналып өткен жоқ. Айталық: ана жылдары Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Кошевойға қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекетке қаржылай зиян келтірді деген айып тағылды. Қылмысы мой­нына қойылар-қойылмастан әлгі әкім орынбасары Ресейге тұра қашты. Соңынан іле қуып барғандар құрқол қайтты. Себебі, А.Кошевойыңыз 1997 жылы-ақ Ресейдің азаматтығын алып қойған болып шықты. Ал, бөтен елдің адамына біздің құрық жетпей қалды. Бір ғажабы, А.Кошевойдың Ресей азаматтығын да заңсыз жолмен иеленгені жайлы ел аман, жұрт тынышта айтылып-айтылып түк шықпаған көрінеді.
Кейде осының бәрі жоспарлы түрде, қаржы жымқыру үшін әдейі ұйымдастырылып істелетін шаруалар сияқты сезіледі. Өйткені, екі-үш жыл бұрын тағы сол Павлодарда қазақстандық бір ірі кәсіпкер Ресей және Германия азаматтығын қатарлай алмаққа әрекеттенді деген күдікпен ұсталды. Тізе берсек таусылар түрі жоқ.
Қысқасы, жоғары лауазымдағы шенеуніктер үшін қалтасына екі елдің төлқұжатын тығып алып, жылмиып жүре беру сәнге айналған сияқты. Енді анау-мынау емес ҚР Әуе қорғаныс күштерінің қазіргі Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Сорокин мыр­за 1994 жылы Ресей азаматтығын қабылдаған екен. Тіпті, ол құжатын 2005 жылы Ре­сей Федерациясының жаңа паспортына айырбастағаны туралы мәлімет бар. Аталмыш мәліметте генералдың Ресейде жылжымай­тын мүлкі, жер телімі бар екендігі, сондай-ақ, өз атында Алматы мен Астана қалаларында қызметтік үйлері бар екендігі де көрсетіліпті. Ең басты айғақ – А.Сорокин мырза 2010 жылы 28 мамырда Астана қалалық Көші-қон поли­циясы басқармасына шақырылып, сол жолы одан Қазақстан Республикасының төлқұжаты мен жеке бас куәлігі тәркіленген екен. Бірақ, екі айдан соң ол азаматтығын қайта қалпына келтіріп, ҚР-ның жаңа төлқұжаты мен жеке бас куәлігін алған. Бұл оқиға жайлы А.Сорокин ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник С.Ә.Жасұзақов мырзаның атына мәлімет жазып тапсырған.
Міне, сенсеңіз де, күмәндансаңыз осы. ҚР Әуе қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысы осындай адам. Қысқасы, ел қауіпсіздігі қос азаматтығы бар тұлғаға сеніп тапсырылып отыр. Сонда бұл қалай болғаны? Сұрақ көп, жауап жоқ!
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

понедельник, 3 июня 2013 г.

Отандық патриотизм дегеніміз не?

Отандық патриотизм дегеніміз не?
Ол – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну
«Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегін айтылмаса керек. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адам­ның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Бүгінде біздің санамызда Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар болып қалыптасты. Сондықтан әрбір қазақстандық өзінің жетістіктерін ту­ған Отанына, еліне арнауы керек дей­мін. Сонда әлгі адамның да, елдің де ме­рейі тасып, әлемдік деңгейдегі бе­делі өседі. Оған кешегі Лондон Олим­пиа­­дасындағы жерлестеріміздің ерлігі дәлел.
Отандық патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отаныңның мүддесін ойлау, туған жеріңе деген адалдық пен азаматтық сезімдер, өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне келіп сыяды. Осылай екенін барлығымыз сезсек те бүгінгі күні республика кө­ле­мінде жастарға басшылыққа алып жұмыс жүргізетін патриоттық тәр­бие беру жөнінде қабылданған мем­лекеттік бағдарламалар мен тұжы­рым­дамалардың жоқ екенін ашық айта аламын.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде жастарға қарата:
«…Мен сендерді, ең алдымен, қа­лып­тасқан тұлғалар, тамаша кәсіпқойлар және шынайы патриоттар тұрғысында көремін. Өз елінің патриоты болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғам­ға қызмет ету», деген болатын.Олай болса, бұған дейін жасалған Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 желтоқсандағы № 1187 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Рес­публикасының азаматтарына пат­риот­тық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталуына байланысты 2008 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік органдар өз білгендері бойынша жоспар жасап, іске асырып келді.
Сонда қалай, ұрпақ тәрбиелеу ісіне 5 жыл бойы осыншалықты жеңіл қарап келгенбіз бе? Сонымен қоса, бүгінде патриоттық нышандарымызға айналған «Астана», «Бәйтерек», «Ақорда», «Алтын адам» сияқты, тағы да басқа құндылықтарымыздың атауларын арақ, темекі сияқты алкогольді өнімдерге беріп жүрміз. Оған барлығымыздың көзіміз үйренді. Бұл саланың қазіргі күнгі жай-күйін мониторинг арқылы саралап алып, мемлекеттік бағдарламаның негіздемесін құрып, жастар арасында негізгі бағыттары бойынша сауалдама жүргізіп қабылдауға қажетті деп табылғандарын тиісті мемлекеттік органдармен келісіп бекіту бүгінгі күннің басты міндеті деп есептейміз.
Осыған байланысты жастар мен жасөспірімдер арасында экстремизм мен терроризм ойларының таралуына жол бермеу үшін Отанға деген құрмет пен өзара сыйластықты, патриоттық сезімдер мен жауапкершілікті насихаттауымыз және рухани тәрбие беруге бағытталған іс-шараларды көптеп ұйымдастыруымыз керек. Сонымен қоса, Отан алдында әскери борышын өтеуге дайын, болаттай денсаулығы бар, шынайы патриот жас ұрпақты тәрбиелеу және жастарымыздың бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, отансүйгіштікке бау­лу мақсатында Білім және ғылым министрлігінің жанынан жақында құ­рыл­ған Жастар ісі комитеті бас болып, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Спорт және дене­шы­нықтыру істері агенттігі қостап ұр­пақ тәрбиесінде кезек күттірмес осы­нау жұмысты тезірек қолға алып мем­ле­кеттік бағдарлама қабылдауымыз қажет.
Еліміздің ертеңі жастар десек, олар­ға дұрыс бағыт-бағдар беру бү­гінгі қоғамда өмір сүріп отырған барша­мыздың басты міндетіміз деп білеміз.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Мәжіліс депутаты.

АРАЛАС НЕКЕ – ҚАЗАҚ Ұлтының болашағына пайдалы ма, әлде зиянды ма?


Деректер не дейді?
Әртүрлі этностар қатар өмір сүріп жатқан қазіргі Қазақстан қоғамында аралас неке болмай тұрмайды. Бірақ аралас неке қазақ ұлтының болашағына пайдалы ма, әлде зиянды ма? Нақтырақ айтқанда, аз ұлттар азулы ұлттардың кең көмейіне жұтылып жатқан мына заманда, бар-жоғы 10 миллионнан жаңа асқан қазаққа аралас некенің берері бар ма екен?.
Осы тұрғыдан ой өрбітсек: 1940 жылы Кеңес Одағы өзінің құрамында өмір сүріп жатқан 130 ұлтқа зерттеу жүргізіпті. «Орыстармен үйленген басқа ұлт өкілдері қанша екен?» деп, санап кеп жібергенде, бірінші орынға Латвия секіріп шыққан да, екінші орында – Қазақстан. Ел басқарған азаматтардың қуаныштан бөркі қазандай болып, бірер жылда Латвияны басып озуға ұмтылыс жасағаны жасырын емес.
Кейін 1950 жылдары тың игеру кезінде елімізде аралас неке күрт өскен. 1940 жылдары 15 пайыздың шамасында болса, 1950-ші жылдардың соңында 23 пайызға жеткен. 1979 жылы дегенде әрбір бесінші неке – аралас неке болыпты. Бір таңданарлық жағдай, 1980 жылдардың аяғында аралас неке күрт төмендеген. Тіпті 9,7 пайызға дейін құлдырап кеткен. Бұлай болуына әсер еткен дүние – елдегі демократиялық өрлеу пен ұлттық сананың оянуы сияқты. Оның сыртында орыстан қатын алған қазаққа көрсетілетін жеңілдіктер (пәтерлі болу, қызметін өсіру) келмеске кетіп бара жатқанын аңғарғандықтан болар біздің алақұйрық азаматтар аттың басын тарта қойған сыңайлы.
Қазір ше? Тәуелсіз Қазақия елінде жыл сайын шамамен 100 мың неке қиылады. Осының 20 пайызы немесе 20 мыңы аралас неке екен. Құдай бұйыртса, кешікпей Кеңес кезіндегі межеге жетіп жығылатын түріміз бар. Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне қарасақ, 18-20 жастағы қазақстандық қыздардың үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді. Бұл бойжеткендердің 50 пайызы қазақ қыздары.
Шетелдік азаматтармен аралас неке құрушылардың 50 пайызы ресейліктердің үлесінде. Келесі орында Қырғызстан мен Өзбекстан. Бұл ағайындар соқа бас жұмыс іздеп келіп-ақ, қалыңсыз қазақ қыздарын құшып жатыр. Тек Астананың өзінде құрылыста жүрген түріктерден туып қалған жиендер жүздеп емес мыңдап саналады. Түріктерге тоқалдыққа тиіп кетіп, басы сыймай қайтып келген қарындастар қаншама.
Міне, біздің қазіргі жағдай осы. 2007 жылы Астана қаласында азаматтығы жоқ тұлғалармен 36 неке қиылса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 47-ге жеткен. 2009 жылдың алғашқы жартыжылдығында 37 неке тіркелген. Бұл сан жыл сайын өсу үстінде
Жиен етін жеп, сүйегін бере ме?
Атам қазақ: «береді» деуші еді. Осы сөзді көзі жетіп, басына тиген соң айтқан сияқты. Дәл қазір Талдықорған қаласында түп тегі сарыағаштық Жанар дейтін жас келіншек Хау-ин дейтін қытаймен бірге тұрады. Шаңырақ көтергеніне 10 жыл. Қысқасы, қытай Хау-ин мен біздің Жанар қыз біреуі қатынын, келесісі байын тәрк етіп қосылып алған. Біздің қыз бұрынғы күйеуінен қалған Нұржан атты ұлын да ерте келген. Қытай елі Хау сияқты шетелдік қызбен үйленген азаматтарына аямай қаржы береді екен, соның арқасында екі жас екі қабат коттедж салып алған. Олар өздерінен туған бір ұлына Жун-го деп ат қойыпты. Бұл әрине, «Қытай елі» деген сөз. Қысқасы екі бала да орыс мектебінде оқиды. Қазақша ләм-мим. Керісінше қытай, ағылшын, орыс тіліне судай.
Сөйтіп, жиендеріміз жиендігін жасап жатыр. Оны айтасыз Кеңес кезінде орыстан қатын алған ардагер ағалардың балалары, орысқа қатын болған апа-қарындастарымыздан туған жиендердің 80 пайызы қазір Қазақстанда тұрмайды. Әсіресе, жиендер 100 пайыз босып кеткен. Алды Америка, Канада, одан қалды Еуропа елдерінде. Оқыған білімін, қарым-қабілетін басқалар үшін жұмсап жатыр.
Қысқасы, жиендерден қайыр жоқ. Мысалы, 1842 жылы Троицк қаласында дүниеге келген орыстың атақты адвокаты Федор Плевако қазақтың қызынан туған дейді. Күллі Ресейдің шаруа-мұжықтарына қамқор болып, сот алдында көшедегі орыс кемпірдің құқын қорғап, жеңіп шыққан осы жиеніміз қазақтың кең даласын қан сасытып, халықты қояндай қырып жатқан отарлаушыларға «өкшең қисық» деді ме? Жоқ, өйткені ол біз сияқты бейшара нағашысын сыйламайды. Қазақ рас айтады. Қазіргі жиендер – етін де жейді, сүйегін де бермейді.
Метистер құрған мемлекет
Аралас некенің шектен тыс көбеюінің салдарынан жеке ұлт немесе ұлттық мемлекеттің жойылып кетуі мүмкін бе?. Әбден мүмкін. Ондай мысалдар әлемде көптеп саналады. Мысалы: өткен ғасырдың басында Испан отарынан азат болған Перу елінде әртүрлі этникалық-әлеуметтік топтар пайда болды. Біріншісі – Перудің титулды халқы – кечуалар. Бұлар барлық халықтың көп пайызын құрады. Екіншісі – отарлаушы испандық креолдар. Барлық билік осыларда болды. Үшіншісі – перулік пен испандық аралас некеден туған – метистер..
Тәуелсіздік алған соң Перудің байырғы халқы дәстүрлі Инк мемлекеті – Тауантинсуйді қайта қалпына келтіріп, Инк империясын жаңғырту идеясын ұсынды. Қысқасы биліктегі креолдар мен халықтың денін құрайтын кечуалар арасында тартыс пайда болды. Осы тартыста аралас некеден туғандар (бізше жиендер) отарлаушы креолдардың жағына шығып кетті (біздегі орыс тілді қазақтың орыстар жағына шығып кеткені сияқты).
Метистер испан тілі диалектісімен сөйледі. Олардың тек тұрмысында, киімінде, жүріс-тұрысында ғана аздаған байырғы сипаттар болды. Ақыры бұл метистер бәрін ығыстырып билікті қолына алды. Бұлардың ықпалының күшейгені соншалық Қытай мен Үнді елінен, көрші Латын Америкасы мемлекеттерінен келіп қоныстанған қауым метистердің жағына шығып кетті. Олар метистің тілінде сөйледі, солардың мәдениетін қабылдады.
Шетелдік алпауыттар аралас некеден туған тасжүрек метистерді Перу халқының болашағы, ұлттың рухы деп көтермеледі. Айналасы жүз жылға жетпей байырғы халық перуандар (кечуалар) құрып кетті. Құрымауға бет алғандары алыс-шалғай тау-тас, орман-тоғайға барып тығылды. Қалалық жердегілер өздерін кечуалықтармыз деп айтуға арланды. жолда аса қатерлі іш ауруына шалдыққан. Кейбір дерек көздері уланған су ішкендіктен болған дейді. Қысқасы әскерлердің 80 пайызы қырылып қалған. Мыңдаған жас әйелдер жесір қалған. Отағасы отан үшін қаза тапқан отбасыларға «көмек» ретінде олардың малын бағып, отын жағып қарайласады деп, үй басына бір-бір жас қытай жігітін жіберген. Жас қытайлар кешікпей жесір әйелдерге үйленіп тынған. Осындай жағдайлардан кейін қазіргі Ішкі Моңғолдың жағдайы түсінікті.
Екі жылдың алдында www. Mglclub. сom /forum7/ ақпарат сайтында жарияланған дерекке жүгінсек: 6 миллионға жуық халқы бар ішкі моңғолдардың этникалық құрамы қатты өзгерген. Қытаймен қаны араласпай таза сақталғаны 1 миллионға жетер-жетпес. Қараңыз: өзінің ана тілі бар, көнеден келе жатқан ұйғыр текті моңғол жазуы бар, ұлан-ғайыр тарихы бар бір этнос аралас некенің нәтижесінде құрдымға бет алды.
1970 жылдан бастап ҚХР-да жүргізілген адам өсімін шектеу туралы саясатқа байланысты ұлты қытай отбасыға 1 бала, қытай еместерге 2 баладан асырмауды заңдастырды. Осыған байланысты қытай отбасылар 1 баласының ер бала болуын қалайды. Жүктілік кезінде қыз бала болса ата-анасы өмірге әкелуден бас тартып, түсік жасату кең етек алған. Сөйтіп соңғы жылдары ұлдардың саны күрт өскен. Қазір 20 жас шамасындағы қыз-жігіттер арасында ұлдардың үлес салмағы 30 миллионның үстінде көп. Бұл сан 2015 жылға қарай 90 миллионға жетеді дейді демограф ғалымдар.
Енді осы 90 миллион қытай еркегі қу тізесін құшақтап қатынсыз жүре бере ме, жоқ. Олар да әйел алып, балалы болуды қалайды. Қатынды қайдан табады дейсіз ғой… Іргесінде Қазақстан дейтін ел бар. Онда қыз көп. Көрінгенге тие береді. Өтірік десеңіз Борат атты кейіпкері бар, ағылшын киносын көріңіз…
Тіпті ресейлік баспасөздерде: «тайгада орыс келіншектермен отасып үлгерген қытайдың қарасы 80 мың-ға жетіпті-мыс» деген ақпарат жүр. Бейресми мәліметтер 30 мыңнан астам қытайлық азаматтар Қазақстанда да тастай батып, судай сіңгенін алға тартады. Жуырда көрші елдің интернет сайттарында алдағы 20-30 жылда Қазақстанда 20 миллион қытайлық мекендейтін болады деген қорқынышты мәлімет жарияланды…
* * *
Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке аз халықты жұтудың жақсы жолы (Сэм Харисон). Еуропада ер адамдардың белсіздігі кең етек алып барады. Оның себеп-салдарын біреулер экологиядан, келесі біреулер тағамнан, үшінші біреулер кәсібіне байланыстырып әртүрлі болжамдар айтқан болатын. Жақында бұл дерттің себебін генетиктер тапқандай. Үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақ белсіздікке ұшырайды екен. Мұндай қорытындыға себеп болған дүние – белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмеуі.
Тіпті мұндай жағдай хайуандарды будандастыру барысында да байқалған. Мысалы: Алтайдың теріскей бетін мекендейтін қазақтар байырғы қол сиыр мен тау қодасын будандастырып «Кәйнік» деп аталатын ірі қараның жаңа түрін тапқан. Ол тұрқы ұзын, сүйекті, аса ірі мал. Бір қызығы кәйніктен бұқа қоймайды, өйткені, оның еркегінде ұрық жоқ.
Сол сияқты әлемде қазынасы бай, қуаты кем этностарды жұтудың бір жолы – аралас неке екендігін зерттеуші ғалымдар айтып жүр.
Ернар ҚАХАРМАН

воскресенье, 2 июня 2013 г.

Ауғанстандағы 'Қазақ ауылынан' - сирек жолжазба...



Мазари Шариф қаласы, Ауғаныстан
Талебан билігі тұсында ата жұртына көптеп көшіп кеткен қазақтың Ауғанстандағы саны соңғы кездері едәуір азайып кеткен. Біразы Қазақстанға оралуды жоспарлап отырса керек. Қайсари Мазар-и Шариф қаласындағы қазақтар тұратын ауданға барып, сондағы қазақтардың тұрмыс - тіршілігімен танысып қайтқан Ауғанстандағы тілшіміз Мохжабін Айдынның әңгімесі.
Мазар-и Шарифтің қазақтар жасайтын ауданына кіріп келе жатырмын. Қазақтарға тән заттар көзге түседі. Бірінші, топырақ басып ойнап отырған балалар түсті назарыма. Бет-жүздері әр түрлі.
Бет-пішіні қазаққа ұқсаған баланы қасына шақырып алып, әңгімеге тартқан кезде, Ісметұлла есімді он үш жастағы бала ауған қазағы болып шықты. Оның екі
әпкесі Қазақстанда жасайды екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын көшіп барған. Оларға үкімет үй-жұмыс берген көрінеді. "Әпкелерімді қатты сағындым" , - деп, ішкі сырымен бөліскен Ісметұлла - "олар қазір Шымкент пен Алматыда саудамен айналысады", - деп мақтанған болатын.
Ауыл көшелерін шарлап, жол бойында Ісмет есімді тағы бір баламен тіл табыстым. Ісмет ауылдағы үйлерді көрсетіп, маған біраз жәрдем берді. Мазар-и-Шариф қалашығында бұл күндері қазақи кескінмен салынған күмбез үйлер аз да болса, сақталған көрінеді.
Басқа жерлерге көшіп жатқан қазақтардың үйлерін көбінше жергілікті өзбек пен тәжіктер сатып алады. Кейін олар сатып алған үйлерін бұзып, өздерінің талғамдарына сәйкес жаңа үйлер тұрғызады.
"Қазақи кескіндегі соңғы үйлер"
Ауылдың бір шетінде, әлі күнге дейін сақталып тұрған осындай күмбез үйлердің бірі жол бойында танысқан Ісметтің үйі екен. Оның Қалбиби есімді қырық жасар анасының барлық ағайын-тумалары бүгінгі күні Қазақстанда жасайды.
Қалбибидің бес баласы бар екен. "Тап қазір, барлығын Қазақстанға көшіріп әкету киынға соғып отыр", - дейді ол. Қалбибі апайдың айтуынша, Қазақстандағы ата-анасы мен туыс-тумалары сәті түскен кезде Қазақстан елін мақтап, қастарына көшіп келуге шақырады. Өзі болса, Қазақстандағы туыстарын жиырма жылдан бері көрмеген екен.
Әбден сарғайып сағынғаны болуы керек, Қалбиби апай өз сырып жасырған жоқ.
"Осындағы қазақтар қалай болғанда да Ауғанстаннан көшіп кетудің амалын іздейді", -деп бастайды әңгімесін ол. "Сонда, туыстарынан еститіндері - Қазақстанға барса үй береді екен, мұсылмандық сақталыпты, және де ең бастысы - ол жерде соғыс жоқ", - деп түйіндейді Қалбиби апай.
Ісмет біздерді Қазақстанға кетейін деп жатқан бір үйге алып барады. Үйін Қазақстанға кетеміз деп сатып үлгерген бұл отбасы қазір уақытша жалға алынған бір бөлмелі үйде тұрып жатыр. Бірақ үйге кірген бойда Мазар-и Шарифтегі басқа үйлерден кездеспейтін өзіндік бір ерекшеліктерді байқайсыз. Ауланың бір бұрышында бірнеше қой тұр, қақпа алдында үрген ит. Үй ішінде әйелдер ескі шапандарды бұзып, жаңадан тон тігіп отыр. Тігін машинкасында тіккенін көріп тәнті боласың.
Ауғанстанға бала кезінде келген сексендегі Жаңыл-әжей қалай және қашан келгенін білмейді, революция болғаннан кейін келгенін айтады. "Қазақтар шапан-тон тіккенімен, өздері кимейді - тон-шапанды өзбек-тәжіктерге сатамыз. Басқа кәсіп болмаған соң, сөйтіп күн көреміз", - дейді Жаңыл-әжей.
Ауғанстан қазақтарының тілі мен киген киімі өте өзбектеніп кеткенге ұқсайды. Бірақ солардың қазақи әдет-ғұрпын, салт - дәстүрін қандай дәрежеде сақтап қалғанын білгім келіп, мен бұрыштағы газ ошағында тамақ пісіріп жатқан Жаңыл-әжейдің келініне қарай бет алдым.
- "Көбінше палау жейміз, бірақ бешбармақты да дайындап, жеп тұрамыз", - дейді келіні.
Мазар-и Шариф қаласындағы базар
Ауғаныстандағы ерлер мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 43 жасты құрайды.

Ауғанстандық қазақтар мінеки бір ғасырдан бері еш бір саяси партиямен бірікпей, елдің әлеуметтік-саяси өміріне араласпай отыр. Бұл жағдайды өздері бала-шағасын оқытпағандарының салдары деп өкінеді.
- Оқымағаннан кейін, сауатымызды ашпағаннан кейін саясатқа-үкіметке қалай араласамыз, - дейді бұл кісі. Өкімет орындарының бұларға мүлде назар аудармай қойған кездер де болған көрінеді.
"Біздер саясатқа араласпағаннан кейін құқұғымыз да жоқ. Арамызда үкімет жұмысына араласып көрген адам да болмаған", - деп күйінеді.
Әсіресе Талебан билігі кезінде Ауғанстан қазақтары ата жұртына Иран немесе Пәкістан арқылы қайтып кеткен. Бүгінгі күні де қалған қазақтар Қазақстанға кетуге барынша әрекетін салып жүр. Әсіресе Қазақстанның шет елдерде жүрген отандастарын қабылдау саясаты оларға үлкен үміт беріп отыр. Саны аз болып қалған барлық қазақтар қазір мал-мүлкін сатып, құжаттарын дайындап жүр.
Кездестірген адамдармен қоштасып, көшеге шығып, топырақ үстінде ойнап жүрген балалардың арасынан бір күні түрі қазаққа ұқсаған бірде біреуін көре алмаспыз-ау деген ой келді. Шындығында да, қазақи күмбез үйлердің орнына салынып жатқан үйлердің шаһардың басқа аудандарындағы үйлерден еш айырмашылығы болмай отыр. Сонда, бұл, "Қазақ ауданы" деген ауданның қазақтардан тек аты ғана қалады деген сөз...